Түркістан – ұлттық бірліктің тұғырлы мекені

12
Қазіргі Қазақстан қоғамының басты байлығы – тұрақтылық пен ұлттар арасындағы келісім. Бұл құндылықтар Түркістан қаласында нақты іске асырылып жатқан жобалар мен қоғамдық бастамалар арқылы көрініс тауып отыр. Түркістан – тек көне шаһар ғана емес, бүгінгі таңда бірлік пен бейбітшілікті сақтай отырып дамып жатқан жаңа заманауи орталық. Мемлекеттік саясатта ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге басымдық беріліп келеді. Осы бағытта Түркістан қаласында мектептер мен колледждерде “Бірлікті ұлықтайық” атты ашық сабақтар, қоғамдық ұйымдардың ұйымдастыруымен “Татулық – тірегіміз” форумы, мәдени ошақтарда ұлттар достығы күніне арналған іс-шаралар өткізіліп жүр. Қала жастары мен тұрғындары арасында азаматтық жауапкершілікті арттыру мақсатында этносаралық келісім, бейбіт өмір салты мен отансүйгіштік туралы ақпараттық видеороликтер, тренингтер мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылуда. Қоғамда сенім мен ынтымақ орнаған жерде ғана дамуға жол ашық. Түркістан қаласының үлгісі – еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің нақты көрінісі. Мұндағы әрбір бастама – көпұлтты халқымыздың өзара түсіністік пен достық негізінде өмір сүріп жатқанын дәлелдейді.
Бірлігі бекем ел – берекелі болашақтың кепілі. Түркістандағы қоғамдық келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар арқылы қала тек тарихи емес, рухани және әлеуметтік тұрақтылықтың орталығына айналып отыр.

Ескіден қалған есті сөз бар: «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі мықты ел озады». Ия, бүгінде ұлан-ғайыр алып топыраққа иелік етіп отырған еліміз бірлік пен ынтымағы жарасқан мемлекет ретінде аяғынан нық тұрып, күн сайын дамып келеді десек артық айтқанымыз емес. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихына сәл шегініс жасасақ,1995 жылы, наурыздың 24-ші жұлдызында Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясы өткен болатын. Сессияға мемлекеттік құрылымдардың басшыларымен бірге зиялы қауым өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдері қатысты.Әрбір мемлекеттің дамуы қоғамдағы саяси және діни тұрақтылықты қажет етеді. Тәуелсіздік алған кезде қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қоғамдағы этносаралық келісімді сақтау маңызды болды. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген даналық сөз халқымыздың ежелден бірлікті басты байлық деп мойындағанын дәлелдейді. Қоғамдағы ұлтаралық келісім мен достықты сақтау мен дамыту үшін құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің барлық жетістіктерінде ерекше орын алатындығын атап өткен жөн. Қазақстанның ұлтаралық қатынастар саласындағы өткені, бүгіні мен болашағы Қазақстан халқы Ассамблеясымен ажырамас. Тәуелсіздік алғашқы жылдарынан бері Ассамблеяның жұмысы елді біріктіріп, халықты біртұтас қоғам ретінде қалыптастырды. Бүгінгі таңда оның қызметін БҰҰ мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдар мойындады. Бейбітшілік пен келісімді сақтау мемлекеттік саясат үшін этникалық дінаралық, аймақтық қақтығыстар түріндегі қауіп-қатерлер жағдайында ерекше маңызды екенін мойындау керек. Ұлттың тұтастығын сақтауда қоғамдық келісімге, саяси-идеологиялық құндылықтарға назар аударған жөн. Қоғамдық келісімнің қалыптасуы қазақстандық қоғамның көпұлтты табиғатымен тығыз байланысты.