АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

28

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың төрағалығымен аппарат отырысы өтті. Жиын барысында қаладағы энергетикалық жүйені жаңарту бойынша аралық қорытындылар, алдағы жылға арналған басым жобалар және Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің 2025 жылғы жұмысының қорытындылары, сондай-ақ, цифрлық отбасы картасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың мәліметінше, Шымкентте 2025 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 28%-ға өсіп, 450–500 МВт/с дейін жетті (шарықтау кезеңдерінде – 550 МВт/с дейін). Бұл өсім қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқынына байланысты болып отыр.

Тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында сегіз жоба жүзеге асырылуда, олардың ішінде «Ақжар» қосалқы станциясын қосу және өнеркәсіптік аймақтар мен дамып келе жатқан тұрғын алабтарға жаңа желі тарту жобалары бар. «Ақжар» қосалқы станциясы толық іске қосылған соң қаланың оңтүстік-батыс бөлігін тұрақты электрмен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, 2026-2028 жылдар аралығында тағы сегіз қосалқы станция мен қуаттылығы 500 МВт газ-турбиналық қондырғыны жеке инвестициялар есебінен салу жоспарлануда. Жобаның іске асырылуы қаладағы электр энергиясының тапшылығының орнын толық толтыруға мүмкіндік береді.

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы міндетін атқарушы Төрехан Дауытовтың айтуынша, 2025 жылғы 31 қазандағы мәлімет бойынша қалада 43 034 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Он ай ішінде медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімдері 13 мыңға жуық азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетті.

Заңнаманы сақтау бойынша 45 тексеру жүргізіліп, тәртіп бұзғандарға айыппұл салынды. 277 жоспарлы нысанның 147-сі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген. 20 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының барлығы лицензияланып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 84,8%-ы техникалық оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, 2025 жылдың басынан «Цифрлық отбасы картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде 69 382 отбасы «Дағдарыс» (D) және «Шұғыл» (E) санаттарынан «Жақсы» (А) және «Қанағаттанарлық» (В) санаттарына көшіру жоспары бекітілген. Бұл 64 525 отбасының көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта басқармалардың және аудан әкімдіктерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде цифрлық картаның «Дағдарыс» және «Шұғыл» санаттарында 60 899 отбасы қалған. Бұл көрсеткіш бекітілген жоспармен салыстырғанда 3 626 отбасыға төмендеп, жоспарлы орындаудың 6%-ға артқанын көрсетеді.

Қала әкімі кеңестің қорытындысы бойынша инфрақұрылымды одан әрі дамыту, халыққа әлеуметтік қолдауды күшейту және цифрлық шешімдерді енгізу бойынша нақты тапсырмалар берді.