Бекзат Саттарханов туралы түрік тіліндегі кітап жарық көрді

Түркияда қазақ боксының жарық жұлдызы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған түрік тіліндегі кітап жарық көрді. Небәрі жиырма жасында Олимпиада шыңын бағындырып, қазақ спортының тарихында өшпес із қалдырған даңқты боксшыға арналған бұл еңбек «Ақындардың көзімен/сөзімен Бекзат Саттарханов» (Ozanların Gözüyle/Sözüyle Bekzat Sattarhanov) деп аталады.
Жинаққа 2000-2025 жылдар аралығында Бекзат Саттархановқа арналып жазылған 30 автордың 45 өлеңі енгізілген. Қазақ ақындарының жүрекжарды жырлары түрік тіліне тәржімаланып, түркі оқырманына ұсынылып отыр. Кітапта ел мақтанышына айналған спортшының ерлігі, өр рухы, қысқа ғұмырындағы жарқын жеңісі мен қазақ жастарына үлгі боларлық тағдыры поэзия тілімен өрнектелген.
Аталған еңбекте Елтай Бимаханбетұлы, Қаныбек Сарыбаев, Бекарыс Шойбеков, Әселхан Қалыбекова, Нұрмахан Назаров, Асқар Дүйсенбі, Серік Сейітман, Серікбол Хасан, Мақсат Ережеп, Алпамыс Файзолла, Табиғат Абаилдаев сынды өңірлік және республикалық деңгейде танымал ақын-жазушылардың Бекзат Саттархановқа арнаған жырлары қамтылған. Бұл кітаптың басты ерекшелігі – Бекзат Саттархановтың тұлғасын түрік оқырманына поэзия арқылы таныстыруында. Сонымен қатар еңбек қазақ ақын-жазушыларын да түркі жұртына жақындата түсуді мақсат етеді. Осы мақсатта жинақта әр автордың өмірбаяны да берілген.
Кітапта даңқты спортшының өмір жолы, спорттағы жетістіктері және ол туралы жазылған еңбектер жөнінде де мәліметтер қамтылған. Сондай-ақ Қазақстанның танымал тұлғалары мен спортшыларының, Бекзат Саттархановтың Сидней Олимпиадасындағы қарсыластарының чемпион туралы айтқан жылы лебіздері де оқырман назарына ұсынылған.
Айта кетейік, қазақ халқының мақтанышына айналған Бекзат Саттарханов туралы шетелде жарық көрген бұл алғашқы кітап Еуразия Жазушылар Одағының «Bengü» баспасынан шықты. Еңбекті әзірлеп, түрік тіліне тәржімалаған – Ержан СерікұлыАрғынбаев. Ал, кітаптың жарық көруіне қолдау білдіріп, демеушілік жасаған – Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы Уфук Тузман мырза.
Мадина ЖАНҒАЗИЕВА,
Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің докторанты














