«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТЫ ІС ЖҮЗІНДЕ: 21 МЫҢНАН АСТАМ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ АШЫҚ СОТ ПРОЦЕСТЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ

Әскери прокуратура органдары әскердегі заңдылық пен тәртіпті нығайту шараларын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Қылмыстық істер бойынша көшпелі және онлайн сот отырыстары профилактиканың тиімді құралдарының біріне айналды.
Бұл жұмыс барысында жеке құрамның 44 сот отырысына қатысуы қамтамасыз етілді. Оның ішінде 24-і көшпелі форматта, 20-сы онлайн трансляция арқылы өткізілді. Нәтижесінде аталған сот отырыстарына 21 мыңнан астам әскери қызметші қатысты. Олардың қатарында 10 мыңнан аса мерзімді қызметтегі сарбаздар, 5 мыңнан астам офицерлер және шамамен 6 мың келісім шарт бойынша әскери қызметшілер бар.
Мұндай тәжірибе заңсыз әрекеттер үшін заң алдында жауапсыз қалмайтынын айқын көрсетеді, әскери қызметшілердің құқықтық тәртіптің маңызын түсінуін қалыптастырады және құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті нығайтады. Бұл өз кезегінде әскери тәртіпті сақтауға және армияның жауынгерлік қабілетін арттыруға тікелей ықпал етеді.
Атап өту қажет, бұл іс-шаралар Президенттің биыл қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген басымдықтармен толық сәйкес келеді. Онда «Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттік құрылыстың мызғымас тірегі ретінде айқындалған.
Бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын табады.
Қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі – заң мен тәртіп. Әрбір мемлекеттің іргетасы осы екі ұғымға негізделеді. «Заң мен тәртіп» қағидаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қоғамдағы әділдікті орнату және елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды принцип.
Заң – мемлекеттің ең жоғары күші бар нормативтік актісі. Ол қоғамдағы тәртіпті белгілеп, әр азаматтың не істеуге құқылы, не істеуге болмайтынын анықтайды. Ал тәртіп – сол заңдардың сақталуын қамтамасыз ететін азаматтық жауапкершілік пен мәдениеттің көрінісі. Яғни, заң қағидаты мен тәртіп қағидаты – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.
Қазіргі таңда елімізде заңдылық пен құқықтық мәдениетті нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Азаматтардың құқықтық санасын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамда әділдік қағидатын орнықтыру — құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдардың басты міндеті.
Тәртіп бар жерде тыныштық орнайды, заң сақталған жерде әділдік болады. Сондықтан әрбір азамат өз әрекеті мен мінез-құлқын заң талаптарына сай ұстауы тиіс. Бұл — тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның дамуы мен өркендеуіне әсер ететін фактор.
Қорытындылай келе, «Заң мен тәртіп» қағидаты – елдің тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруінің негізі. Заңға құрмет пен тәртіпке бағыну – әр қазақстандықтың борышы.