КЕЛЕСТЕ ІРІ ТОҢАЗЫТҚЫШ ҚОЙМАСЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Келес ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтсақ, Алпамыс батыр ауылдық округіндегі Қауыншы ауылында 2000 орындық спорт кешенін салу, Ақжол ауылында 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана және 100 орындық балабақша салу көзделуде. Сондай-ақ, жеке инвестиция есебінен сыйымдылығы 3400 тонналық тоңазытқыш қоймасы мен тігін цехының құрылыстары басталды. Қойма 2025-2026 жылдар аралығында іске асады деп жоспарланған. Жоба құны 800 млн теңгені құрайды.
Сонымен қатар, аталған елді мекендерді таза ауыз сумен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары қолға алынып, аяқталуға жақын. Бүгінде елді мекендердің ішкі су құбырларын қосу жұмыстары да жалғасуда. Сонымен қатар, электр желілерін жаңарту және трансформатор орнату жұмыстары жоспарға сәйкес орындалып жатыр. Одан бөлек, көшелерді жарықтандыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылған. Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар көшелерге асфальт төселіп, тас төсеу жұмыстары да жүргізілген.
Жалпы, Алпамыс батыр ауылдық округі бойынша биыл 1282 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Ер-тайыр» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жүзім шаруашылығын дамыту жобасын іске асырып жатыр. Қазіргі таңда 5 гектарға жүзім көшеттері отырғызылған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі