Университет жастары – елдің ертеңі, патриоттық рухтың жаршысы

10

Патриотизм – мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамдық сананың берік негізі. Бүгінгі таңда жастар арасында Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру – білім беру жүйесінің, соның ішінде жоғары оқу орындарының басты басымдығына айналып отыр. Бұл тұрғыда Түркістан қаласындағы университеттер ел жастарын патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше белсенділік танытып келеді. Түркістан – қазақ тарихының алтын бесігі, түркі дүниесінің рухани орталығы. Бұл қасиетті қалада білім алып жатқан жастар еліміздің өткенін терең танып, болашағын бірге қалыптастыру жауапкершілігін сезінуде. Қаланың рухани атмосферасы – студенттердің бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті, елге адал қызмет етуге ұмтылысты арттыра түсуде.

Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан жоғары медицина колледжі, Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі секілді оқу орындарында патриоттық тәрбие тек дәрістермен шектелмей, қоғамдық-мәдени өмірмен тығыз ұштасып келеді. Университет қабырғасында “Мен – Қазақстан патриотымын”, “Ел болашағы – білімді ұрпақ”, “Рәміздер – ұлттық рухтың белгісі” атты тәрбие сағаттары, пікірсайыс клубтары мен еркін форматтағы кездесу алаңдары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Аталған шаралардың барлығы жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, ел алдындағы парызын сезінуге бағытталған. Студенттер Түркістан тарихын, мемлекеттілік негіздерін, ұлттың ұлы тұлғаларын танып, ел игілігі үшін еңбек етудің маңызын жете түсінуде.

Патриоттық тәрбиенің айқын көрінісі – волонтерлік қызмет пен әлеуметтік жобаларға жастардың белсенді қатысуы. Түркістан жастары қала тазалығына, мәдени нысандарды сақтау мен насихаттауға, қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға белсене араласуда. Бұл – елге қызмет етудің, отансүйгіштік қасиеттің нақты дәлелі. Сонымен бірге, студенттер мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді, ел тарихын терең білуді, ұлттық бірегейлік пен бейбітшілік құндылықтарын бойына сіңіруде. Университеттерде ұйымдастырылатын әскери-патриоттық клубтар мен дебат турнирлері жастар арасында пікір алмасуға, мемлекетшіл көзқарас қалыптастыруға ықпал етуде.

Түркістандағы білім ордалары қазіргі заман жастарының санасын оятуға, ел тағдырына бейжай қарамайтын, белсенді, білімді, отансүйгіш тұлға қалыптастыруға нақты жұмыс жүргізіп келеді. Әрбір жастың бойындағы патриоттық сезім – елдің ертеңін жарқын ететін қуатты күш. Сондықтан Түркістандағы жоғары оқу орындары бұл бағыттағы жұмысты тек жалғастырып қана қоймай, жаңа форматтармен тереңдете түсуде.  Түркістандағы университет жастары – Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын биік ұстайтын, ұлттық рухты ардақтайтын, ел болашағына сеніммен қарайтын жас буын. Олар Отан алдындағы перзенттік борышын терең сезініп, әр қадамын ел мүддесімен сабақтастырып жүрген нағыз патриоттар. Мұндай жастар барда елдің ертеңі нық әрі сенімді болмақ.

Әрбір халықтың қалыптасуы мен дамуы жолында өздеріне тән ерекшеліктері болады. Сондай-ақ қасиет тұтып, ардақтайтын киелі құндылықтары да бар. Мемлекетіміздің дербестігі мен тәуелсіздігін дүйім дүниеге жария етіп, кеше мен бүгін арасындағы сабақтастықтың жарқын белгісі – мемлекеттік рәміздеріміз. Ұлттық құндылығымыздың белгісіне айналған мемлекеттік рәміздеріміз әрбір азамат үшін киелі болып саналады. Бүгінгі күні мемлекеттік рәміздерді білмейтін пенде кемде-кем болар. Себебі мемлекеттік рәміздеріміз білім беру жүйесінде, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап оқытылады. Бүгінгі ұрпақ санасына мемлекеттік рәміздердің мәні мен қалай қастерлеу керектігі де үйретіледі. Еліміздің ерте кезден аңсаған тәуелсіздігінің айқын бейнесі осы – Мемлекеттік рәміздер. Иә, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халық басынан түрлі қиын-қыстау кезеңдер мен қанды оқиғалар өтті. Сол үшін мемлекеттік рәміздерді қастерлеу әр азаматтың басты міндеті болуы тиіс. Келешек дамыған елдер қатарынан көрінуге осындай төл нышандарымыздың атқарар қызметі айрықша. Ертеңгі ұрпақ тәрбиесінен қалыс қалдырмай, мемлекеттік рәміздеріміздің мәнін түсіндіре жүргеніміз артық етпес.