БАЛТАКӨЛДІК РЫСБАЙ ЖЫРАУ

6

 

Құмды шөлейт даланың аптап ыстығы басыла қоймаған шақ. Егіншілер қайтар күннің ми қайнатар ыстығына ұрынып қалудан сақтанып, жалғыз біткен қара ағаштың қою көлеңкесін саялап, қауын-қарбызға су айдап келу жайын сөз ғып отырған. Егіншілер екеу. Бірі – Ағыбайдың жеңгелей алған әйелінен туған ұлы Барбол. Кісіге зиян ойламайтын, бір тоға жігіт. Бауырмал, кісіге қайырым жасағысы келіп тұратын аңқылдақтың өзі. Екіншісі – Кенжеғара деген бидай өңді, пысықай жігіт. Бекет деген жылқышы болып еді бұл өңірде. Сол Бекеттің Кенжеғара кенже ұлы. Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқы шақырылғандардың қатарында майданға алынған әкесі мен екі ағасының кезінде екен бар шалқығаны. Бір үйден үш бірдей азамат соғысқа аттанған соң Кенжеғараның балалық дәурені сол үйдің ауыртпалығын мойынға қамыт қып киюмен аяқталған. Арқа сүйер әкесі мен ағаларын соғысқа шығарып салған жылы жасы сегізге енді ғана аяқ басқан. Жазмыштың пешенесіне жазғанына көндікпеске амалы қайсы? Ерте есейген Кенжеғара өзі құралпы балалармен бірге Барболға ілесіп егіс даласына жұмысқа шыққан. Ерте көктемде өгіз соқамен жер жыртты. Тұқым себу науқанында да балалар қолғабыс етті үлкендерге. Жаз шыға қауын-қарбызды базарға шығарып сатып, одан түскен пұлды Түркістанның базарынан ұн, жарма, қант-шәй сатып алуға жұмсайтын. Елдегі кәрі-құртаң мен бала-шағаның киер киіміне дейін қауын-қарбызға айырбас жасап әкелетін. Жұмысқа жарайтын еркек кіндіктің бірін қалдырмай соғысқа жазды , енді біразы запас әскерлер даярлайтын әскери бөлімге әкетілген.

Кенжеғара Барболдың құлағы мүкіс еститіндіктен майданға жарамсыз деп табылып, әскери коммисариаттан өтпей қалғанын үйдегі үлкендерден бертін келе естіп білді. Бұған дейін Кенжеғара басқаша ойлап келген. Кейде егіс даласындағы бітпейтін жұмыстан шаршағанда «елден ерекше осы пәлені неге соғыстан қалдырды екен?» — деп налитын.     Бала емес пе? Тағы бір ойы: «Кенжеғара сияқтыларды аңқау болған соң, соғысқа алмайтын болар?…» — деп те ойлаушы еді. Оның да өзіндік себебі бар. Кейде майданнан келген хатты балаларға оқытатын. Кенжеғара барын салып оқып болып мұның бетіне қарағанында: «Не жазыпты?» — дейтұғын. Бақса, аңқау деп жүрген Барбол көкесі көп сөйлемейтін томаға тұйық көрінгенімен, назарына іліккен жәйттерді өзінше пайымдап, өзінше ой қорыта білетін жан болып шықты.

— Сен естідің бе, Рысбай көкеме кеше ақсақалдар бата беріпті. О кісі де содан кейін басылып, сап-сау кісідей жиналған кісілермен бұрынғысынша әңгімелесіпті, — деді Барбол.

Кенжеғара бейне бір ертегі тыңдап отырғандай, Барболдың бетіне ажырая қарады.   — Немене, сонда жұрттың айтып жүр­гені құр сандырақ болғаны ма? Жын­данып кетті дегендері қайда? …Қайтіп ғана басыла қалыпты? Әлде, сондай кесел ме екен? Кім айтты?

Барбол әдеттегісінше басына киген көк тақиясын милығына дейін ысырып жіберіп шекесін қасып алды. Онысы әлдебір хикаят айтар алдындағы дағдысы. – Кеше түнде Рысбай көкем отырған қараша үйден жайсыз дыбыс шығып жатқанын сол маңнан түйесін жетектеп өтіп бара жатқан Мырза жәкем естіпті. Тоқтай қалып құлағын түріпті. Әлігі дыбыс басылғандай болыпты да аздан соң күшейе беріпті. Әлдекімдер даурығып, жанжалдасып жатқандай азан-қазан болады. Мырза жәкем үйге кірмек болады да артынша ол ойынан айнып, кейін қайырылып жөніне кетеді. Көрген-білгенін келіп кемпіріне айтады. Кемпірі қарияның сөзіне сеніңкіремей: — «Бұл ауылдың еркектеріне бірдеме көрініп жүр ме? Жын-жыбыр айналдырған неменің маңына жоламашы, Құдай ақы?! Қай-қайдағыны айтып, сандырақтай бермей, жайыңа отыршы!» деп дүрсе қоя бергесін, шай-суын ішіп болып, жатып қалыпты.

