Айтыстағы арғымақ
(Эссе)
Ақындар айтысы десе тайпалмас талай дүлдүлдің тарихы көз алдымызға елестейді. Сүйінбай мен Қатағанның, Біржан мен Сараның, Жамбыл мен Шашубайдың, сондай-ақ Тезек төре, Құлманбет, Майлықожа, Ұлбикеннің ажарлы айтыс үлгілері жадымызға таңбалы тастай бедерленген. Кеңес өкіметі халқымыздың қанына сіңген осы бір үкілі өнерді қапаста ұстап қамап тастаса да қап түбіндегі біз секілді тесіп шығып жатты. Кешегі қанды қырғын соғыста ата жауға ататын оқ сияқты таптырмайтын қару – ақындар айтысы екенін айтқан кім? Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы. Баукең 1943 жылы 18 сәуірде Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа майданнан хат жазды. Онда «Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болмайтынын», елдің рухын көтеру үшін ақындар айтысын өткізіп, ұлттық ойындар мен дәстүрді жаңғырту керектігін қадап айтады. Осыны назарда ұстаған Нұртас Дәндібайұлы сол жылдың 11 желтоқсанында республикалық ақындар айтысын Алматыда өткізіп, халықтың рухын көтерген. Оған сол кезде Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Күләш Байсейітова, Әбділда Тәжібаев қатысып, ақындар айтысының қанат жаюына қамқорлық танытқан. Бірақ жалғасын таппады. Отыз жылдан аса үзілістен соң Ғылым академиясының қызметкері Көбей Сейдаханов пен Мардан Байділдаев ақындар айтысын ұйымдастыруға барынша әрекет жасады. Қылышынан қан тамған қызыл империяның қит етсе қиып түсетін кезеңі ғой, биліктегілер тұншықтырып тастады. «Қазақстан» телеарнасының бас редакторы Сұлтан Оразалинов «Айтыс», «Терме» атты арнайы хабар ашып, тоқтап қалған тоғанның суын ағытты. Аталмыш екі хабарды ақын Темірше Сарыбаев жүргізгенін білеміз. Дәл осы тұста айтыстың теленұсқасын көпшілік көрерменнің көзайымына айналдырып, алғаш рет сахнаға саңлақ ақындарды алып шыққан Жүрсін Ерман. Кіл дүлдүлдер мен бұлбұлдар: Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Тәушен Әбуова, Қалихан Алтынбаеыв, Әселхан Қалыбекова, Көпбай Омаров, Әлия Беркенова, Айтақын Бұлғақов, Дәмеш, Жәнипа… Кейінірек Шорабек, Әзімбек, Құдайберді, Мәлс, Ерік, Аманжол, Бекарыс, Оразалы, Балғынбек, Серік, Ақмарал, Карима, Маржан, Әбілқайырлар толықтырды. Әрқайсысы бір-бір бұлақ болса, бұлаққа бұлақ қосылып, тау суындай тасқындап ақты.
…Бұлғақ шалдың бұлағынан бастау алған Айтақын да алқым жүні ағарып ақсақал болыпты-ау! Кеше ғана жем жеген тайдай топырақтап шауып жүрген Айтақын ауыздықпен алысқан арғымаққа қалай айналды?
Өзі әнші, өзі облыс көлемінде белгілі айтыскер ақын Әсет Керімбаев сегізінші сыныпта оқып жүрген Айтақын балаға әй-шәй жоқ:
– Сен айтысқа дайындал! – деді. Балақай басын сипап, ат-тонын ала қашты.
– Ағай, ондай өнерім жоқ…
– Байқаймын, сенде батылдық бар, батырлық бар, еркіндік бар. ең бастысы – табиғатың таза! – деді ұстазы.
– Кіммен айтысам?
– Сенің жасың он бесте ме? Он бесте! Өзіңнен бір жас кіші Жайлаухан деген оқушы қызбен сахнаға шығасың. Дайындал! Нартәуекел! Сөзін екеуіңе де өзім жазып берем, жаттап ал.
