АКАДЕМИКТІҢ КӨЗ ЖАСЫ

604

Отырар ауданының алғашқы әкімі, Оңтүстік Қазақстан, Туркияның Сиваш облыстарының, Түркістан қаласы, Отырар ауданының құрметті азаматы, Ауыл және қаржы салаларының еңбегі сіңген қызметкері, халықаралық «Нағанай би» қоғамдық қорының төрағасы Қанжігіт СЫЗДЫҚҰЛЫМЕН сыр-сұхбат.

         –Қанжігіт Сыздықұлы, Мұхтар Әлиевті қай кезден білесіз? Онымен етене таныстығыңыз қай жылдан басталды?

–Жас кезімізде Мұхтар ағаның есімін еміс-еміс есітіп жүрдік. Оны білетіндер «мықты хирург» деп мақтайтын. Адамның даңқын естіген бір басқа да, бетпе-бет көру, оның арғы жағында қоян-қолтық араласу бір басқа. 1957-1958 жылдары Мұхтар Әлиев Қызылқұм ауданы «Темір»  кеңшарындағы ауруханада бас дәрігер болып жұмыс істеді. Осы «Темір» кеңшарына 1987 жылы директор болып тағайындалдым. Бірде шаруашылықта  шопанның баласы қатты ауырып қалды. Оны аудан, облыс орталықтарындағы дәрігерлерге қараттық. «Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми-зерттеу  орталығына апарғандарыңыз жөн. Біздің шамамыз келмейді» ,–дегенді айтты мұндағылар. Мұхаңның осы ауылда жұмыс істеп кеткенін білеміз, барсақ жылы қабылдар деген оймен Алматыға тартып кеттік. Мұхаң сөзге келген жоқ, науқасты бірден қабылдады. Артынша оған ота жасады. Басқаға сенбегені емес, реті солай болды ма, отаны өзі жасады. Біз сыртта: «Иә, Алла сәтін сала гөр!»– деп күтіп тұрдық. Ота сәтті өтті. Сол жігіт аттай шауып кетті. Енді аудандық, облыстық ауруханалар қабылдамаған науқастың халі қандай екенін іштей сезіп отырған шығарсыз. Сол жігіттің ауру сырын (диагноз) тап басып, бірден отаға кірісіп кетуінің өзі Мұхаңның біліктілігін көрсетсе керек. Мұхтар Әлиев атты атақты хирургпен таныс-білістігім осылай басталды. Ол кісі сөзбұйдалығы жоқ, сұрамасаң жауап бермейтін томаға-тұйықтау жан болып көрінді алғашқы да. Өз шаруасын жақсы білетіні жүріс-тұрысынан да аңғарылып тұрды.

Сөйтсеңіз, сөзге шешен жан ба екен?

–Шешендіктің өзі жұмысын жетік білетін жанның жүрек жылуында жатыр. Біреу шешендікті сөзімен жеткізеді, біреу істеген ісімен аңғартады. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын адамдарды да шешен деп білемін. Осы тұрғыдан алғанда Мұхаң қалай дегенде де өз ісінің білгірі, шешендердің шешені.

1989-1991 жылдары Қызылқұм (Отырар) аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып қызмет еттім. Міне, осы жылдары Мұхаңмен етене араласудың сәті түсті. 1990 жылы ағамыз біздің ауданнан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Сайлау алдында ол аудан тұрғындарымен кездесіп, алдағы жоспарларымен таныстырып жүрді ғой. Сол кезде ағаның жанында болып, оның әңгімелерін естідік. Біртоға көрінген ағамыз іске келгенде оттай жанып кететінін сонда аңғардық. Қандай күрмеуі қиын іс болмасын, шешімін табуға тырысады. Әдемі үйлестіріп, мәселелерді оңтайлы шешеді.  Бұдан оның ұйымдастырушылық қабілетін байқадық. Ағаның 1982 жылы Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі болғанын білеміз. Міне, осы кезде жұмысына әбден ысылған екен. Мұхаң адам жанының арашасы ғой. Ол осы міндетін сайлаушылармен кездесіп жүріп те ұмытқан жоқ.  Сырқаты тыныштық бермей мазалап жүрген кейбір кісілер осындай білгір адам ауылға зәуімен келіп қалғанда қаралғысы келетіні бар емес пе!? Мұндай жаны қысылып жүрген науқастарды көргенде, аға оларға да көңіл аударып жүрді.