— Иә, содан? Әрі қарай не болыпты?

— Нақ қалай болғанын мен де білмеймін. Естігенімді айтып отырмын. Содан әрі не болды дейсің ғой?… Мырза жәкем түс көріпті. Дәл өңіндегідей ақ сақалды қария келіп, түртіп оятып әлденелерді айтып жатыр екен дейді. «Сендер жынды атап жүрген Рысбай мүсәпіріңізге Алла қолдап, қасиет қонғалы жүр, еліңнің сақалдысының басын қосып, Құдай жолына мал шал!» — депті. Әлігі ақ сақалды қария дәрі қалта мен домбыраны Мырза жәкемнің қолына аманаттап тапсырып тұрып: — «Рысбайға осы екеуінің қалағанын ұстатыңдар, арғы қарайғы жазмышы  таңдауына қарай болмақ!» — депті де ғайып болыпты. Мырза жәкем ұйқысынан ояна сала екі бас «тәһәжүд» намазын оқып болып, дереу қарияларды шақыртыпты. Ел жиналам дегенше таң да бозарып атыпты. Құдай жолына бір мал шалып, Рысбайды алдырыпты. Содан Мырза жәкем Алладан Ғайыперен қырық шілтен арқылы аян болған түсті жұртқа баяндап болып, Рысбай көкеме қарап: — «өзіңе қалдырып кеткен дәрі қалта мен домбыраның қайсысын аласың?» деп сұраса ол, – домбыраны аламын, — депті. Қариялар «ақындық өнер қонғалы жүр екен, Алланың аманатына адал бол!» депті де баталарын беріпті.

— Е, содан кейін не болыпты? Делбесі басылып па дереу?!

— Оу, онысын қайдан білейін енді? Бірақ әйтеуір, қариялардың айтуынша: о кісіні әруақ буып тастаған деседі. Өнердің жолына түсіп, дәретін бұзбай жүрсе енді қайтып ауырмайды-мыс.

Тылсым дүниенің біз білмейтін сыры көп. Сен осыған сенер ме едің?, — деген сыңай танытып, үнсіз басын изеп отырған Кенжеғараға қарады Барбол. Ол да көзі жықсиып алысқа көз тігіп, ойланып кетіпті.

— Кім біледі? – деді сәлден соң сенімсіздеу үн қатып. Шындағында бұл жұмбақ сырға сенген жоқ. Сенбейін десе, үйінің алдын шаңғытып сыпырып-сиырып, салқын ұрған кісідей сандалып сандырақтап жүрген Рысбай бүгін көрінбейді. Айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш, жым-жырт.

Балтакөл. «Арыстанды қарабастың» желі ұли соғып көз аштырар емес. Ауылдан шеткерірек тігілген Рысбайдың үйінің сұлбасы байқалады. Жалғыз қараша үй орағытып соққан желдің екпініне төтеп беріп, қасқайып қарап тұрған сандықтас секілді. Ысқырған суырма жел үй іргесін кеулеп соғып, тақырлап тастапты. Есіктің алды да аяқ астындағы тоқым сияқтанып таптаурын тартқан. Моп-момақан қараша үйдің іші мына астан-кестең беймаза дүниеден бөлек бір жұмбақ, тып-тыныш ұядай елестейді. Шудан азат, мамыражай ұйыған тыныштық тек, осы қараша үйдің ішінде мүлгіп тұрғандай. Осы бір бейбіт монтаны үйден күмбірлеген домбыраның жағымды әуезді үні құлаққа шалынады. Жер еденге төселген киізге шапанын шешіп төсеп жіберіп, Рысбай домбыра шертіп отыр. Шөл өлкесінің күңіренісі секілденіп, салып отырған әуені талмаусырап естіледі.

Ауылдың үлкен-кішісі дерлік Рысбай­дыкінде. Әңгіме-дүкен құрып отыр өзді-өзі. Әрегідік әзілдесіп те қояды. Мырзаның оң жағын ала осы аймақтағы кәрі шалдардың бірқатары жерге төселген дастарқанды айнала жайғасыпты. Іштегі күңгір-күңгір әңгімені құлақтары шалған Барбол мен Кенжеғара да солай қарай аяңдады.

