ОТЫРАР КЕРАМИКАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАЙЛЫ ОЙЛАСАҚ…

Ертедегі Отырар өңірі қолөнерінің жоғарғы дәрежеде дамығаны археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде анықталды. Солай дей тұрсақ та, сол кездердегі шеберлердің керамиканы игерудегі құпия сырлары біздерге толық жетпеді. Жеткені, тек қираған керамикалық пештер, құмыра сынықтары, саз балшықтан жасалынған ою-өрнек үлгілері ғана. Саз балшықтың құрамы қандай, қалай дайындаған, қандай тәсілмен күйдірілгені біздерге беймәлім.
Отырар керамикасын қайта игеру туралы идея – біздерге студенттік жылдары 1978-1979 жылдары келді. Сол кезден бері әртүрлі дайындық жұмыстарын жүргізіп келдік. Біздерге жеткені, жарым-жартылай сақталған керамикалық пештің құрылысы және оның ішінде өртеліп шыққан әртүрлі бұйымдар (құмыралар, кеселер тағы басқалар). Ою-өрнектері бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік дәстүрі бар сол кездегі шеберлердің керемет еңбектерін көріп, таң-тамаша боласыз. Әсіресе, сол кездегі жасалынған бұйымдардың бояуларының тазалығы, қанықтылығы сол күйінде бүлінбей жеткен. Осындай шеберлікке жету үшін, қаншама ұрпақ ізденді десеңізші. Бұл қысқа уақыт ішінде игерілді десек жаңсақтық болар еді.
Әсіресе, ой салған Отырардан табылған музыкалық аспап — сазсырнай. Бұл экспонатты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің алғашқы негізін қалаушылардың бірі А.Әлімов жазушы Д.Досжанов арқылы, қазақтың көне музыкалық аспаптарын зерттеуші Б.Сарыбаевқа аманат етті. Достары табыс еткен экспонаттарды ол көздің қарашығындай сақтай білді. Зерттеп қалпына келтірді. Әрине, сазсырнайдың көмейінен күй бірден төгіле қойған жоқ. Дегенменде, тынымсыз ізденіс зая кетпеді. Б.Сарыбаев табылған экспонатты ұзақ зерттей келе, үрмелі музыкалық аспап екенін анықтады. Негізгі нұсқасына қарап, жетілдірілген түрін жасап шығарды. Міне, сөйтіп ғасырлар бойы үнсіз жатқан сазсырнайдан ғасыр үні қайта жаңғырды. Саз балшықтан сазсырнайдан басқа тастауық, үскірік сияқты үрмелі музыкалық аспаптар дайындалады.
Ең алдымен керамика дегеніміз не? Керамика дегеніміз гректің «керамос» — «балшық» деген сөзінен шыққан. Егерде бұйым саз балшықтан жасалып, күйдірілген болса, бұл керамика деп аталады. Алғашқы кездерде саз балшықтан жасалған бұйымдар күнге кептірілді. Тек 7 мың жылдан кейін ғана керамиканы ашты. Саз балшықты отқа ұстап көргеннен кейін, тас тәрізді қатты затқа айналатынын білді. Содан бері атадан балаға мұра болып, керамиканы игеру жетілдіріле берді. Қарапайым күйдірілген кірпіштен бастап, құмыра, көне музыкалық аспапқа дейін осы саз балшықтан жасалады. Керамиканың негізгі шикізаты – саз балшық. Оған әртүрлі қоспалар қосу арқылы дайындайды.
Соңғы жылдары жапон ғалымдары керамикадан двигатель жасауды игеріп, керамиканы тағы бір қырынан көрсетті.Отырар керамикасын игерудегі қадамды іс-тәжірибеге керекті саз балшықты таңдаудан бастадық.
Халықта «Алма, алма ағашынан алыс түспейді»- деген мәтел бар. Бұл тектен-тек айтылмаса керек. Негізінде Отырар шеберлері жергілікті жердің бар мүмкіндігін толық пайдалана білген. Демек, саз балшық жергілікті жерден өндірілген. Бұл болжамға көз жеткізу үшін нақты жүргізілген іс-тәжірибеге сүйенейік. Ең алдымен саз балшықтың қорын табу үшін, Арыс өзенін бойлай зерттеу жүргізіп, әр жерінен саз балшық алдық. Лабораториялық тексеруден өткіздік. Қорытындысы қанағаттандырарлық. Саз балшықтың түсі қызғыш және күлгін түсті болып келеді.1985 жылы Отырар төбенің жанынан табылған керамикалық пештің үлгісінде іс-тәжірибеге арналған пештің құрылысын бастадық. Бірақ, іске қосып үлгере алмадық. Пешті соғудың өзі де оңайға түскен жоқ. Себебі, бұрынғы үлгілері толық сақталмаған, бүлінген. Сондықтан көп ізденуге тура келді.
Іс-тәжірибе жүргізу кезінде, Шымкент қаласындағы көркемсурет шеберханасының жоғарғы категориялы мүсіншісі Р.Ф.Потехнимен тығыз творчестволық бірлестікте болдық. Творчестволық бірлестік керамиканы игеруде профессионалдық деңгейге көтерілуге септігін тигізді.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің директоры Ә.Есжанов біздің жүргізіп жатқан жұмысымыздан хабардар болатын. Бұл істі түбегейлі алға апару үшін, музейге жұмысқа шақырылдым. Әрине, әлі қол жетпеген нәрсенің алғашқыда күдігі көп болады ғой. Коллектив сенім артып, керамиканы іске асыру жөнінде іс-тәжірибе жүргізіп, дәлелдеуді маған тапсырды. Сенім жүгі қашан да ауыр болған ғой. 1986 жылдың жоспарына керамиканы игерудің әртүрлі экспериментін жүргізуді ендірдік. Іске сәт деп кірісіп те кеттік.
Өткен жылғы керамикалық пешті сақтай алмағандықтан, қайта соғуға тура келді. Пештің құрылысын жүргізу барысында, өнерге жаны ашитын ауыл азаматтарының көмегін айтпауға әсте болмайды. Атап айтқанда, Төлімбет Бақаевқа, Сейілхан Смайловқа, Жұмағали Тәңірбергеновке, Әбен Қарқынбаевқа алғыс айтқым келеді. Керамикалық пештің құрылысын біттік. Енді оның жұмыс істеу режимін анықтау керек. Қалай? Ол үшін әр түрлі әдіспен, саз балшықтан жасалған бұйымдарды күйдіру керек. Іс-тәжірибені бастамас бұрын, археолог-ғалым Қ.М.Байпақовпен ақылдастық. Барлық жергілікті мүмкіндіктерді ескердік. Сөйтіп, алғашқы тәжірибеге арналған саз балшыққа мақта, қоға, фарфор, шыны және ұнтақталған шамотты қосып араластырдық. Кейін күйдіру барысында әр қоспаның сапасы анықталды. Сапалы шыққан қоспаны одан әрі жетілдіре бердік. Сөйтіп екі түрлі керамиканы өндіруді игердік. Қызғыш түсті және ақшыл-сарғыш түсті кермиканы алу жетістік.
Бұндай жоғарғы сапалы керамика алу үшін 980-1200 градус температураға дейін қыздыру керек. Ол үшін үздіксіз 8-12 сағат керамикалық пеште от жақтық. Негізгі отынымыз тұт, жиде, қара ағаш, тораңғыл сияқты ағаштардың кепкен томарлары болды. Жоғарыда айтылған температураға жеткенімізді анықтау үшін Түркістан қаласындағы керамикалық цехтың лабораториясынан пираскоп әкелінді. Қолдандық. Анықталды.
Жалпы күні бүгінге дейін 6 рет нақты іс-тәжірибе жүргізілді. Тәжірибе кезінде кездескен сәтсіздіктерімізді келесі тәжірибеде ескеріп, жойып отырдық. Әрбір тәжірибеге 8-12 сағат бойы от жағылатын болғандықтан, ағаш отынды көп керек етті. Дегенмен де жыл басында қабылдаған түпкі мақсатқа жетіп, тапсырылған сенімнің үдесінен шыға білдім.
Қазіргі таңда біздер жасаған Сазсырнайлар Қазақ ССР Мәдениет министрлігінен қолдау тауып отыр. Алғашқы партиясы Жетісай қаласындағы «Жетісай сазы» фольклорлық ансамблінде айналып жүр. Одан басқа, «Отырар», «Арыстанбаб 12-ғасыр» атты бярельефті сувенир-сыйлықтардың үлгілерін дайындадық.
Келешекте Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейінің жанынан сувенир-сыйлықтар өндіретін керамикалық цех ашу көзделіп отыр.
КПСС ХХҮІІ съезі адамдардың қабілетін ашып, олардың өмірін рухани бай, сан қырлы ету үшін мейлінше кең өріс ашуды партия өзінің мәдени саясатының басты міндеті деп білетінін атап көрсетті. Осыған орай үстіміздегі жылдың 11 сентябрь күні жарияланған КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советі «Бейнелеу өнерін одан әрі дамыту және еңбекшілерге коммунистік тәрбие беруде оның рөлін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Қаулысында жас суретшілер мен архитекторларды практикалық жұмысқа неғұрлым белсенді тарту, олардың азаматтық және творчестволық жағынан қалыптасуы, белсенді өмірлік позициясын ұштауы үшін жағдай туғызу, оларды творчестволық шеберханалармен, қажетті метериалдармен қамтамасыз ету, көрмелерге кеңінен қатыстыру, жас шеберлерді творчестволық командировкаларға жіберіп отыру ескерілуге тиіс екендігі айрықша атап көрсетілді.
Сондықтан да өнерге талаптанған жастарға жағдай жасап, таңдаулыларынан көрмелер ұйымдастырса, ауданымыздың табиғатын, әсемдікті, сұлулықты бейнелеу өнері арқылы көпшілік жұрт тамашалаған болар еді. Ата-баба дәстүрін жалғастырар талантты жастар қанатын кеңге жаяры сөзсіз.
Біздің Отырар өлкесі ұлттық өнердің ашық академиясы іспетті. Өнермен айналысамын деген әрбір азаматқа ата-баба мұрасы көл-көсір. Тек өнерді еңбекпен қорғай білуіміз керек. Отырар керамикасы біздерді жаңа көкжиектерге жетелейді…
Кендебай ҚАРАБДАЛОВ,