Тұңғыш рет тұсауы кесілді. Ауыл арасында «Ақын бала!» атанса да оқ бойы озып шаба қоймады. Әсіресе 1987 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық ақындар айтысында семейлік Дәмеш Омарбаевадан оңбай жеңілді. Тауы шағылды. Мұңын шақты. Кімге? Жетісудағы жеті ақынның бірегейі Әбікен Сарыбаевқа хат жолдады. Кезінде Алматыда өткен ақындар айтысында Мұхтар Әуезов үлкен баға берген абыройлы аға-тын. Халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың шәкірті болған. «Әбікен аға, — деді Айтақын. – Енді айтысқа қатыспаймын. Неге? Әрбір айтыскер ақындардың қасында бір-бір баптаушысы мен ақыл-кеңесшісі жүр. Мен болсам домбырамды құшақтап жалғыз бардым».
Бұл хатқа Әбікен ағасы жауап қайырды: «…18 жыл ұстаз болған Қалқа Жапсарбаевтың маған айтқан ақылын саған да қайталаймын. Есіңе сақта. Қарсыласты бірден бассалмай, мадақтай отырып ішіне кір де іштен шал. Тәжірибең аз. Сен жеңілген жоқсың, сені дұрыс баптамаған халқың жеңілді. Өйткені сен бір облыстың атынан барып тұрсың ғой. «Битке өкпелеп тоныңды отқа тастама». Сен қайда барсаң да қасыңда жүруге дайынмын. Маған айтпай неге жалғыз кетіп қалдың? Өмірде сүрінбейтін тұяқ жоқ. Төбемізге көтеріп жүрген Жамбыл атаң да сөзден сүрінген. Осы ойыңда болсын. Мұқалма. Жасыма. Хабарласып тұр…»
Жігерленді. Қанжардай қайралды. Отқа орынған ормандай лаулады. Сол жылы жаз айында Қазақ радиосы республикалық ақындар айтысын өткізді. Тікелей эфир. Алматының атынан студент Табылды Досымов шықты. Айтақын Талдықорғанның жыртысын жыртты. Қазылар алқасының төрағасы профессор Тұрсынбек Кәкішев. Бір сағатқа созылған айтыста Айтақынның мерейі үстем болды. «Жүрсіннің жүйріктеріне» қосылып, талай тұлпарды шаң қаптырып оза шапты. Мәдениет жылына байланысты 2000 жылы Жезқазған қаласында Бекарыс Шойбековпен айтыстағы айшықты өлеңі ауыздан ауызға тарады.
Тоғыз тарау ақынның толғау жыры,
Күңіренген қобыздың тозды-ау қылы.
Бір-ақ жылдық науқанға айналмасын,
Мәдениетті биылғы қолдау жылы.
Игі дәстүр болды бұл,
Аш қалып ек рухани.
«Миллениум Пати» деп,
Салтымда жоқ сайрады
Төріме шығып кукари.
«Журга, журга, журга» деп
Иван мен жүр Витали.
Домбыра қалып жайына,
Қаптап кетті гитари.
Мәдениетім өшпесін,
Әдебиетім өлмесін,
Жесек жейік сухари.
Бұдан бір жыл бұрын Елорда төрінде өткен аламан айтыста айтқандары да бар қауымды баурап алған.
Өркендеуге келгенде мешелдеуміз,
Еліктеуге келгенде есерлеуміз.
Сирақ жасап бүйректен шығаратын,
Шетімізден шатақ тіл шешендерміз.
Астанаң да – Еуразия,
Баспанаң да – Еуразия,
Ажарың да – Еуразия,
Базарың да – Еуразия
Университетің де – Еуразия.
«Шаш ал десе, бас алған»,
Бұ не деген безобразия?!
Сол сол-ақ екен күллі залды күлкі кернеп, мың кептер қатар ұшқандай дүркіретіп соғылған шапалақтан құлақ тұнды. Жұрт залда отырған Шерхан Мұртаза қарады. Сірә, бет-жүзінен қандай әсерде екенін аңғарғысы келсе керек. ол кісі де мәз. Шерағаңның шерін қозғап жіберді-ау. Риза кейіпте.