-Мен қорқып келе жатырмын, — деді Кенжеғара шыжбалақтап. Онсыз да бадырақ көзі атыздай болып, жақындаған сайын кібіртіктей берді.

-Несіне қорқасың? Соғысқа кеткендер де жүр ғой жаумен жанталаса айқасып. Күнде көріп жүрген Рысбай көкем сені бас салып жегелі жатса, оны да көрерсің?! – Барболдың тауып айтқан сөзі осы болды. Кенжеғараның қорқақтығын жақтырмағаны. Жасы он төртке келсе де болмашыдан қорқып, үрейлене беретін су жүректігіне қорланды Кенжеғара. Дене бітіміне қараған адам мұны соқталдай жігіт екен деп қалады. Шынында Кенжеғара ересек көрінетін. Кейпі баланыкі демесең – дене бітімі жасына қарағанда ірілеу.

Екеуі үйге жеткенше үндемей барайық деген кісіше ләм-мим деп тіс жарма­ды. Барболдың не ойлап келе жат­қаны Кенжеғараға да жұмбақ. Кенет сықырлауықтың маңдайшасына дүңк еткізіп шекесін соғып алғанда барып, табалдырықтан аттап, үйге кіріп келе жатқанын ұқты.

Үй ішіндегілермен сәлем-сауқат сұрасқан соң, шеткерірек барып жайғасып отырды. Қолына жез құман ұстаған сырықтай ұзын бойлы жігіт қолдарына су құйып шықты.  Алдарына бір табақ ет әкелінді. Ештемеге аса таңырқай қоймайтын Барбол алдыға келген еттен асап жеуге кірісіп кетті. Маңайындағылардың не айтып, не қойып отырғанында шаруасы жоқ, олардың әңгімесі қыртына кіріп шығар емес. Кенжеғара болса болмашы нәрседен секемдене беретін үркектігінен табаққа әзер дегенде қол салды. Әлден уақытта барып, бойын билеп алған қорқыныш сейіле бастады білем, ақсақалдардың әңгімесіне зейін салды.

-«Өнер – бір атадан тараған ұрпақтың бірін өзі таңдап қонады» деп, бұрынғылардың айтқаны бар. Сол айтқандай, ақындық өнер өзіңе қонған екен, енді оның қасиетін жоғалтып алма Рысбай, шырағым! – деді қариялардың ішіндегі үлкені әрі Рысбайдың аталас туысы екенін арқалана сөйлеп отырған Мырза жәкең.

Қол орамалмен қолын сүртіп отырып, жұрттың соңын ала келген Кенжеғара мен Барболға қарап ас қайырып, бата жасайтынын аңғарта: — « Ата-бабаларымыздың қара белгісінің қайда екенін біліп, ескеріп, дұға оқып жүріңдер!» деді де бата қылды. Құранды да қирағатпен келістіре оқитын Мырза жәкең «ағузи..бисми.. деп бастап, «кәусарды», сонан соң «әттаһиатты», ең соңында «құлқуалласын» үш рет қайталап, «рәббәнә әтинәмен» аяқтады-ау…

Құран оқылып болғаннан кейін де бабаларының ел аузында аңыз боп айтылып жүрген игілікті істері мен жақсы қасиеттерін сөз етті көнекөз қариялар. Енді бірқатары бесін намазын оқып болып, әңгімеге асықпай кіріспекке құмандарын қолдарына ұстап сыртқа бет алды.

Не көп, ел арасында сары майдан қыл суырғандай етіп айтар аңыз көп. Аңыз болуға да елдің есінде ұзақ сақталып қалуға қақылы жайлар ғана лайық. Осы қисынынан алып қарағанда бұл өлкеде мұндай әңгімелер бірсыпыра. Әсіресе, әулиелер турасындағы небір ауыздың суын құрғататын жәйттер жеткілікті. Мырзаның айтқысы келіп отырғаны да осындай аңызға бергісіз әңгіме болатұғын. – Жас болса біраз жерге таяп қалды. Соған орай көз көріп, құлақ естіген әңгімелер де баршылық. Кейде оңашада отырып, сол естігендеріңді ой сарабынан өткізіп, елеп-екшейтін кездер де болады екен, шырақтарым! Солардың ішінен ата-баба жайлы, бүгінгі ұрпақтар төңірегіндегі айтылар әңгіменің жөні бөлектеу еді. Сол жайлардан көңілде жатталып, көкейде жүрген әңгімелерді қозғай отырсам деймін.

… Елге көшеміз деп отырған қоян жылының көктемі болатын. Наурыз туса да қар әлі қалың. Өткен қарашадан бастап суырсындата жауған үскірік ақ қылаң үсті-үстіне борап жер-көк мұз боп, ақыры «жұт» деген жалмауыз аузын арандай ашып келе жатыр еді. Тебіндегі жылқы зорға талшық тауып, аштықтан ыңыршығы ырсыиып, арық-тұрықтары әлдеқашан тоңқалаң асқан. Сөйтіп, Қаратаудың теріскейінде әр жерде домалаған, ісіп-кепкен өлекседен көз қарығып, жалпақ елдің жаны қайысқан қасіретті күндер туған. Мал атаулыны түгел жалмап жайпауға айналған жұт бұл шақта кедей ауылдардың, жалшы-жақыбайлардың алқымына сасық күзендей жармасып, есеңгіретіп, қандарын жұтып әлек салған-ды. — Мырза жәкесі ұзын-сонар бір хикаятты бастап келе жатқасын: — Жәке, рұқсатыңызды беріңіз, егінге су айдап келуіміз керек еді, — деп, Барболдар рұқсат сұрап үйлеріне қайтты.

Сол күнгі Рысбайдың үйіндегі жиыннан кейін көптің аузындағы негізгі әңгіме ғайыптан келіп қонатын қасиет туралы, небір ғаламат мұғжизалар жайында өртбитұғын дағдыға айналды. Біреулер Рысбайдың ел қатарына қайта қосылып, кеселінен тағдырдың жазуымен айығып кеткенін сөз етсе, бар істі шұбалаң тілмен тындыратын қайсыбір зуылдақтар бәрін де болмашы сандыраққа жорыды. «Соғысқа бармай елде қалу үшін қылған амалы ғой..» — деп сусылдағандар да табылды.

Рысбайды ел ағалары көршілес ауылдың қызына құда түсіп үйлендіріп, жаңа отауына кіргізген-ді. Келіншегі екеуі олар да өзгелер секілді қатардан қалмай, егіс даласындағы қауырт жұмысқа араласып кетті. Қал-қадірлерінше елге сыйлы отбасы болды. Соғып жүріп жатқанымен ел ішінде кіші-гірім той-томалақ болып тұратын. Кісінің басы қосылған жерде «ақын келсін!» — деп, Рысбайды шақырту дәстүрлі ғадетке айналып келе жатты. Баяғы әңгімелер сап тиылып: — «Е, бәсе, байғұсты бекер-ақ кінәраттап жүр екеміз-ау, ауру меңдеген қай кісі елге жағушы еді?» — деп, бұрынғы-кейінгі өсек-аяңды таратушылардың өздері қателіктерін жуып-шайып, енді Рысбай жағына ойысып шыға келген. Сәлем-сауқаттарын түзеп, олар да айғақсыз айтылған әңгімелер үшін әлдебіреулерді жазғырып, кінәлап жүрді.

Рысбай ел ішінде ғана емес алыс-жақынға ақындық өнерімен таныла бастаған кез. Ақындығы тұстас замандастарымен теңесе бастаған. Әуелгіде ел ішінде орын алып жататын әлеуметтік қақтығыс-тартыстарды төпеп айта алмайтын. Ел арасынан ұзап шықпағаны бар, хат танымағандықтан әлеуметтік, таптық мәселелер жөнінен хабарсыз қалып қоятыны бар, әйтеуір, айтар сөзден тосырқай беруші еді. Қазір олай емес. Кәдімгідей ысылып, ақындық өресі кемелденіп, толыса бастаған шағы.

Рысбай ақындық өнерімен аймаққа танылып қалған осы тұста елге «қызыл жыршы» деген атпен мәлім болған ақын-жырау келген-ді. Өлең-жыр десе ішкен асын жерге қоятын бұл өлкедегілер жыраудың келуін кәдуілгі мерекеге айалдырып жіберетіні бар. Құдды жәрмеңкеге асыққан кісіше жинала қалады да әркім тапқанын әкеп жыршының қоржынына салып, жыр-дастан, қисса тыңдауға отыра кетіседі. Бұл жолы да әдеттегідей болды. Келушілер кейбірі кір сабын, енді біреулері сырға-жүзік, білезіктерін әкеп ортаға тастап, жыршының не түрлі жыр-термелері мен насихат сөздерін тыңдап, құлақ құрышын қандырмақ.   «Ауылдың алты ауызы» деп, колхоз бастығы Жарылқасын гармонын әнге қосты:

-«Жиылған көп жолдастар,

Жұртшылыққа жол бастар.

Қараңғы үйдің сәулесі,

Жаңа талап — біз жастар.

А-хау,

Мәдениет артта қалған,

Еңбекшіні көркейту – біздің арман».

— «Мәдениетіміз әлі де артта қалып келе жатыр, еңбекші халықты рухани жағынан көркейтуге күш салу – басты мақсатымыз» деп отыр ғой. Колхоз бастығы болса да елге тігінші, ісмерлігімен де сыйлы Жарылқасынның көңіл түкпірінде жатқан арман еді бұл айтылғандар…

Ерін әскерге шығарып сап, келуін сарғая күткен жас келіндер де :

-«Арыстандай айбатты алтын көкем,

Жауды жеңіп, жайтаңдап келер ме екен?» — деп әнге салып еді сонда…

Ауылдың құйма құлақ, өнерпаз жастары да: «Шилі өзен, қамыс-ай, бізді ойлай жүр, таныс-ай..» деп әндетіп, түнгі даланы серпілтіп-ақ тастады.

— «Бөделі-ай, бөпем-ай,

Жанашырың болмаса, бәрі бекер екен-ай…» — деп, көздерінің жасына ерік беріп еді ерінен ерте айрылып, жастай жесір қалып қойған жеңгелер. Беу, дүние-ай!..

Жер дүниеге желмен тарап, аспандағы айды алқымдаған ән сарыны түн ортасынан ауғанға дейін дүрілдеп, тау-тасты жаңғырықтырды. Таңға тарта жезтаңдай жыршыға «Бәрекелді!», «Ой, пәлі!» деп таңырқай таңдай қағысқан, гуілдесіп, көтермелескен, құлақ құрышы қанған осы алқақотан қалың топ әрі тыңдаушы, әрі төреші.

Таң асыра жырлап, жыршы Рысбаймен де ретін тауып сөз қағыстырып көрген.

— Нулы келер Балтакөлдің теріскейі,

Күнгей жағын көп жылқы өрістейді.

Өзіңмен дидарласып отырғанда,

Көңілім неге өршімей еңістейді, — деп Рысбай да жыршы ағасының өнеріне тәнті болғанын өлеңмен жеткізді. Талантты жас — Рысбайдың суырып салмалық қабілетін байқаған «Қызыл жыршы» өз өлең, толғауларында ағайын мен елдің іргесі түбегейлі берік болуы турасында үнемі айта отырғаны мақұл болатынын ескертті. Әдет-ғұрып, мінез-құлық жайында ұтымды теңеулер табу арқылы болмыс, тіршілік, қоршаған орта жайында ұтымды, тапқыр ұйқас әмәнда қажет болатын көрінеді ұстаз ақынның айтуынша. Елдің құрмет-қошеметі мен ықылас-пейіліне разы болып қайтқан «Қызыл жыршы» себепкер болды ма, әлде, бақ талайы ма екен, ел арасында: «Ақындарды айтысқа қосқалы жатыр екен, оған Рысбай да қатысатын болыпты», — деген абың-үбің әңгіме шыққан. Көп кешікпей аймақтық айтыс өтіп, Рысбай шаршы топта алғаш айтысқа түсті. Жұлдызы жанып, Верныйда өтетін үлкен айтысқа қатысатын болып, мерейі үстем болып қайтты. Оның шын ақын екеніне көп адам осы жолы көз жеткізгендей еді.

Ауыл қариялары бұл жолы Мырза жәкелерінің үйінде бас қосты. Қоңыраттың ішіндегі Құрман атадан тарайтын елдің қариялары шетінен шежіреші болып келетін. Аңыз әңгімелерді баппен айтушылар да бұл өлкеде баршылық. Ал оны тыңдаушының жөні бір басқа. Ұлттық салт-сана мен тәрбие-тәлім жағы да дәл осы атырапта күні бүгінге дейін қаймағы іркілмеген қалпында еді-ау…

-Жәке, түнеукүнгі әңгімеңіздің аяғын естімей қалып ек… Қаратаудың теріскейінде қоян жылы болған жұт жайлы бастап келе жатыр едіңіз. Құрман атаның елді аштықтан аман сақтап қалғаны жайлы айтып бастағансыз… – Жәкелеп, Құрман туралы аңызды білгісі келіп тықыршып отырған Әкімқұлдың, өткен жолы «жәкесінің» қай жерге келіп тоқтағанын айтып отыруының өзі – ықтияттылық. Пайымы бар кісінің сөзі ғой бұл.

