КӘСІПОРЫНДАРДА ӨНДІРІСТІК КЕҢЕС ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

172

Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жыл басынан бері азаматтардан 500-ге жуық өтініш түскен. Нәтижесінде 98 құқық бұзушылық анықталып, жалпы көлемі 5,1 млн. теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 2,8 млн.теңге көлеміндегі 17 айыппұл өндірілген.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда Шымкентте 18 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасын енгізді. Сондай-ақ, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero — Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұжырымдамаға 70 кәсіпорын қосылды.

Қалада кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысына сүйенсек, бүгінгі күнге қаладағы 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмыс істейді, 1009 жұмыс орынына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сондай-ақ, 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Осыған байланысты өңірдегі 4 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылған. Ал сақтандыру мәселесі бойынша Шымкент қаласындағы 7558 компанияның 2538-і ғана сақтандыру келісімшартын жасаған.

Бүгінгі күні, қалада 3 848 кәсіпорын белсенді жұмыс істейді, оның ішінде 1 728 кәсіпорында жалпы түзілген ұжымдық шарттар 44,8 пайызды құрады.