ҚАҺАРЛЫ ҚАРУДЫ ҚАЙТАДАН ОҚТАДЫҚ

1183

ҚАҺАРЛЫ ҚАРУДЫ ҚАЙТАДАН ОҚТАДЫҚ

 

Жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан сары үрпек балапан дүниеге көзін ашып қараса, шілтиіп шіркей тұр екен. Қылқ еткізіп қояды. Дәнікеннен құныққан ман, ұясынан ұзаңқырып созса… Беті бедірейіп, екі-мұрты едірейіп қарсы жолыққан қара мысық мұны ап деп қояды.

Бірін-бірі жеп жүрген дүние-ай! Біреудің тоқпақтай білегіне қонған маса шаға бастайды. Сорады кеп сорады. Мұны байқаған әйелі:

– Бейбақ-ау, қаныңды теспей сорған мына пәлені ұрып өлтірмейсің бе? – десе, – Тиме, тиме! – дейді сыбырлай сөйлеп. – Бұл маса әбден тойды. Егер ұшырып жіберсем, оның орнына аш маса кеп қонады да, таза қаныңды тағы сорады ғой.

Бұл бүгінгі заманның мысқалдай бір парасы ғана. Сыбайластық, жемқорлық, коррупция секілді емі жоқ есірік аурудың күннен-күнге қоздай түскенін аңғартатын астарлы әзіл.

Әнебір жылдары Шу өңіріндегі миды айналдыратын апиын шөпті құртамыз деп өртеп еді… О, сұмдық-ай! Одан сайын қаулап өсті. Түп тамырымен жоямыз деп соқамен жыртып сойқанын шығарып еді… Мәссаған! Сорайған сораңыздың біреуі екеу боп, көкке ұмтылып көктеп, бітік өспесі бар ма? Бұдан қайтіп құтыламыз? Шақша басымыз шарадай боп, амалын таппай абдырап келеміз.

Ұйымдасқан қылмыс пен желкеңді көрмегір жемқорлық та сол сора секілді сорымызды қайнатты. Қалай күресеміз? Ұсталғандар ұры емес дейміз құрықталғандарды қойдай көгендеп абақтыға айдап-ақ жатырмыз. Олар кімдер? Көбісін білмейміз. «Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады» деген сөз бар. Ендеше, арамтамақ алпауыттардың атын атап, түсін түстейік. Жемқорларды желкелеп әкеп, ел алдында екі бетін қызартып масқараласақ қайтеді? Жұрт білсін. Күлсін. Бәлкім былайғы жұрт айылын жияр.

Осындай идеяны орайластырған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мұрындық болуымен азуын айға білеген сатиралық «Ара» журналы «Айқын» газетінің ортасынан орын тепті. Биылша 8 беттен айына 2 рет шығарып отыруды көздедік. Жатыпатар жауынгерлерін жасақ таған «Ара» – ара болады, шаққан жері жара болады» деген үміттеміз.

Қоғамның жегі құртына айналған ашкөз алпауыттарды аяусыз әшкерелейтін тақырып қаншама? «Түйе жегендерді мақтайтын, түйме жегендерді соттайтын» құқық қорғау органдарымен де бірлесіп шабуылдайтын түріміз бар.

Құрметті әзіл сүйгіш әлеумет! Көрмеген құқайы жоқ «Ара» басылымы атқа қонды. Алдағы кезде аузына шоқ тістеген өткір фельетондар мен өрелі сын-сықақтарға, қаны теуіп тұрған қазақы қалжыңдарға, сондай-ақ тұқымы тұздай құрып кеткен әзіл әндерге байқау жарияламақпыз.

Біздің ұранымыз «Сатира – қаһарлы қару, оны қолдан түсіруге болмайды». Жасырып жабатын не бар, еліміз егемендік алғаннан кейін біз де біраз дамылдап тоқтадық. Биыл 1 сәуір – Күлкі күнінен кейiн «қаһарлы қаруды» қайтадан оқтадық.

 

 

ЖҰМА СӘЛЕМ

 

Қарға келіп қарқ етіп,

Қалқып ішіп ол кетті.

Көбелек келіп көмп етіп,

Көлкіп ішіп ол кетті.

Сауысқан келіп саңқ етіп,

Сарқып ішіп ол кетті.

(Ауыз әдебиетінен)

 

Есейген ұлы әкесінен:

– Папа, – депті, – филиал деген не?

– Бала кезіңде отырған горшок есіңде ме?

– Иә, иә…

– Ендеше былай: сол горшок біздің үйдегі унитаздың филиалы.

(Қазіргі заманның қалжыңы)

 

Қарқылдаса бүгінде қарғаларың,

Қол соғатын қауымға таң қаламын.

Бәйге алатын сәйгүлік, арғымақтар

Байбатшаның сүйреді арбаларын.

 

Көлдің суын көбелек тауысқанда,

«Зам» болып жүр самұрық сауысқанға.

«Әй!» дейтұғын әже жоқ,

Әмпейлердің

Жәмпейлердің орнына ауысқанда.

 

Қырнап жейді қазанды қаспағымен,

Қоса жұтар сиырды баспағымен.

Ым-жымы бір,

Ындыны құрығандар

Пойызды да жалмайды «составымен».

 

Обыр, жемқор обалға қарасын ба,

Бармақ басты, көз қысты – санасында.

Менің елім мешкей боп бара жатыр,

Унитаз бен горшоктың арасында.