ШЕБЕР ХАНЗАДА
Құрақ тігу – қазақ қол өнерінің бірі. Ұзатылған қыздың жасауына құрақ көрпе, көрпеше, жастық қосқан. Жаңа түскен келіндерге арнайы құрақ көрпеше тіктірген. Яғни құралсын, көбейсін, өсіп-өнсін деген ниеттен туған. Бұл өнер қазіргі заман талабына сай қайтадан қолға алынып келеді.
Құрақ тігумен айналысып, үйінде кәсібін дөңгелетіп отырған жандар да жоқ емес. Осындай өнерді дамытып жүрген Темірлан ауылының тұрғыны — Бәкірова Ханзада. Ол Қырғызстан мемлекетінде туылған қырғыздың қызы. Кейіпкеріміз қазақтың жігітіне тұрмысқа шығып, 5 перзент сүйген көпбалалы ана. Ол құрақтың түр-түрімен қоса, көрпе жастықтар тігуге үйінен тапсырыс қабылдайды.
— Құрақ тігу ептілікті, төзімділікті қажет етеді. Кішкентайымнан тігін тігуге бейім болып өстім. Ептілігімнің арқасында құрақ құрап үйрендім. Әр құрақтың өзіндік мәні, мағынасы бар. Мата таңдағанда да кез келгенін ала салуға болмайды.
Арнайы құраққа арналған маталарды таңдаймын. Түстері бір –біріне үйлесетінін тауып, жасаған дүниең ажарлы болып көріну керек. Кейде тапсырыстарым көбейген кезде түнімен отырып тігетін кездерім де болады. Бұл кәсібім өзіме ұнағандықтан ерінбеймін, шаршамаймын. Қызым 12 жаста. Үй шаруасына сол көмектеседі. Оны да осы кәсіпке үйретіп жүрмін. Маталарымды кесіп беріп, көмектеседі. Қыз баласы жан-жақты болу керек. Одан ешқандай қиыншылық көрмейді,- дейді кейіпкеріміз.
Ханзада бізбен қоштасарда:
— Қырғыздың қызы болсам да қазақ елінің келіні болғаныма мақтанамын. Қазақ елі менің екінші Отаным. Салт-дәстүріміз де ұқсас. Ұрпақтарым қазақтай дарқан елдің ұрпағы екенін мақтаныш еткенде мен де солармен бірдей масаттанып отырамын. Тәуелсіз еліміздің өсіп, өркендеуіне үлесімді қосқаным үшін де өзімді бақытты анамын деп санаймын, — деді.
Айнұр Қожагелдиева.