КІТАПХАНАШЫЛАР БАБАЛАР ІЗІМЕН

425
Түркістан облысында киелі жерлер көп. Өңірдің әр ауданында аңыз болып тараған әулие-әмбиелер жатқан жерлер мен ескерткіш, кесенелер де жетерлік. Өңірде сонымен қатар табиғаты тамаша көрікті жерлер мен аңыз ретінде танылған киелі орындар да бар.
Осыған орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы кәсіподақ ұйымының ұйым­дастыруымен киелі жерлерге саяхаттап қайтқан болатынбыз. Біздің ұжым жыл сайын бабалар ізімен көптеген жерде болды. Тек өткен жылы әлемге тараған індетке байланысты шыға алмадық. Қазіргі таңда елімізде ахуал тұрақталғандықтан саяхатқа шық­қан едік. Солардың арасында көпшілік біле бермейтін жерлерді таныс­тыруды жөн көрдік. Ол жайында газет оқыр­мандары да хабардар болсын дедік.
Ұжымның таңдауы Баба түкті Шашты Әзіз әулие кесенесіне түсті. Сонымен ниеттеніп, ертелеп жолға шықтық.
Созақ ауданындағы қасиетті кесене Жылыбұлақ маңында орналасқан екен. Кесене ғимараты іргетас үстіне күй­дірілген кірпіштен қаланған. Оның әрбір кірпішінің өзі қасиетті деседі аңыздарда.
Құнды саналатын тарихи мұнара­лардың бірі — Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі бүкіл қазақ жұрты қиын кезеңде табынатын, жауға шапқанда ұрандататын киелі әулие болған. Күш атасы Қажымұқан додаға түскенде: — «Уа, әруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр»-деп сыйынған.
Кесене шырақшысының айтуынша, құрсақ көтермей, балаға зар болып жүргендер осында тағзым етіп, Алла тілегін қабыл еткен жайттар да аз емес деседі.
Шырақшының ай­туынша, тағы бір аңыз бар: кесенеге келушілердің бәрі бірдей дұға ете ал­майды. Қара ниетті адамдардың көзіне жылан көрініп, үркітіп, ішке кіруіне тосқауыл болады деді.
Баба түкті Шашты Әзіз — қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне. Ол туралы көптеген аңыздар бар. Халық ара­сындағы аңызда ол су жаға­сында намаз оқып отырып, үш пері қызын көреді. Намазын бітірген соң, әлгі үш қыздың біреуінің қолынан ұстайды. Қыз суға сүңгиді, әулие де сүңгиді. Ақырында Баба Түкті Шашты Әзіз соған үйленеді.
Қыз үш түрлі шарт қояды: аяқ киімімді шешкенде аяғыма қарама, киімімді шешкенде қолтығыма қарама, шашымды жуғанда, төбеме қарама. Алайда, Баба Түкті Шашты Әзіз әлгі үш шартты бұзады. Оны сезген пері: «Ішімде алты айлық балаң бар! Соны мен Көк дария жағасындағы Құмкент деген жерге тастап кетем, іздеп тауып ал!», – дейді де, аспанға ұшып кетеді. Баба Түкті Шашты Әзіз уәделі жерден құндақтаулы нәрестені тауып алады. Айдалада туғандықтан есімін «Едіге» қояды. Қазақ шежірелерінің кейбір нұсқаларында ол Маңғыт руынан деп айтылады, Едігенің осы рудан шыққандығы негіз етіледі. Баба түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген бұлтартпайтын дерек жоқ.
Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған. Қазақ фольклорында ол әулие кейпінде суреттеледі. Батырлар жырында бас кейіпкерлер қиналған кезде демеуші, аян беруші әруақ тұлғасында бейнеленеді.
Бұл ғажап кесененi осы елдiң тумасы Нұрсадық Ергешұлы Нұрлыбаев және оның бауырлары өз қаражатына салып шыққан. Жаңа кесененi жобалағандар — Өзбекстан Республикасының еңбек сiңiрген сәулетшiсi Анвар Кадыров. Дизайнерi — Оңтүстiк Ашық университетiнiң профессоры Хайтов Бөлiқұл.
Құрылыс жұмысын Самарқаннан арнайы келген азаматтар жүргiзген екен.
Бабаның кесенесі маңында киелі бұлақ бар. Сол бұлақ суына басы, ішек құрылысы ауыратындар қасиетті сумен беттерін сипап, шомылып, шипа тілеп жатты.
Міне, осындай әулиелі жерде болған біздің ұжым Баба түкті Шашты Әзіз бабаға арнап құран бағыштап, дұға жасап, тілек тілеп қайтты.
Гүлнәр СҰЛТАН,
аудандық отралықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы.