МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАР ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДАН ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ

25

Қазақстанда әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және олардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау. Бұл санаттағы адамдардың тұрмыстық, медициналық және әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан бірқатар нақты іс-шаралар қолға алынған. 2025 жылы бұл мақсатқа бөлінген қаржы көлемі де едәуір ұлғайып отыр. Мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға және олардың қажеттіліктерін толық өтеуге бағытталған кешенді бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, 2025 жылы мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдауға жалпы бюджеттен 14,7 млрд теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,1 млрд теңгеге артық. Бөлінген қаражаттың 3,5 млрд теңгесі ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында игерілді. Бұл қаражат түрлі әлеуметтік қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын қамтамасыз етуге, медициналық-санитарлық қызметтер көрсетуге және мүгедектігі бар азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған.

Мүгедектігі бар жандардан оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жыл басынан бері 35 353 өтінім келіп түсті. Оның 21 306-сы немесе 60,3 пайызы қанағаттандырылды. Осыдан-ақ әлеуметтік саладағы жұмыстың белсенді жүріп жатқанын аңғаруға болады. Мемлекет тек өтініштерді қабылдап қана қоймай, оларды нақты іспен, көмекпен және қызметпен қамтамасыз етуде.

Протездік-ортопедиялық көмек құралдарына 5 345 өтініш қабылданып, олардың жартысына жуығы (2 672 адам) тиісті құралдармен қамтылды. Сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарға сұраныс та жоғары. 12 801 өтініштің 10 671-і қанағаттандырылды. Бұл құралдар есту, көру, және басқа да сенсорлық қабілеттері шектеулі азаматтардың күнделікті өмірде еркін қозғалып, ақпаратты қабылдауына үлкен көмек береді.

Мүгедектерге арналған қол-арба құралдары бойынша 817 өтініш келіп түсіп, олардың 710-ы қамтамасыз етілді. Жалпы, мүгедектігі бар жандардың күнделікті өміріне тікелей көмек көрсететін мамандардың қызметі де жоғары сұранысқа ие. 2025 жылы 2 849 адам жеке көмекші мен ымдау тілі мамандарының қызметіне мұқтаж екенін білдірген, олардың 2 790-ы осы қызметпен қамтылды.

Мүгедектігі бар адамдар үшін санаторий-курорттық емделу де үлкен маңызға ие. 2025 жылы 13 541 азамат шипажайға жолдама алуға өтініш білдірсе, олардың тек 4 463-і жолдамамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында арнайы жабдықталған “Инватакси” көліктері қызмет көрсетуде. Бүгінге дейін 38 арнайы көлікке 315 өтініш келіп түсіп, қызмет көрсетілді.

Мүгедектігі бар азаматтар үшін мемлекеттік қызметтерді онлайн алу жүйесін жеңілдету бағытында да нақты іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, басқарма ғимараттарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған. Бұл жерде азаматтар электронды цифрлық қолтаңба және әлеуметтік порталмен жұмыс істеу бойынша толыққанды көмек ала алады. Басқарма қызметкерлері әрбір келушіге жеке-жеке кеңес беріп, қажетті қызмет түрін алуына көмектесуде.

Қорыта айтқанда, қалада мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жандана түсуде. Бөлінген қаражат көлемінің артуы, қызмет көрсетудің әртүрлі түрлерін кеңейту, өтініштерді нақты және сапалы түрде қанағаттандыру мұның бәрі мемлекеттің осы санаттағы азаматтарға көрсетіп отырған қамқорлығының көрінісі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мүгедектігі бар жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталатыны сөзсіз.

 

«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ»