ШЫМКЕНТТЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ӨКІЛДЕРІ МЕН СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДА АШЫҚ ДИАЛОГ ӨТТІ

17

Шымкентте құқық қорғау органдары өкілдері мен жоғары оқу орындарындағы студенттік ұйым жетекшілері арасында құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында кездесу өтті. Шараға Шымкент қаласы прокуратура аппаратының басшысы Шынар Қаршығақызы, Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Бағлан Мырзабаев, Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Әлжан Дінислам, сондай-ақ 40-тан астам белсенді жас қатысты.

Мамандар белсенді студенттерді жинап, азаматтық жауапкершілік, заңға бағыну мәдениеті және қоғамдағы тәртіпке қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жастардың құқықтық сауатын көтеру, қылмыстың алдын алу және қоғамдағы тәртіпті күшейту мәселелері қаралды. Спикерлердің айтуынша, қазіргі жастар құқықтық сауаттылыққа бет бұрып келеді, алайда жастар араласқан қылмыс деңгейі әлі де алаңдатарлық.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 184 қылмыстық іс тіркелген. Оның 6-ы сотқа жолданған. Солардың ішінде ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар алаяқтық – 57 іс және ұрлық – 43 іс. Есірткінің заңсыз айналымы – 10 іс. Алаяқтықтың басым бөлігі интернет арқылы жасалған. Тауар жарнамасы арқылы алдау, жалған инвестиция, банк қызметкерінің атын жамылған қоңыраулар әлі де тыйылмай тұр.

Мәселен, «Л» есімді қала тұрғынына өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адам қоңырау шалып, «тексеріске жазылу» деген желеумен 1414-тен келген құпия кодын сұрап алып, 1,2 млн теңгесін жымқырған. Қазіргі таңда іс тергелуде. Полиция департаменті өкілдері тұрғындарды құпия кодтарды ешкімге бермеуге шақырды. Сонымен қатар көпқабатты үйлердің кіреберістерінде қалдырылған велосипед, бала арбаларының ұрлығы да көбейген.

Құқық қорғау органдары тұрғындарға жеке мүлікті қараусыз қалдырмауды ескертсе, кедесуде жастарға «ұрлық түбі – қорлық» екені ескертілді. Прокуратура басқармасының прокуроры Әлжан Дінислам жастардың құқықтық білімін арттырудың маңыздылығына тоқталды.