ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА – ЛАЙЫҚТЫ ЕҢБЕКАҚЫ!

15

Бүгінгі таңда жұмысшы күшіне деген сұраныс артып келеді. Дегенмен, жасыратыны жоқ — көптеген жастар ұсынылған жұмыс орындарына бірден баруға ықыласты емес. Себебі – ең басты мәселе еңбекақының төмендігі.

Осыған орай, Көрме орталығында өткен «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде» «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев төрт телеарнаға – Ontustik TV, Уақыт TV, Айғақ TV, Хан TV – кең көлемді сұхбат берді.

Жәрмеңкеде 200 кәсіпорын мен ұйым өз ұсыныстарын ұсынып, жастарға 2000-нан астам бос жұмыс орнын таныстырды. Алайда, бұл мүмкіндіктерді пайдалануға барлығы бірдей асықпайтыны айтылды. Бауыржан Алтеев бұл мәселеге нақты себеп ретінде ең төменгі жалақы деңгейінің мардымсыздығын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялауы – Қазақстан үшін тарихи шешім. Бұл құжат:

— ең төменгі жалақыны халықтың нақты қажеттіліктеріне сәйкестендіруді;

— жалақыны белгілеу кезінде баға, әлеуметтік төлемдер және отбасы шығындарын ескеруді;

— кәсіподақтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын қамтамасыз етуді міндеттейді.

Бауыржан Алтеев атап өткендей, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы бұл ратификацияға көп жылдар бойы жүйелі түрде қол жеткізуге еңбек етті. Бұл – тек кәсіподақтардың емес, барша еңбек адамдарының жеңісі.

ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Конвенцияның жүзеге асуы келесі нәтижелерге жетелейтініне сенімді:

— жұмысшылар үшін лайықты еңбекақының кепілденуі

— әлеуметтік әділдіктің күшеюі

— халықаралық стандарттарға сай еңбек қатынастарын дамыту

— ел экономикасын өркендететін адал еңбекке ынтаның артуы

Бауыржан Алтеев сөзінде:

«Қазақстанда жұмыс орындары бар. Енді сол жұмыс лайықты еңбек пен әділ жалақыға сәйкес болуы керек. Бұл – мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақтар бірлесе шешетін маңызды міндет».

Кәсіподақтар еңбеккерлердің мүддесін қорғауды жалғастыра береді. Олар жұмысшылардың құқықтарын қорғап, әділ еңбекақы мен қауіпсіз жұмыс жағдайларын қамтамасыз ету үшін тынымсыз еңбек етеді. Өйткені қоғамның дамуы – әрбір еңбеккердің жағдайынан басталады.

Әр жұмыс орны, әр қолдағы мүмкіндік – бұл тек жеке табыс емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен әл-ауқатының кепілі. Сондықтан кәсіподақтар мен еңбеккерлер бірлесе, Қазақстандағы әрбір азаматтың еңбегі әділ бағаланатын қоғамды құру жолында жұмысын тоқтатпайды.

Еңбек адамы үшін – лайықты жалақы, әділ еңбек, қауіпсіз жұмыс!