ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС ИЕСІНЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қызметкерлері Адырбеков көшесі, №70 ғимараттағы құрылысты тексеріп, нәтижесінде осы мекенжайда орналасқан 1 қабатты монша, дүкен, салонның иесі ғимаратты қайта құрылымдап, рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізіп жатқанын анықтады.
Құрылысқа тапсырыс беруші ғимарат бөлмелерінің нысаналы мақсатын ауыстырып, дүкен мен әсемдік салонының шатырын біріктіру арқылы емдеу орталығын ашқан. Тапсырыс берушіге жергілікті атқарушы органның шешімінсіз құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуге болмайтыны, сондай-ақ, ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңының талаптарын сақтамағаны түсіндірілді. Нәтижесінде оған 800 мың теңгеден астам айыппұл салынып, құрылыс жұмысын тоқтату туралы нұсқама берілді.
Құрметті қала тұрғындары!
Кез келген құрылысты бастамас бұрын қолданыстағы заң талаптарына сәйкес рұқсат алуды және құрылыс нормаларын қатаң сақтауды ескертеміз.
Аталған талаптарды орындамау ірі көлемдегі айыппұл салуға, сонымен қатар, заңсыз құрылысты мәжбүрлеп бұзуға әкеп соғуы мүмкін.
Заңсыз құрылыс – мемлекеттік рұқсат құжаттарынсыз, құрылыс нормалары мен талаптарын сақтамай салынған ғимарат немесе құрылыс нысаны. Мұндай құрылыс тек қала келбетіне зиян келтіріп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігіне де елеулі қауіп төндіреді.
Заңсыз салынған нысандар инженерлік жүйелерге қосылмаған, жер телімінің мақсатына сай келмейтін немесе құрылыс нормаларын бұзған жағдайлар жиі кездеседі. Соның салдарынан апатты жағдайлар, өрт, опырылу немесе инфрақұрылымның істен шығуы сияқты тәуекелдер артады.
Мемлекет тарапынан заңсыз құрылыстарға қарсы бақылау күшейтіліп, ондай нысандарды бұзу немесе заңдастыру талаптары қарастырылады. Әрбір азамат құрылыс бастамас бұрын жерге, жобалауға және ғимарат салуға қатысты барлық рұқсат құжаттарын алу міндетін түсінуі қажет.
Қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін құрылыс саласында заң талаптарын мүлтіксіз сақтау – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.







