ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

20

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды балалар суицидінен қорғау жөнінде: «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид-бұл бәріміз үшін қайғылы жағдай. Неліктен балалар мұндай қадамға барады деп бәріміз байыпты ойлауымыз керек. Қатал өмірлік көзқарастарды қалыптастыру, шын мәнінде, тәрбие процесі сапасының негізгі критерийі болып табылады» деген еді.

 

Шынында, адам құқықтарының ең маңызды іргелі құқықтарының бірі — өмір сүру құқығы. Көпшілікке мәлім, еліміз өлім жазасына мораторий жариялау арқылы қоғам алдындағы міндеттемелерін орындап келеді. Бірақ соңғы жылдары өзін саналы түрде өлім жазасына кесетін жағдайлар қоғамда жиі бой көрсете бастады. Өкініштісі, мұндай оқиғалар балалық немесе жасөспірімдік шақта болатыны қорқынышты. Өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары, әсіресе жастар мен балалар арасындағы осындай жағдайлар жыл сайын белең алып келеді.

 

Бұрын «жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсапты» деген суыт хабарды естімейтін едік. Себебі, мұндай оқиғалар радио, телеарналардан айтылмайтын еді. Бола қалған күннің өзінде оны дабыра етпей, қоғамда жабық ұстайтын. Ал, соңғы жылдары пәлен бала асылып өліпті, түген бала жоғарыдан секіріп кетіпті деген сарындағы азалы хабарларға елдің құлағы үйрене бастады. Әсіресе, осы жылы Алматыда болған өздерін өлімге қию оқиғалары қоғамды дүр сілкіндірді.

Осы оқиғадан соң ата-аналар «баламды қалай қорғаймын?» деп сары уайымға салына бастады. Расында балалардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары неге көбейіп кетті? Бәлкім, бұл «баланы бетінен қақпай өсіру керек» дейтін батыстық құндылықтарға бой алдыруымыздың көрінісі шығар. Мүмкін ұлттық құндылықтарын ұмытып, руханиятын тәрк еткен қоғамның іштей іріп-шіруі осыған әкелді ме? Сансыз сауал сананы жан-жаққа жүгіртеді. Өкінішке қарай, ата-ананы алаңдатқан осы тектес сауалдардың жауабы әзірге бұлыңғырлау болып тұр.

Суицидке бой алдыру оқиғалары бұрын да болған шығар. Бірақ, дәл бүгінгідей белең алмағаны анық. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, Қазақстанда жыл сайын 3 мыңнан аса адам суицидке ұшырайды екен. Мәселен, былтырғы жылдың сегіз айында Түркістан облысы бойынша 302 адам өзіне қол жұмсап, өлуге әрекет жасаса, 2025 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіш174 адамды құраған.  Жас ерекшелігіне қарай талдау жүргізсек, 2025 жылдың сегіз айында өз-өзін өлімге итермелеген 174 адамның 9-ы 5 пен 14, 9-ы 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. 12-сі 18-24 жас аралығындағы жастар. Ал, суицид жасауға оқталғандар саны бұдан да көп. Бір айта кетерлігі, мұндай деректер еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Бұл – осынша ата-ана қара жамылып, ботасынан айырылған інгендей еңіреп қалды деген сөз.

Мамандардан пікірінше, адамдардың суицидке жиі бару себебі әртүрлі. Көпшілігі мұны отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен көреді. «Әрине, демографияға үлес қосып, көп баланы өмірге әкеліп жатқандар аз емес. Алайда, оларды асырай алмай, не дұрыс киім кигізе алмай, тіпті, дұрыс тамақ бере алмай отырған отбасылар көп. Осыдан кейін бала өзін мектепте өте қор сезінеді. Кейде баланың мазаққа шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсап жатуы да сондықтан. Зерттеп көргеніміздей, оның тағы бір себебі, некесіз туғандығында. Айталық, әйел көлденең көк аттыдан жүкті бола қалса, өзін тастап кеткен жігітті де, іштегі шарананы да қарғайды. Ал, қарғыс құр босқа кетпейді. Ол бала туғаннан бақытсыздыққа ұшырайды. Оның психикасында ауытқу пайда болады. Бұрын ата-бабаларымыз жүкті әйелді түнде далаға жалғыз шығармаған. Тіпті, оған түрі қорқынышты адамды да көрсетпеген. Өйткені, оның бәрі іштегі балаға зиян деп есептеген. Қазір бәрі керісінше.

Сосын бүгінгі балалар неше түрлі кино көреді. Атыс-шабыс, қырып-жою туралы фильмді көрген бала соған еліктеп, соны істегісі келеді. Қысқасы, соның бәрін басынан өткеруге бел буады. Қазір оқушылардың көпшілігі мектепке қымбат телефон ұстап келеді. Оған тұрмысы төмен отбасының баласы қызығып: «Менде мұндай телефон неге жоқ? Әке-шешем неге сатып әпермейді?» деп ызаланады. Бұл мектепте бірыңғай тәртіп пен талаптың жоқтығынан болып отыр, – деген пікірде.

Тағы бір легі мектепке баланың көңіл-күйін дөп басатын тәжірибелі психологтарды көптеп тарту қажеттігін алға тартады. Мәселен, Жапонияда суицидтің алдын алу үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді екен. Ал, бізде ше? Бізде мәселе әбден шарықтау шегіне жеткен кезде аттандап жатамыз. Қазір орта білім беретін мекемелерде мектеп инспекторы да, психолог та жұмыс істейді. Десек те, баланың ішкі дүниесіне үңіліп, онымен етене қарым-қатынас орнатып, тіл табыса білетін психологтардың аз екенін мойындау керек. Тіпті, бізде психологқа сұраныс та, қолдау да жоқ. Бір мектепте кемінде мыңнан аса бала білім алса, бір-екі психолог олардың қайсыбіріне жетеді.

Оның үстіне, қазір көп ауылда жастардың бос уақытын өткізетін спорт кешендері мен клубтар жоқ. Барының өзі қаңырап бос тұрады. Содан қолы бос бала жағымсыз әрекетке барып, бірте-бірте қылмыс жасауға үйренеді. Мұның соңы зұлымдыққа, қатыгездікке итермелейді. Сосын мұндай келеңсіздіктердің көбеюіне елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың да әсері жоқ емес. Қаншама отбасының асыраушысы жұмыс таппай, сенделіп жүр. Бұл да отбасы мүшелерінің, оның ішінде өмірдің ақ-қарасын енді танып келе жатқан жеткіншектің тәрбиесіне ауыр тиетіні сөзсіз.

Иә, әр бала жас шыбық секілді. Оған күтім жасалмаса, қисайған жағына қарай өсе береді. Бала тәрбиесі де солай. Сондықтан «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген тәмсіл бекерге айтылмаған. Егер бала отбасынан үйренетіндей ештеңе таппаса, мейірімге бөленбесе, жаман әдеттерге бой алдыруы оп-оңай.

Наталья ҚОЖАБЕКОВА,

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысындағы өкілі.