ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕГЕ ШЫҒУЫНА ЖОЛ АШАДЫ

261

 Тіл тазалығы ұлт тазалығы деп білеміз. Тіл тазалығы үшін күрес ғасырлар бойы жалғасып келе жатқаны аян. «Мың өліп, мың тірілген» деп жырлаған ақын Жұбан Молдағалиев халқымыз қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірсе де, қазақ тілінің сақталуы үшін жанын сарп еткенін жеткізе келе ана тілін аса қадір тұтуымызды аманат етеді. Ал қазіргідей жаһандану зама­нында ана тіліміздің болашағына, таза­лы­ғы­на ерекше мән беру, саф алтындай сақталуы, елдігіміз бен егемендігімізді айқындау үшін латын әліпбиіне көшудің маңызы зор дейді білікті тіл мамандары мен ғалымдар. Осы орайда Ясауи университетінің оқытушысы, филолог Гүлімжан Жылқыбаймен аталмыш мәселе жөнінде сұрап қалудың сәті түскен еді.

—        Гүлімжан апай, әрқайсымыздың ойымызда «ерте ме, кеш пе, латын әліпбиіне көшеміз, соған дайындала беруіміз керек» деген мәселе жаңғырып тұрғаны жасырын емес. Бұл біздің елдігімізді, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білеміз. Осы ойымыздың жүзеге асуы үшін не істеуіміз керек?

—        Ия, тұңғыш президент Н.Назарбаев кезінде 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын әліпбиіне көшіру қажеттілігі жайлы айтып өткен болатын. Бұл біздің халқымыздың тәжірибесінде болған жәйт. Яғни, латын графикасына негізделген жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылғаны баршамызға белгілі.

Ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деп айтып өткеніндей, бұл еліміздің тарихында жасалып жатқан ең маңызды қадам. Кездесер кедергілерден тайсалмай, бұл қадамды жасар болсақ, қазақ елінің алпауыт елдер қатарынан табылуына, заманауи өзгерістерге ілесіп, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып, жетістікке алып келері даусыз ер едім. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу тіліміздегі дыбыстық жүйелерді жіті анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде қолданыстағы артық кірме сөздерден арылтуға септігін тигізеді деп ойлаймын.

Бүгінде Тіл саласының білікті мамандары латын әліпбиі негізінде жасалған қазақ әліпбиіне қатысты жасап жатқан жобалары қызу талқылануда. Солардың бірі филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбектің: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды» деген пікіріне жүгінсек, тілге деген түпкі жанашырлықты сезіне отырып, мұндай маңызды қадам ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына, қазақ тілін жаңғыртуға, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатынына үміт арттырады.

 

—        Десе де, таяқтың екі ұшы бар сияқты, латын әліпбиіне көшеміз деп керісінше қатеден көз ашпай, яғни әр түрлі таңбаны қойып, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп өсіп келе жатқан буынды шатастырып, кереғар қайшылықтар кездесіп, трагедияға ұшырап қалмаймыз ба?

—        Бұл мәселе алғаш көтерілгеннен іш тартып, бойымызды қорқыныш билегені рас. Алға ұмтылған адам үшін алынбайтын асу жоқ, оның үстіне қандай қиындық кездессе де, еңсере білген төзімді халықпыз ғой. Ал қазіргідей отандық ғылым-білім саласы қарыштап дамып жатқан сәтте аталмыш өзгеріс аса ауыр бола қоймас деген үмітіміз бар. Қазіргі таңда біз психологиялық дайындықтан өтіп жатырмыз. Мысалы, көшеде түрлі мекеме, мейманхана т.б. атаулары латын тілінде жазылып, көзіміздің үйреніп қалғанына да біраз уақыт болды. Ал енді жастардың латын әліпбиіндегі қазақ жазуын дереу меңгеріп алатыны да белгілі. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін жылдам қабылдайтыны анық. Жаңа латын әліпбиі қолдануға өте ыңғайлы болатынына, әлемдік жаңа технологияларға бейімделетініне сенім артамыз.

Айта кететін, басты нәрсе латын графикасында бірізділіктің, оған өтудің оңы мен солын саралап алудың маңызы өте зор. Соған талдау жасап, мәтіннің дыбысталу деңгейін, байланыс заңдылығын меңгеріп алғанымыз абзал. Екіншіден, кейбіреулер компьютер арқылы барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болады дейді. Бұлай жасауға әсте болмайды. Барлық оқулықтар мен әдебиеттер ұрпаққа сапалы түрде аударылып жеткізілгені аманат секілді дүние. Осы мәселенің төңірегінде латын әліпбиінің түрлі нұсқадағы бірнеше жобасы тілші-ғалымдардың, әдебиетшілердің, жалпы жұртшылықтың назарында, яғни қыруар жұмыстар атқарылуда. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия тарапынан жаңа әліпбиді енгізудің кезеңдері нақтыланып, әр кезеңнің мақсаттары мен міндеттері белгіленгеннен кейін де жүйелі жұмыстар атқарылса, аса қиындықтар туындамас деп ойлаймыз.

 

—        Жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындайтын, каллиграфия пәнін оқытатын уақыт жетті деп ойлайсыз ба?

—        Жоғарыда айтып өткеніміздей, латын әліпбиіне көшу бұл дұрыс таңдау. Бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Тәуелсіздік алғалы латын әліпбиіне көшкен туыстас елдердің тәжірибесі ескерілді. Осылайша ой елегінен әбден өтіп, тәжірибеге сүйенген бұл процестің кезең-кезеңімен жүзеге асқаны орынды деп шешім қабылданды. Тұңғыш президент кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құруды, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етуді, бұл жөнінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы орайда тіл маманы ретінде еліміздің білім мекемелеріндегі педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын «Латын әліпбиін оқыту» орталықтарының ашылғаны артық болмас деп ойлаймын. Сондай-ақ әр облыстан осы орталықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін латын негізді қазақ әліпбиін оқыту орталықтары да қажет. Ендігі кезекте Мемлекет басшысы айтқандай ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілсе құба-құп. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандарды көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.

—        Әңгімеңізге рахмет!

НЕСІБЕЛІ ИМАНҚҰЛОВА