Сол жылдары ауданның барлық мәселесі республикалық министрліктер арқылы шешілетін. Солар қуаттаған соң ғана тиісті салаларға қаржы, не басқа да қажет заттар бөлінеді. Міне, осындай ұрымтал тұстарда мен Мұхтар Әлиев ағаның алдына көп бардым.  Кезінде Үкімет мүшесі болғаны бар, білікті дәрігерлігі бар, оны танымайтын жан жоқ. Тіпті, министрлердің өзі ол кісінің ем-домын алған немесе жақын-жұрағатын емдеткен. Әрине, сатысып-санаспайды ғой. Әйткенмен, ағаның үлкен кісілермен жарасымды қарым-қатынасы бар болатын. Мұхаң айтса құрақ ұшып, орындауға асығатын адамдардың көптігіне қуанатынмын.

Біздің аудан мал шаруашылығымен айналысады. Осы малға жемшөп керек. 25 мың гектар суармалы жеріміз бар. Жердің көбі кезінде дұрыс пайдаланбағандықтан, сорланып кеткен.  Яғни, 1930 жылы Арыс өзенін бойлай Шәуілдір, Көкмардан каналдары арқылы суармалы жерлерді  тұрақты пайдаланған. Ауыспалы егіс жүйесін қолданбаған. Тұрақты пайдаланған жерді тыңайтып отыру жағы кемшін.

Сол жылдары Су министрлігі өз алдына дербес болатын. Сол Су министрі Александр Гончаровтан сор шаятын арықтарды (коллектор) тазалауға, тораптық ауыз су құбырын салуға қаржы сұрап бармаймын ба? Бұдан тыс Автомобиль жолдары министрі Х.Ш. Бекболатовтың алдына  Арыстанбаб-Түркістан, Көксарай-Маяқұм, Арыстанбаб-Отырар жолдарын салу, күрделі жөндеуден өткізу үшін баруға тура келді. Ызакөл- Қожатоғай тас жолдарын салу керек болды.  Қазақстан темір жолы басқармасының бастығы Нығыметжан Есенғариннің алдына  «Темір» станциясындағы теміржолшылардың тұрғын үйлері үшін кірдім. Бұдан тыс ауыл су мәселесін шешу, медициналық пунктер салу, шалғай аудан үшін өте зәру мәселе еді.

Кеңестік жүйенің тәртібі ғой, әлеуметтік салалардың мекемелеріне керекті заттар мен бұйымдар да тиісті министрлік арқылы бөлінетін. Денсаулық сақтау министрі Ақсұлтан Аманбаевтың алдына кеңшарлардағы ауруханалар үшін қажетті медициналық жабдықтар, 4 «Жедел жәрдем» көлігін  сұрай бардым. Міне, осы кездері әуелі мен министрлікке тура тартпаймын. Мұхтар Әлиев ағаның алдына сәлем бере кіремін.

Ол кісі менің текке келмегенімді сезіп отырады.

–Иә, не үшін келдің?–деп сұрайды ғой баяғыша.

Ағамыз жайлап телефон көтереді. Арғы жақтағы кісі ағаның дауысын естігеннен бәйек болып қалады.

– Сізге бір адам кіреді. Шаруасын  ретіне қарай шешіп берсеңіз,–деп жайлап қана өтініш айтады. Болды. Бітті. Осы бір ауыз сөздің өзі жетіп жатыр. Қай министр болса да ағаның сөзін жерге тастағанын көргенім жоқ. Бұл оның жан сұлулығынан да шығар деп топшылаймын бүгінде. Ағаның сол қамқорлығының арқасында ауданға 4 «Жедел жәрдем» көлігін алдық. «Темір» станциясындағы 15 теміржолшы баспаналы болды. Бірнеше ФАП, тұрғын үй салынды. Ауыз су үшін көптеген ұңғымалар қазылды.

Сол жылдары Мәдениет министрі Е. Рахмадиев еді. Оған да шаруамыз түсіп барғанбыз. Әрине, үйреншікті жол арқылы. Барсам, министр өзінің орынбасары Әшірбек Сығайды шақыртты.

–Мына кісі сіздің ауылдан келіп отыр. Автоклуб сұрайды. Бізде өзі қанша автоклуб бар?– деп, Әшірбек ағаға қарады.

– Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілісі жиырма шақты болып қалар.

–Мына қызылқұмдық бауырға соның қаншасы тиесілі?

–Біреуі.

–Аз ғой,–деп мен шыр ете қалдым.

–Өзіңіз білесіз, барлық облыстың аудандары бар. Оларға да автоклуб керек.

Не керек, сол жолы біздің ауданға төрт автоклуб бөлінді. Бұл, әрине, Мұхтар ағаның ықпалынан болатын.

–Ағаның туған жерге бұдан басқа да көмектері көп болған шығар?

–Әрине! Отырар шалғайдағы ауыл шаруашылығымен айналысатын аудан емес пе? Екінші тың екпінділерінің, дала қаһармандарының ұл-қыздары көбіне жоғары оқу орындарына түсе алмай жатты. Осыны ескеріп, ағаның алдына тағы бардым. Бұл жолы ол Білім министрі Тұрғанбай Қатаевқа тікелей шықты. Осылай әр жылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарына ауданымыздан 60-100 түлек институт, университеттерге түсіп жүрді. Бұдан тыс техникумдарда 100-150 түлекті оқыттық. Бұлардың барлығы да ауданның білікті мамандары болды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына қал-қадерлерінше үлес қосты.

Мұхаңның туған жерге деген сүйіспеншілігін айтсақ, сірә да ұзаңқырап кетеміз. Әйтсе де айтпасқа тағы болмайды. Өйткені, мұндай жақсылықты әкең де жасамайды. Мұхаң  А.Н Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу орталығының бас дәрігері болып тұрған жылдары жылына екі рет  орталықтың білікті дәрігерлерін ертіп келіп, аудан тұрғындарын медициналық тексеруден өткізетін. Сол сапарларында медициналық құрал-жабдықтарды түгелдей өздерімен бірге ала жүрді. Оның ішінде көшпелі рентген де бар. Экологиялық жағынан нашар аудан болған соң ел ішінде ауыр науқастар да кездеседі. Оларды Мұхаң Алматыға ала кетіп, орталықта емдеп қайтаратын.

Осы жерде бір мысал айтайын. Біржан Дайрабаев деген жас маманның ішкі құрылысынан кінәрат шығып, қатты сырқаттанып қалды. Оны жергілікті дәрігерлер қарап, жазылып кетуіне күмән келтіре бастады. Сәтін салғанда осы тұста ауылға Мұхаң келе қалды. Тексеріп көріп, Алматыға ала кетті. Барған бойда барлық анализдерін алып, бір шешімге келеді. Сөйтіп, отаны өзі жасайды. Бұл 1992 жыл болатын. Біржан содан бері ауылда шапқылап жүр. Балалы-шағалы. Айта берсем, мұндай мысалдар мыңдап табылады. Жә, осымен жетер.

Біз Мұхтар Әлиевтің депутат болған жылдарында бір кісінің жолын кесті деп естиміз. Бұл қаншалықты рас?

–Иә, бұл 1990 жыл ғой. Осы жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне Мұхаң депутат болып сайланды дедім ғой.  Аға туған жерімнен сайлауға түсемін деп шешкен екен. Ал, бұл кезде «Ленин» орденінің иегері, озат аға шопан Оңалбек Бегалиевті жергілікті басшылар депутаттыққа ұсынып отырған болатын. Расында, бұл күтпеген жағдай еді. Кеңес үкіметі кезінде еңбек адамдарының орны да, жөн-жосығы да ерек. Осы тұрғыда Оңалбек аға депутаттыққа лайық еді. Бірақ, ауданға  ықпалы зор дәрігер ауадай қажет емес пе? Оңалбек аға да көргені мен түйгені мол азамат қой. Түсінді. Түсінді де кері шегінді. Есесіне Мұхтар Әлиев өзі араласып жүріп, Н. Назарбаевқа  кіріп, Оңалбек Бегалиевке Социалистік Еңбек Ері деген ең жоғары атақты алдыртып берді. Бұл оның ізеттілігі, көргенділігі, інілік ізеті еді. Сондықтан, Оңалбек ағаның жолын кесті деп айта алмаймыз. Қайта жолын ашты.

–Нұрсұлтан Назарбаевтың атын атап қалдыңыз. Мұхаң құдасымен қандай қатынаста болды? Бұл жөнінен білетініңіз бар ма?

–1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен бірқатар аудандар біріктіріліп кетті. Тиімсіз деп қорытындыланған осы аудандардың ішінде біздің Отырар да бар. Ауданда тоғыз кеңшар болатын. Соның біреуін Алғабас (бүгінгі Бәйдібек) , бесеуін Арысқа, қалғанын Түркістанға қосады екен. Аудан жұртшылығынан бір топ адам Алматыға аттандық. Тарихи жерді талан-таражға салсақ, бабалар рухы алдында бетіміз күймейді ме? Осыны айтып шырылдадық. Мұхаң Президентке кетті. Ауданнан барған делегацияны басқарып барғанмын. Отырарлықтар әлдеқандай болады деп алаңдап отыр. Уақыт мұндайда кешеуілдей береді емес пе? Бір уақытта Мұхаң  біз отырған бөлмеге жарқ етіп кіріп келді.

–Мәселелерін шешілді. Отырар аудан статусын сақтап қалды!–дегенде үстімізден бір ауыр жүк түскендей ауыр күрсіндік.

Бұл да бір тарихи оқиға еді.

–Сөйтіп жүрген құдасына өкпелеген тұсын көрдіңіз бе? Әлде естіген шығарсыз?

–Менің пайымдауымша, Мұхаң құдасына көп бара бермейтін. Барса да сол шақырғанда ғана баратын болса керек. Бір жолы Мұхтар аға ауылға келді. Кәдуілгідей сөйлесіп отырдық. Бір кезде академик ағамыз: «Рахатты таза дәрігер болса деп тілеген едім. Президент оны шетелге өзімен бірге ала кетіпті. Саудагер етіп шығаратын болды»,– деп күрсінді. Күрсініп қана қойса мейлі ғой, көзінен мөлт еткен бір тамшы жас байқап қалдым. Мен: «Қайта сол кісінің жанында жүргені дұрыс емес пе?»– деп қалып едім, ол кісі мұнымды құптамады. Сөйтсем,  Мұхаңның сезімтал жүрегі әлденені алдын ала білген екен ғой. Ол баласының өзі сияқты тек адам емдеумен, сөйтіп халқына қалтқысыз қызмет етуін ғана тіледі. Қай әке баласының адал кәсіппен нан тапқанын қаламайды дейсіз? Мұхаң да сол көп әкелердің бірі еді. Баласы дәрігерлікті қалағанда қатты қуанған ол «осы балам ізімді қуатын шығар» деп ойламады ғой деймісіз? Дариға келін болып түскенде де аса қатты қуанғанын көрмедік.  Үлкен кісімен құда болды ғой, не арманы бар дерсіз! Бірақ, Мұхтар ағалар әріден ойлайтын ғұламалар қатарынан ғой. Ертеңінің жақсы болмайтынын  сол кездің өзінде жақсы білді. Мен жоғарыда ағаның кез келген министрге сөзі өтетінін айттым. Бұл Президентпен құда болғандығынан емес, өзінің бедел-биігінен, зиялылығынан, адамгершілігінен, имандылығынан, білімдарлығынан, алтын қолды хурург бола алғандығынан еді. Мен ойлаймын, бұл кісі Президентпен құда болмаса да, сол құрметін жоғалтпас еді.

1992 жылдың қыркүйек айында Отырар ауданында ағаның алпыс жылдығын атап өттік. Мен ол кезде Отырар ауданының әкімі едім. Академиктің тойын барынша жоғары деңгейде атап өтуге барымызды салдық. Мұхтар Әлиевке сол жолы Отырар ауданының құрметті азаматы деген атақ бердік. Бүгінде аудандағы Темір ауылында Мұхтар Әлиев атындағы мектеп бар. Бұл елдің ықыласы, құрметі!

Иә, құрметтің де құрметі бар.  Ал, құрметтің шыңына шыққан Мұхтар ағаның жолы да, жөні де бөлек қой…

 

Сұхбат алған Көпен Әмірбек