СОЗАҚТА АУДАН ӘКІМІНІҢ КУБОГЫНА АРНАЛҒАН ШАХМАТ ТУРНИРІ ӨТТІ

Созақ ауданында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында аудан әкімінің кубогына арналған шахмат турнирі өтті. Сайыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз алып, турнирдің маңыздылығына тоқталды. Додаға ауданға қарасты ауылдар мен елді мекендерден 100-ге жуық жасөспірім қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санат бойынша сынға түсіп, үздік ойыншылар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің кубогымен, медальдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Турнир — балалардың жан-жақты дамуына, интеллектуалдық дағдыларын шыңдауына бағытталған. Сонымен бірге, спорттық бәсекелестік арқылы оқушылардың табандылық, төзімділік және жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырады.








