Қоғамдық келісім мен ел ішіндегі тұрақтылық – Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі. Бұл құндылықтар, әсіресе, тарихи Түркістан қаласының дамуында маңызды рөл атқаруда. Ел бірлігі мен бейбіт өмірге негізделген тұрақты саясаттың арқасында Түркістан – бүгінде мәдени, рухани және экономикалық тұрғыдан жаңарып келе жатқан орталыққа айналды. Түркістан – түркі халықтарының рухани астанасы ғана емес, ұлтаралық татулық пен діни келісімді ұлықтайтын мекен. Мұнда жүзден астам этнос өкілі бір шаңырақ астында тату өмір сүріп, қоғамдық келісімге негізделген даму моделіне үлес қосып отыр. Қаланың тыныштығы мен тұрақтылығы – елдегі жалпы бейбіт өмірдің айнасы. Аталмыш бағытта қалада бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде, халықтың құқықтық, этносаралық, мәдени сауаттылығын арттыру мақсатында “Қазақстан халқының бірлігі” апталығы, Жастарға арналған патриоттық кездесулер, Мәдени-көпшілік іс-шаралар мен ақпараттық сағаттар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, қаланың әлеуметтік желілерінде, БАҚ-та бірлік, тұрақтылық, азаматтық татулық жөніндегі түсіндірме материалдар жарияланып келеді. Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Қоғамдық келісім» мекемесі бірлесіп, этномәдени бірлестіктермен тығыз жұмыс жүргізуде.
Ассамблеяның 30 жылдығы – егемен еліміздің тарихындағы айтулы оқиға. Аталған институт этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында тиімді саясат жүргізе алатын ұйым ретінде танылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблеяның ХХХІV сессиясында маңызды ойлар айтты. Ел бірлігі мен ынтымағы Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етіп отырғанына тоқталып, этномедиация институтын дамытуды атап өтті. Соңғы жылдары Түркістан облысында медиация саласы айтарлықтай көрсеткіштерге жеткенін айта кеткен жөн. Былтыр Ассамблея сессиясында Президент облысымыздағы этномедиацияға қатысты жұмыстарға оң баға берді. Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өңірімізде 2 мыңнан аса ұлттық, мәдени, спорттық іс-шаралар өткізілуде. «Ассамблея жастары» да азаматтық жауапкершілікті дамытуға арналған бірқатар бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда. Облысымыздағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандардан «Достық үйін» ашу керек деп санаймын. Түркістан облысында этносаралық келісім тұрақты дамып, барлық азаматтардың мүдделері тең дәрежеде қорғалады. Жалпы Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Атап айтқанда, облыста «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобалары сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері 631 іс-шара мен 49 қайырымдылық акциясы өткізіліп, 39 мыңға жуық адам қамтылды. Сонымен қатар 168 ақпараттық-насихаттық кездесулер өткізіліп, оған 9 мыңға жуық тұрғын қатысты.
Президенттің пікірінше, Ассамблея құрылған уақыттан бері азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңірді.
— Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда біздің бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін. Бүгінгі сессияның міндеті — Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны әрі қарай дамытудың бағытын белгілеу. «Біз әртүрліміз — біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің үш негізқұраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі — саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту.
— Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасының жойылуы демократиялық сайлау стандарттарының сақталуына қатысты бірқатар мәселенің күн тәртібінен алынуына септігін тигізеді. Осы ретте Ассамблеядан ұсынылған сенаторлар жалпыұлттық интеграция мен этномәдени әралуандылық негізінде Қазақстандағы этникалық топтардың барлық мүддесін тиімді қарастыратын болады. Мұндай модель Қазақстанның парламенттік жүйесінің халықаралық тәжірибесі мен ерекшелігіне сай келеді, — деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясынан Сенат депутаттығына ұсынылатын үміткерлерді таңдаудың тиімді әрі ашық рәсімдерін әзірлеу қажет екенін атап өтті. Бұл мәселенің бәрі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» жаңартылған заңда көрініс табуға тиіс.
— Партиялық және сайлау жүйелерінің реформасы барлық азаматтың сайлау үдерістеріне қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Іс жүзінде тұтас сайлау ландшафтын қамтитын жаңа партиялар пайда болады деп болжануда. Партиялық тізім, сондай-ақ бірмандатты округтер бойынша үміткерлерді сайлау Қазақстанның этникалық әралуандығын шынайы түрде көрсетеді. Сонымен қатар этносаралық факторды саясиландыруға және бұл тақырып бойынша арандатушылық сипаттағы талқылауларға да мүлде жол беруге болмайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.