ШЫМКЕНТТЕ АСА ІРІ КӨЛЕМДЕ СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ

23

Шымкентте аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді, — деп хабарлайды Polisia.kz. Шымкент қаласы полиция департаменті «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «Заң және Тәртіп» қағидаты негізінде есірткі қылмысына қарсы күресті белсенді түрде жалғастыруда.   Мәселен, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан екі шетел азаматын ұстады. Жалға алынған автокөлікті тексеру барысында сатуға дайын күйде оралған мефедрон психотроптық заты салынған 22 пакет тәркіленді. Бұдан бөлек, күдіктілер алдын ала дайындап қойған жасырын орындардан тағы 46 есірткі орамасы табылды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 200 грамнан асты. Есірткі қылмысына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар жедел іс-шаралар аясында Түркістан облысының 20 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның күртешесінен сатуға арналған шамамен 70 грамм мефедрон табылды. Одан бөлек, қыркүйек айында аса ірі көлемде психотроптық заттарды таратумен айналысқан жергілікті тұрғын да ұсталды. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталды. Шымкент қаласы полиция департаменті есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен сол тектестердің заңсыз айналымы үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Заң және тәртіп – мемлекеттің тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруінің кепілі. Әрбір азамат заңды сақтау арқылы қоғамдағы тыныштық пен әділдікті қолдайды.
Заң – бұл қоғамдағы мінез-құлық ережелерін белгілейтін негізгі құрал, ал тәртіп – осы заңдардың орындалуының нәтижесі. Егер заң талаптары сақталса, тәртіп орнайды, ал тәртіп бар жерде әділдік пен тұрақтылық болады.
Құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің бірлескен жұмысы азаматтардың құқықтарын қорғауға, заң бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдағы сенімді арттыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда заң мен тәртіпті сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың міндеті. Себебі әркім өз жауапкершілігін түсінген жағдайда ғана қоғамда бейбітшілік пен әділдік орнайды.