ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ БАРЛЫҚ МЕКТЕПТЕРДЕ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

36

Жетісай ауданы, Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Ақниет елді мекенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген 600 орындық мектептің ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Шоқан Адайбеков, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ұстаздар мен оқушыларды қатар келген қос қуаныштарымен құттықтады.

Бұған дейін 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан Көрікті ауылының №37 «Еңбек» жалпы орта мектебіне қатынап оқыған ауыл балалары енді заман талабына сай толық жабдықталған зәулім ғимаратта білім алатын болады. Мұнда ұстаздар мен оқушыларға арналған кең көлемді мәжіліс залы, заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт және хореография залдары, медициналық кабинеттер мен бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін білім ұясында оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән берілетін болады.

«Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технологиялар заманында ауыл балалары да ғылым мен білімнен шет қалмауы керек. Жасалып жатқан реформаларды уақытылы меңгеріп, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек ететін ұлтжанды тұлға болып қалыптасулары тиіс. Бұл бағытта ұстаздар қауымына артылар сенім үлкен»-деген аудан басшысы жұртшылықты жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыс тіледі.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіз әрі ыңғайлы ортада білім алып, жұмыс істеулерін қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес ауданда 3 мектепке реновация жұмыстары, 5 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын.