Түркістанда цифрлық әкімдік жұмыс істейді

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында цифрлық трансформация мен заманауи технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында: «Цифрландыру — мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, қоғаммен ашық диалог орнатудың негізгі тетігі болуы тиіс», — деп атап өткен болатын. Бұл — ел дамуындағы стратегиялық бағдарды білдіретін ұстаным.
Осы бағыттағы Түркістан қаласындағы маңызды бастамалардың бірі — тұрғындармен тікелей әрі жедел байланыс орнатуға арналған 109 — Бірыңғай байланыс орталығы. Бұл жоба — өңірдегі «ашық әкімдік» қағидатының нақты көрінісі. Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы халықтың мәселелерін жедел шешу, кері байланысты күшейту, тұрғындардың өтініш-тілектеріне уақытылы жауап беру — орталық жұмысының басты мақсаты.
Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасына қарасты «Цифрлық даму орталығы» КММ жанынан құрылған 109 бөлімінің техникалық іске қосылу мерзімі — 2022 жылдың 6 маусымы болса, ресми ашылу күні — 2022 жылдың 18 шілдесі. Қазіргі таңда бұл орталық Түркістан қаласы мен облыс аумағының халқы үшін тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетуде. Заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған бөлім жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді әрі сенімді ақпарат көзіне айналып отыр.
— Орталықтың Түркістан қаласы бойынша жүргізген жартыжылдық есебіне көз жүгіртсек, 2025 жылдың алты айында қала тұрғындарынан 42 951 өтініш келіп түскен. Оның барлығы дерлік орындалған. Бұл — күн сайын жүздеген Түркістан қаласының тұрғыны түрлі мәселе бойынша 109 қызметіне жүгінетінін білдіреді. Байланыс құралдары бойынша өтініштердің басым бөлігі — 42 603 өтініш 109 қысқа нөмірі арқылы түскен. Сонымен қатар, WhatsApp желісі арқылы 315, Telegram бот арқылы 29, Instagram арқылы 2, мобильді қосымша арқылы 2 өтініш тіркелген, — дейді «Цифрлық даму орталығы» КММ директор орынбасары Жансая Айкенова.