ОТАНҒА АДАЛДЫҚ СЕРТІ: САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысының аумақтық қорғанысты ұйымдастыру тапсырмасы аясында Шымкент қаласындағы №50120 әскери бөлімінде маңызды іс-шара өтті. Шаһардағы оқу алаңында әскери міндеттілердің қатысуымен салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі және арнайы оқу-жаттығу жиындары басталды.
Биыл 17–26 қыркүйек күндері аралығында резервтегі Шымкент аумақтық қорғаныс бригадасының базасында он күндік арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өтіп жатыр. Жиынның басты мақсаты әскери міндеттілердің жауынгерлік қабілетін арттырып, тактикалық машықтарын жетілдіру, Отан қорғауға деген жауапкершілікті күшейту болып отыр. Әскери жиынға қатысып жатқан, бұған дейін әскери ант қабылдамаған 56 әскери міндетті сарбаз Отанға адалдық сертін беріп, ант қабылдады. Бұл тарихи сәтке олардың ата-аналары, сондай-ақ аудан әкімдері мен орынбасарлары арнайы шақырылып, қатысушыларға жүрекжарды тілектерін арнады.
«Биылғы әскери жиындарға қатысушы ретінде өзімнің алған әсерім ерекше. Бұл жиындарға шақырылу мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Жиындар толықтай әскери тәртіпке сай ұйымдастырылған. Барлығы нақты кестемен өтеді. Таңертеңгілік тұру, жаттығулар, саптық дайындық, атыс жаттығулары, бәрі әскердегідей қатаң тәртіппен жүргізіледі. Сабақтарды офицерлік құрам өткізіп жатыр. Бізге қару қолдануды, саптық жүрісті, сондай-ақ ұрыс тактикасын үйретеді. Жалпы алғанда, жиын өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған деп айта аламын. Мұнда келгеніме шын жүректен қуаныштымын әрі мемлекетімізге осындай мүмкіндік бергені үшін зор алғыс айтамын», дейді Алексей Булгаков.
Сондай-ақ ол бүгін өзі үшін айрықша күн болғалы тұрғанын жеткізді. Себебі әскери ант қабылдап, сол сәттен бастап өзі де толыққанды әскери міндетті жауынгер қатарына қосылмақ. Ал бұл – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін өзі де жақсы түсінеді.