Бірлік пен келісім – тұрақтылықтың негізі

6

Түркістан қаласындағы бірлік пен тұрақтылық — бұл өңірдің тарихи, мәдени, рухани ерекшеліктерімен тығыз байланысты ұғым. Түркістан — қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртының рухани орталығы болып саналады. Оның тарихи миссиясы мен қазіргі дамуы қоғамда тұрақтылық пен ұлтаралық бірлікті нығайтуға зор ықпал етеді. Түркістанда қазақтармен бірге өзбек, тәжік, татар, орыс, күрд және басқа этнос өкілдері бейбіт өмір сүреді. Бұл ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен толеранттықтың нәтижесі. Түркістанда ислам діні басым, бірақ басқа дін өкілдері де еркін өмір сүреді. Қалада діни радикализмге жол берілмейді. Имамдар мен дін қызметкерлері халықты рухани келісімге шақырады. Бүгінде Түркістан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан ауқымды шаралар бар, соның ішінде, «Спорт – достық алаңы!» атты этнос жастары арасындағы спорттық турнирлер
Патриоттық және интеллектуалды тележобалар, пікір‑талас, қонақтарға арналған реалити‑шоулар өткізілуде.

Қазақстанның егеменді ел ретінде дамуы оның ішкі тұрақтылығы мен халық арасындағы бірлігіне тығыз байланысты. Елдің стратегиялық мақсаттарына жету жолында әділдік, ынтымақ, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар маңызды рөл атқарады. Осы құндылықтар елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының негізін құрайды. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Онда көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт өмір сүруде. Елдің бірлігі мен тұрақтылығы қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықтың басты негізі болып табылады. Қазақстандағы тұрақтылықты сақтау үшін мемлекет көпұлтты қоғамды біріктіретін саясатты қолдайды. Осы саясаттың аясында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған қоғамдық ұйымдар көп шаралар атқаруда. Бұл бірлік пен тұрақтылық елдің дамуына әсер етіп, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Тұрақтылық дегеніміз – елдің саяси және экономикалық жүйесінің тұрақтылығы, қоғамдық тәртіптің сақталуы, заңның үстемдігі және азаматтардың құқықтарының қорғалуы. Қазақстандағы тұрақтылық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасайды, инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Елдің тұрақтылығын сақтау – әрбір азаматтың міндеті.

Әділдік – кез келген қоғамның маңызды қағидаты. Қазақстанда әділдік принциптері құқықтық жүйеде, саяси шешімдерде, және күнделікті өмірде орындалуы тиіс. Әділдік азаматтардың құқықтарын қорғау, әркімге тең мүмкіндіктер беру және әлеуметтік әділеттілік орнату арқылы жүзеге асады. Әлеуметтік әділдік ұлттың бірлігін нығайтады, себебі ол қоғамдағы алшақтықты азайтып, әр азаматқа құрмет пен қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Кейінгі кезде қоғам кез келген әділетсіз шешімнің, не, билік, не қоғам өкілдерінің әділетсіз әрекеті қоғамға шырпы сияқты әсер етуі мүмкін екендігін көрсетіп отыр. Себебі, біз Жаңа Қазақстанды «Әділетті Қазақстан» деп жарияладық. Енді, осы ұстанымдағы халық та кез келген әділетсіздікке төзімсіз болатындығын ашық көрсетуде. Бұл – шынайы демократиялық қоғамға бет бұрудың бір көрінісі. Ынтымақ – қоғамның біртұтастығын сақтайтын, әртүрлі топтарды ортақ мақсатқа біріктіретін құндылық. Қазақстанның көпұлтты және көпмәдениетті қоғамында ынтымақ пен өзара түсіністік ұлттар арасындағы татулық пен тұрақтылықты нығайтады. Ынтымақсыз қоғамда алауыздық пен қайшылықтар пайда болуы мүмкін, сондықтан мемлекет әрдайым бірлік пен келісімді сақтауға ұмтылады. Бір жақсысы, қазақ қалқы өзінің төл табиғатынан ынтымақшыл халық болып танылған. Халық осы қасиетін әлі де көздің қарашығындай сақтап келеді. Алайда, ол өзге тараптан, әсіресе, билік тарапынан қолдау таппаса – қазақтың «Төзімнің де шегі бар» дейтіндей асау халыққа айналып шыға келетіндей де бір мінезі бар екенін ескеру қажет…

Сенім – қоғамның дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі элементі. Азаматтар өз мемлекетіне, үкіметіне, және бір-біріне сенім артуы қажет. Сенімсіз қоғамда әлеуметтік кернеу, наразылықтар және қақтығыстар туындауы мүмкін. Қазақстандағы сенім мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Мемлекет азаматтардың құқықтарын қорғап, әділдікті қамтамасыз еткен кезде, халықтың оған деген сенімі артады. Жалпы, Үкіметтің өз Халқына сенім артпауына еш негіз жоқ. Өйткені, оның атқаратын қызметінің мақсаты да Халық. Ал, керісінше, Халықтың өз Үкіметіне сенімін білдірмеуі – ол демократиляқ бағыттағы қалыпты жағдай. Керісінше, үкіметтің оған «өкпелеуге» еш қақысы жоқ – оған бейбіт жолмен қызметінен кете салу ғана керек. Жауапкершілік – қоғамның әрбір мүшесінің өз міндеттерін орындау қабілеті мен дайын екендігін білдіреді. Бұл тек үкімет пен мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың өз отанына, қоғамға және отбасына деген жауапкершілігі бар. Жауапкершілік мемлекет пен қоғамның дамуына үлес қосып, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазақстанның бірлігі мен тұрақтылығы, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауапкершілік – елдің тұрақты дамуы мен гүлденуінің басты тіректері. Бұл құндылықтар елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін нығайтып, қоғамның әл-ауқатын жақсартады. Қазақстанның болашағы осы құндылықтарды сақтау мен нығайтуға тікелей байланысты. Әрбір азамат осы құндылықтарды қолдап, олардың дамуына өз үлесін қосуы тиіс.

Көпұлтты мемлекет әрқашан достық пен татулықтың үлгісіне айналуы қажет. Бұл тұрғыда талай ұлт өкілдеріне пана болып келе жатқан еліміз жалпыұлттық тұтастықты нығайту жолында жұмыс істеп келе жатқан саяси институттардың жұмысын лайықты бағалап келеді. Жүзі басқа болғанмен жүрегі бір отандастардың ортақ үйіне айналған елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының тұрақты жұмыс істеп келе жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Міне, биыл сол саяси құрылымның ХХХІІ сессиясы өтіп отыр. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, елімізде түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Атап айтқанда, саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасты. Ауқымды өзгерістер барысында Ассамблеяға баса мән берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды.
Президент сондай-ақ Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарғанына назар аударды. ҚХА барлық этносты мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне жұмылдыруға ықпал етті.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңа жалпыұлттық бірегейлік қалыптасқанын айтты. Президенттің пікірінше, біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы.
– Қазақстан паспорты біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтарды бейнелейді. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорттық жарыстарда және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын, біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент біздің қоғамды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп санайды. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Оның айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды рөліне тоқталып, осыған орай этносаясат мәселесіне байыппен қарау керек екенін атап өтті.
– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін білемін. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керек. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Сессия барысында Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіндегі бірқатар басымдықты айқындап берді. Атап айтқанда, Президент бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау керектігін жеткізді. Мұның барлығы Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы үшін қолға алынуы тиіс маңызды міндеттер. Сол жолда жұмыла білу маңызды болмақ.