Өлеңдері өрнекті, көкейкесті ойлары көрнекті ақын ештеңеден ыққан жоқ. Шындық үшін шырылдады. Ақиқатын айтып салып жүрді. «Мынаның басында бақ бар екен, астында тақ бар екен» деп шекесі жылтыр шенеуніктерден тайсалмады. Бір заманда Алматы қаласының әкімі Храпунов алқалы жиында әуелі «Ассалау…» деп қазақша амандасады да, әрі қарай ресми тілде жорғалайтын. Жұрт «Храпунов қазақша сөйлейді!» деп мақтан тұтып, желпініп жүрді. Сондай тұстағы бір айтыста Айтақынның айтқаны ел есінде:
…Қазаққа күйеу бала Храпунов,
Қазақтан бұрын қазақша бастады-ау кеп.
Екі ауыз сөз сөйлесе мәз боламыз,
«Осы біздің күйеуде бас бар-ау?!» деп.
«Аңқау елге арамза молда» болып,
Аузымызды ысып жүр «Ассалау!..» деп.
Түйінді ойын «Қазақстандық ұлт болам деп ұйып жүріп, «Ассалауға!» зар болып қап жүрмейік» деп кекесін тілмен келте қайырды.
Ұмытпасам, 2007 жылы Елордада Қайрат Сатыбалды бауырымыз демеушілік жасап, ақындар айтысын ұйымдастырды. Қазақтың қанатты жануары жылқыны өркендету мәселесін көтерген Айтақынның арқасы қозып толғағаны-ай!
Ер қанаты – ат еді,
Салтымды кімдер бояды?
Желісі мен жорғасы
Көрсең көңіл тояды.
Ішсең – қымыз, жесең – ет,
Дертің болса жояды.
Қадіріңді білмейді
Қазақтың ноқат-нояны.
Тұлпар тікпей тұмарлы
Айтысқа да, бәйгеге
Машина тігіп қояды.
Қасқырға бермес үйірін,
Айғыры алғыр ойқастап.
Кең алатын құлашын
Жануарын жай тастап.
Тебінгісін тер басқан
Текті малды жүрміз-ау
Машинаға айырбастап?..
Міне, мәселе қайда? Жыр додасының соңында «Бәйгеде де бұл қазақ бал жинаған арадай. Көңілі кетер көмбеге шанышқы көзі шарадай. Мыңғыртып мыңды айдаған қажет боп тұр қазаққа қара шалым Қарабай» деп тұжырымдады. Қоғамды қозғап ой тастады. Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мәдениеті мен жылқы жер жүзіне Ұлы даладан тарағанын» айғақтай келіп, оны әрі қарай әспеттеуге нащзар аударғаны әмбеге аян.
Айтыс ақындарының ішінде киноға түсіп актер болғандар бар ма? Бар. Үшеу. Бірі – Мұхамеджан Тазабеков, бала Жамбылдың бейнесін сомдады. Екіншісі? Жүрсін Ерман. «Аңшы бала» атты фильмде түйе мініп түлігін іздеп жүретін шалдың ролінде ойнады. Үшіншшісі кім? Айтақын Бұлғақов. Ол халық артисі Асанәлі Әшімов қойған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты екі сериялы фильмдегі бақсының ролін 35 жасында жанын шығарып ойнады. Екі иығын жұлып жеп, селкілдеп, қалшылдап, от басып, шоқ шайнап, аузы-басы көпіріп, көзі ақшиып, өзі қақшиып бақсының ролін сомдау оңай ма? Жаркентте Тоқан деген бала бақсы бар еді, соның емшілік өнерін ерінбей-жалықпай көріп жүріп, от үстінде ойнақтаған тәсілін қайталады. Ал Асекең бақсының роліне неге Айтақынды таңдады? Сахнада саптама етігімен «хайләйлім, хайлім, хайләйлім» деп жер тепкілеп, иығын қиқаңдатқаны баяғының бақсыларына ұқсайтынын байқаған болса керек.
Қазір өзі де ұлғатты ұстазға айналды. Шәкірттері қаншама! Бір Балғынбек Имашевтің өзі неге тұрады. Кіндігінен тараған кіші баласы Жандарбек ше? Он үш жасынан айтысқа баулыған алмас қылыштай ұлы бес жүзге жуық ақындар айтысын жатқа біледі. Міне, тәлім! Міне, тәрбие! Атаның қаны, ананың сүтімен даритын дара қасиет.