-Е-е, шырақтарым, Құрман атамыз туралы ай­тып тауысу мүмкін емес. – Қария көзіне әлдене елестегендей, маңайындағыларға басын изеп біраз отырды да: «Анық тыңдағыларың келіп отырса, айтсам айта қояйын» — деген кісіше сөзін әрмен қарай жалғап әкетті. — … Құрман атамыз Қаратаудың сол жақ бөктеріндегі елдің қиямет-қайым халіне алдын-ала көз салып, жіті қамданып отырыпты деседі…

– Мырза қария Арқадан Қаратау асып шұбап, дүмеп жатқан аттылы-жаяу көш-көліктің бір аумағын Жартытөбеге қарай бұрып, қоян жылғы аштықтан Құрманның бір рулы елді аман алып шыққандығы жайлы әңгімелеп еді со жолы.

Бірер айдан кейін Рысбай Верный қаласында өтетін үлкен айтысқа баратын болды. Жолға шығардан бір күн бұрын ауыл қариялары мал сойып, әруақтарға құран бағыштаған. Рысбайға ақ жол тілеп, баталарын беріп, бет сипасқан. – «Ғайып ерен қырық шілтен шылауыңда болсын!» — деді ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты шешейлер. Рысбайдың жанына жолсерік етіп денсаулығына байланысты соғыстан қалдырылған, шала сауат болса да аздап хат танитын Әкімқұлды қосып, жолға шығарып салды.

Балтакөлден паром арқылы Түркістан жағына өткен бұлар сәске әлетінде стансаға да жетті. Пойызга келіп орындарына жайғасқан соң терезеден сыртқа назар салды Рысбай. Ойлап қараса, шойын жол дегенді көргені болмаса, пойызға мініп отырғаны осы екен.  Бұрын-соңды ұзақ жолға шығып көрмепті жасы қырықтан асса да. Көз алдына бала кезгі кейбір сәулелі сәттер елестеді. Ең алғаш бала болып қуанған сәті.

Мырғалымсайдағы нағашысынікіне қыдырып барған-ды. Онда қазіргідей зырылдап тұрған көлік қайда? Өгіз арбамен барушы еді қайда барса. Шешесі екеуі өгіз арбаға бірер қадақ қант-шай салынған дорба мен үнемдеп жүріп артылдырып алып қалған бір пұттай бидайды артып, аяңдап жолға шыққан. Ауыл арасы тым ұзақ емес. Жыңғылды тоғай арқылы тез-ақ жетіп баруға болады.

— Сен дегенде сәулетай, ойым бөлек,

Он жасымнан өлеңге болдым зерек, беу,қалқа!.

Бағаласам бағаңа жан жетпейді,

Айналайын көзіңнен дөп-дөңгелек, беу,қалқа!–деп әндетті анасы. Көкірегі қарс айрыла жаздап, ауыр күрсінді. Ерте айрылған ерін сағынып жалғызсырағанда айтатын бұл әнді. Онысын бала Рысбай да сезетін. Сезетін де мұның да жүрегі сыздап кететін. Әннің әуені мұңды естілсе де осы әнді тыңдаса сағынышы басылатын сияқты.

-Қаратудың басында бір топ арша,

Қыз-бозбала-тамаша әнге салса, дүние-ай!

Кішкентайдан бірге өскен құрбым едің,

Қапияда айрылдым, амал қанша, дүние-ай?!

Ахау, айым, қауліләйім,

Кез болса осындайда-ай,

Қалқатайым-ай… – деп шешесі күрдесі жарылардай аһ ұрғанда, «жылап жіберер ме екем?» — деп тістенді Рысбай. Кім шығарса да тап осы ән өздеріне арналған секілді. Қандай әсерлі ән! Ойға ерік берсең, қиял шіркіннің талай жерге жетектеп әкететіні бар. Рысбай тәтті қиялдың жетегінде отырғанда, бұлар нағашысының аулына жетіп те қалып еді. Басын көтеріп, алдыңғы жаққа назар салып еді, қашанда думан-той, абыр-сабыр болып жататын нағашысының аулы қашанғыдай дүрмек тойдың қамында екен. Бұлар өгіз арбасын доғарып, қашаға іліге бергені сол екен, екі бала бұларға қарай тұра жүгірісті.   – Алақай! Рысбайлар келе жатыр! Алдарынан арсалаңдай жүгіріп шыққан балаларға не ұстатарын білмей, Сағира қипыжықтап қалды. – Ой, айналайын, алтындарым! Беттерінен шөп-шөп еткізіп сүйіп, бауырына қысты. – «Атам, бата көкпар бергелі жатыр еді ертең, жақсы болды ғой, сен де бәйгеге қатысатын болдың!» — деді алқынып тәмпіш мұрын қара бала. Рысбай арбадан секіріп түсіп екі балаға ілесіп, әудем жер қалған нағашысының үйіне қарай жүгіріп кетті.

Рысбай сол бата көкпарда нағашы атасының қаракеріне мініп шапты. Сөйтіп, өмірдегі алғаш салымын салып еді. Атасы Рысбайға тай мінгізіп қайтарып еді сонда. … Оны да әнебір жылы әкесі өлгенде сойды ғой…

-«Рысбай, шырағым!» — деді Әкімқұл әлден уақытта.

— Жамбыл ақынды есітуің бар шығар, айтысқа со кісі де қатысатын көрінеді. Өлеңдерін кәзитке басып тұрады өкімет.

-Сонда Жәкең Уернійде* тұра ма екен?

-Онысын қайдам? Шіркін, хат таныған болсаң сен де үлкендеу жерде жүрер ме ең?… Олай дейтінім: о кісінің өлеңдерін Істәліннің өзі оқып тұрады екен.

-Мм..

Верныйда өткен айтыста Рысбай есімі дүйім жұртқа таныс Жамбылмен жүздесті. Қолын алып сәлемдесті.

– Ассалаумағалейкүм, Жәке!

– Бар бол, балам! Сен әлігі Шортанбай ақынның елінен келген баламысың?…

-Иә, Жәке, сол жақтан, Түркістаннан келдім.

-Е-е… Мен о кісімен Қарқаралы жағында жүргенінде кездескем. Жанғұтты бидің ауылында. Жетпістен асқан шағында ауырып, қайтыс болды ғой.

— Сіз Шортанбай ақынды білуші ме едіңіз?..

— Е, шырағым, біз бармаған жер қалды ма? Онда жастау кезім ғой. Елудің шамасында болсам керек. Қарқаралыда «жәрмеңке» болады дегенді естіп, Жетісудың ақындарына еріп мен де барғам. Сүйінбай ақыннан аздап үлкендігі болатын. Жамантай төренің үйіне түстік. Сонда:

– «Атамыз адам пайғамбар,

Топырақтан жаралды…

Сол адамнан таралды,

Ұрлық пенен қорлықтан

Бойыңды тартып тек жүрсең,

Көрмессің деген залалды… – деп келетін өлеңін тыңдағам. Сүйінбай да Шортанбай да айтыстың асқан шеберлері, азулы ақындар еді ғой. Ел аузынан естіген ертегілер мен қисса-дастандарды жатқа соғатын әшейін..

— Өлеңді тәп-тәуір айттың. Бұқара халықтың мұңын жеткізе білу, оның жаршысы болу – басты міндет. Жеңіліп қалдым деп, қапаланба! Әлі жассың, тек шыңдай беру керек ,өнер сонда ғана кемеліне келмек. Жеңіліп қалуыңның себебін айтайын: — «Шаршы топқа айтысқа шықтың екен, өзіңе қарсылас ақынның аймақ билеушілерінің, өзінің де мін-кемістіктерін, оғаш мінезін байқап қалсаң соны ұйқас өлеңмен көрсетуге, әжуа етуге дағдыланғаның дұрыс». – Осы арада Жәкеңді қолтығынан демеп, шашын екі жағына қарай ашып  тараған жігіт ағасы:- «Жәке, жүріңіз, Сізді өкімет адамдары күтіп отыр» деп, алып кетті.

— Аман жүріңіз, Жәке!

— Қап! Мына кісі тәп-тәуір әңгіменің шырқын бұзды-ау?Бұ кім өзі? – деді Рысбай.

— Кім болушы еді? Әлігі өкімет адамдарының бірі шығар, әлде хатшысы ма?.

Айтыстан шыққан Рысбайдың құман ұстап кетіп бара жатқанын көріп тұрған орыстың Я. П. Полонский дейтін интеллигенті: «Ана кісінің қолындағы шәйнегі несі, оны қайтпек?» — деп сұрапты Әкімқұлдан   — А, он ето… Намаз. – Екі алақанын сыртына қарата бетіне басып, жерге қарай еңкейе берді. — Намаз шитайыт. Онысы – намаз оқиды дегенді түсіндіргені. Аз-кем қазақ тілін де түсінетін әлгі интеллигент: «а, ну… теперь понятно!» депті де басын шайқапты. Сөйтеді де «мәсіх тартып» жуынып бола берген Рысбайға жақындап келіп: «Саламалайкум, товарищь! А зачем тебе  все это?  Что ты делаешь? Ой-ой-ой!… Хороший акын-импровизатор. Тебе надо учиться!» — деп, ойындағысын түсіндіре алмай әуреге түсіпті. Рысбай ештеме ұға қоймаған соң: «А-а-й-й!» деп қолын бір сілтеп ішке кіріп кетіпті.

— «Мына орыс не деп тұр?» – деді Рысбай Әкімқұлға қарап. – Қайдан білейін, әйтеуір, құман ұстағаныңды жақтырып тұрған жоқ сияқты. Екеуі өзара долбарлап мәнісін түсінгісі келген сөздің мағынасын манағы Жамбылды қолтығынан сүйеп әкететін жігіт қолма-қол қазақшаға аударып беріп: — «О, жақ бұ жағыңызды жуа бергенше, көкірегіңізді жуыңыз. Сізге оқу керек!» — деп кетті деді.

— «Доңыздың етін жеген неме айта береді де, Құдайды білмейтін ол қандай тексіз? Кәпір!»

Рысбай кәпір деп атайтын Я. П. Полонский —  кезінде Ш. Уәлихановпен бірге Орталық Азияның аз зерттелген аймақтары Жетісу, Қырғызстан, Шығыс Түркістанның тарихы, этнографиясы, фольклоры, әдебиеті, саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуы туралы құнды материалдар жинақтаған орыс зерттеушісі болатын.

— Әйтсе де әлігінің «көкірегіңді жу» дегені менің де көңіліме қонып тұр. Меніңше, әлі де оқып, сауатыңды ашқаның дұрыс шығар? – деді Әкімқұл.

Жетісу жеріне барып қайтқалы дүниеге көзқарасы өзгеше еді Рысбайдың. Верныйда Жамбыл ақынмен танысқанын жыр қып айтып, оған әулиедей табынатын болды. Шортанбай ақынның аузынан осыдан ширек ғасыр бұрын естіген өлеңдерін Жәкеңнің жатқа айтатынына қатты таңырқап, таңдай қағушы еді. «Сүйегі асыл адам ғой, Жәкең!» деп сүйсініп отыратын.

Әкімқұлдың жанынан қалмай жүріп, Рысбай да қара танитын болған. Ақсақалдардың аузынан естіген аңыз әңгімелер мен қисса-дастандарды арбиған үлкен әріптермен көшіріп алып жүруді де әдет қылды.

Қырық екінші жылы Рысбай өзі сұранып, соғысқа кетті. Оның елге өлеңдетіп жазған:

— «Белдікпен белін берік байлап,

Армия болды ақының» — деп басталатын хаттарына тігінші Жарылқасын жауап қайырып жататын:

— «Отырмыз ата қоныста,

Балтаның көлін айналып.

Ақ егін пісіп су тасу,

Көк егіс жатыр айдалып».

Колхоздың жақсы тұрмысы,

Қалған халық қалпында,

Қайсыбірін айталық?

Осы тақылеттес жауап хаттарында Жарылқасын елдегі егіншілердің тұрмысы, ата-ана мен бала-шағаның жағдайын тегіс баяндаушы еді. Балтакөлдің бойын сол жылдары қоныс еткен Құрман ұрпақтарының ішінде Жарылқасын жаңа құрылған колхоздың басшысы қызметін атқарушы еді. Келіншегі Нақсұлу да кісінің үстіге киер жейдесінен бастап аяқ киіміне дейін «Зингер» мәшинесімен қолдан тігетін. Аздап өлеңші-ақындықтары да бар-ды. Рысбайдан келген өлең-хаттарды түгел жаттап алатын да кісінің басы қосылған жерде айтып отыратын. Құйма құлақ жас келіндер мен бала-шағаға дейін майданнан жеткен хат-хабарды жаттап алушы еді. Рысбайдан ең соңғы рет:

— Сәлем хат жаздық ауылға,

Ағайын, туыс, бауырға.

Есенсіздер ме, ата-ана,

Жағдайыңыз тәуір ме?

Сұрасаң халді ағайын,

Шеп құрып болдық жаңадан.

Ұрыс салып жатырмыз.

Калуга деген қалада, — деп өлеңдеткен хат келді. Бұл ақынның соңғы хаты еді. Соғыс аяқталардан бұрынырақ «қара хат» келді елге. Бір парақ қағазда марқұмның туыстарына көңіл айта келіп: «Қатардағы жауынгер Рысбай Байшоланов Ржев қаласын азат ету жолында ерлікпен қаза тапты. Оның есімі Советтік Отанымыздың жүрегінде мәңгі сақталады» делініпті.

 

Ержан Мәдуәлиұлы Арзықұлов,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор.