ШЫБЫН ДА АҢҚАУДЫҢ АУЗЫН АҢДИДЫ

Өмірімізге цифрландыру үрдісі дендеп енгелі азық-түліктерге тапсырыс беру, төлемді төлеу, киім сатып алу және тағы басқа да қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға жол ашылды. Бұл жаңалықтар кейбір адамдар үшін уақытын үнемдеуге және өмірін мүмкіндігінше жеңілдетуге мүмкіндік болса, енді біреулер үшін алаяқтық әрекеттерді іске асыратын жол. Әрине, қазір жұрттың көбі ақшасын әмиянда емес, банк карточкасында, болмаса банктің мобильдік қосымшаларында сақтағанды дұрыс көреді. Бәлкім, содан да болар, адамдар интернет арқылы қаражатынан жиі қағылып жатады. Мұны алаяқтардың құрбанына айналған азаматтардың полицияға жиі шағым түсіруінен-ақ байқауға болады.
Қазір технология ілгерілеген сайын алаяқтықтың да түр-түрі пайда бола бастады. Бірі әлеуметтік желілерде танымал адамдардың атын жамылып, қаржылай көмек сұраса, енді бірі жалған интернет-дүкендер мен «фейк» парақшалар ашады. Қарапайым адамдар олардың уысына қалай түскенін өздері де байқамай қалады. Оның үстіне, адамдар қазір қажет заттарын онлайн сатып алуға бейімделе бастады. Тауарды арнайы сайт арқылы іздеп, ақшасын көрсетілген банктік есепшотқа аударады. Ал, жеке деректерді, сондай-ақ, банк карточкасының нөмірін қолға түсірген алаяқтар сол кісінің атын жамылып, ақпараттық шабуыл жасайды. Міне, мұндай жайттар бүгінде айналамызда жиі орын алып жатады.
Алаяқтардың мұндай жолға түсуіне көбіне жетіспеушілік себеп болатын көрінеді. Расында да бірлі-жарым адамдар болмаса, бүгінде асып-тасып, шекесі шылқып отырған ешкім жоқ. Бірақ, солай екен деп елдің бәрі алаяқтықпен айналысып жүрген жоқ. Барды қанағат тұтуға үйренген. Ал, алаяқтарға жем болмас үшін әуелі сананы өзгерту керек екендігін ұмытпағанымыз жөн. Себебі, аңғалдықтың заманы баяғыда өтіп кеткен.
Ғабит ТӨЛЕГЕНОВ,
Шымкент қаласының
әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының
судьясы.