Елу сегіз жасында дүниеден озған әкесі Мұхамеди мен аяулы анасы Күлшария Дінисламқызы жас шағында қара өлең үлгісімен ауыл-аймақтағы айтысқа қатысқан. Құдай қосқан қосағы Жәмила да сауда-саттық саласының маманы болғанымен, бір қағары бар, текті әулеттің қызы.
Сөзіміздің басында «Жүрсіннің жүйріктері» дедік. Жүйріктің де атауы бар: арғымақ, сәйгүлік, пырақ, тұлпар. Айтақын қайсысы? Ауыздықпен алысып, жер тарпып тұратын арғымақтан аумайды. Сол арғымағымыз алты асудан асқан күні қажылық парызын өтеп жүрген шәкірті Балғынбек Мекке-Мединеден құттықтау жолдапты. Құдды айтыста отырғандай.
Туылған Жаркенттегі жазирада,
Алпысың құтты болсын, ақиық аға!
Арқаңда мына сенің мені халық
«Хайләйлім Балғынбек» деп таниды, аға.
Өйткені сен сияқты домбыра ұстап,
Қызықпадым скрипка, пиониноға.
Бақсы болып киноға түскен едің,
Ислами келмесе де қағидаға.
Әйтеуір оны тастап қажы болдың,
Келтіріп тіліңізді кәлимаға.
Шарт та шұрт қызу қанды мінезіңмен,
Симаушы ең қала түгіл долинаға.
Сабырлы, салихалы деген сипат
Жарасқан жеңешеміз Жәмилаға.
Сен болсаң өмірбойы ғашық болдың
Ақмарал, Айнұр менен Каримаға.
Мен болсам махаббатқа адал болып,
Серік қоспай келемін Жазираға.
Мерейтоймен құттықтап бара алмаған
Шәкіртті бұйырмаңыз обидаға.
Астыңа «Джип» мінгізсем жарасар ед,
Бере алмадым «Лада Калина» да.
Бұйыртса 70 жаста мінгізермін
«Камри» ма, «Королла», «Карина» ма.
Сыйлық заказ беріп ем кешіктірді
Қытайдағы экспресс «Алибаба».
Амалсыз тақияға заказ бердім,
Тастақтағы тігінші Сәлимаға.
Қарабет боп сыртыңнан дұға жасап,
Жатырмын Мекке менен Мәдинада.
Алладан тілегенім: келіндердің
Бойлары тұнып тұрсын ар, ибаға.
Арман мен Жандар деген қос құлының
Кезек-кезек тудырсын сәби бала.
Немерелер толтырсын шаңырақты
Шетінен ақын, батыр, қари, дана.
Жеңешем екеуіңді жылда апарсын
Түркия, Мысыр, Хайнянь, Манилаға.
Жағың түспей жамандық көрмеңіздер,
Кіргенше мүмин болып могилаға.
Мекендеп жер жәнәты Жетісуды,
Хаққа құл боп, ергенің Нәби ғана.
Ақыреттің жәннәты Фирдауыста
Алланың дидарын көр, әмин, аға!
Ғажап! Әкесінің орнына бел баласы, белгілі айтыскер Жандарбек жақсы тілегін жаңбырдай жаудырып жауап қайырды.
– Дұғаңыз қабыл болсын әмин, аға,
Шәкіртсіз бақсыға да, қариға да.
Дегенмен туған күнді көп айтпаңыз.
Жақын жүрсіз Ислам-уль-Жамиғаға.
Әкеміз 40 жыл тер төккен екен,
Бұлғақов деген бренд фамилияға.
Содан кейін тізгінді бізге берді,
Нұрекеңдей үміт артқан Дариғаға.
Әкесі тренер боп мықты болды
Біз түгіл Дағыстандық Хабиб аға.
«Джип» мінгізе алмадым деп налымаңыз,
Қызықпайды ол су жаңа кабинаға.
60 жас құрметіне көктем келсе
6 өзбек атасыз ғой ана үйге, аға.
Меккеге құр өзіміз бара бермей,
Батяны апарайық ради Бога.
Намаз сайын қосайық ата-ананы
Раббир хәмәһумә кәмә роббәяни сағироға.
…Батыр Баукең пайымдағандай халықтың рухын көтеру үшін «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ақындар айтысына қолдау білдіріп, жүйрікке жүйрік қосылуда. Қазір қазақтың қанына сіңген айтыс өнері жолға түскен жорғадай…
Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері