ШЫМКЕНТТЕГІ АЙМАҚТЫҚ ФОРУМ: ЦИФРЛЫҚ ҚОҒАМ ЖӘНЕ ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАНЫСЫ

18

Бүгін Шымкент қаласында «Ұлттық құндылықтар академиясы» РҚБ Шымкент филиалы, қалалық Ардагерлер кеңесі және Шымкент қалалық білім басқармасының Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Цифрлық қоғамның мүмкіндіктері мен тәуекелдері: ұлттық құндылықтар тұғырындағы тәлімді тәрбие» аймақтық форумы өтті.

Форумның мақсаты – цифрлық қоғамның мүмкіндіктері мен тәуекелдерін саралай отырып, ұлттық құндылықтар мен жасанды интеллекттің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету жолдарын талқылау, тәжірибе алмасу және педагогикалық қауымдастық арасында құндылықтарға негізделген тәрбие бағыттарын нығайту.

Форум бағдарламасы мазмұнды әрі жан-жақты болды. Алғашқы бөлікте қатысушылар тіркеліп, ұлттық құндылықтарға арналған ғылыми және оқу-танымдық әдебиеттер көрмесімен танысты. Пленарлық мәжіліс барысында ғалымдар, профессорлар мен педагогтар цифрлық қоғамдағы тәрбие мәселелерін түрлі қырынан қарастырды.

Панелдік сессияда «Құндылықтарға негізделген мазмұндық концептілерді педагогикалық практикада іске асыру тәжірибелері» тақырыбында баяндамалар ұсынылып, жасанды интеллект құралдарын білім беру мен тәрбие үдерісіне енгізудің тиімді әдістемелері талқыланды.

Шеберлік дәрістерінде педагогтар мен әдіскерлер жасанды интеллектті тәлім-тәрбие процесінде қолдану жолдарына тоқталды. Сонымен қатар қатысушылар тәжірибе алмасып, жаңа цифрлық шешімдер мен инновациялық идеялармен бөлісті.

Форум жұмысына «Шымкент Қаласы Кәсіподақтар Орталығы» Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев қатысып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қолдау білдірді. Оның қатысуы цифрлық трансформация жағдайында еңбек адамының рөлі мен ұлттық рухани құндылықтарды сақтау мәселесіне ерекше мән берілетінін көрсетті.

Іс-шара барысында ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи технологияларды тиімді пайдалану, жас ұрпаққа тәлімді тәрбие берудің жаңа тәсілдері талқыланды.

Форум соңында арнайы Декларация қабылданды.

Бұл құжатта цифрлық қоғам жағдайында өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тәрбиесі мен құқықтық қорғанысын қамтамасыз етуге бағытталған негізгі ұстанымдар бекітілді. Декларацияда:

— ұлттық тәлім-тәрбиенің тарихи бастауларына терең үңілу, ұлт тұлғаларының педагогикалық мұраларын зерттеу және жастар санасына ұлттық мәдени құндылықтарды енгізу қажеттілігі атап өтілді;

— Ұлы даланың дәстүрі, салт-санасы, мінез-құлық қалыптары қазіргі цифрлық буынға түсінікті форматта насихатталуы тиіс екені көрсетілді;

— жастардың коммуникативтік мәдениетін қалыптастыру, ақпараттық қауіпсіздік пен интернет этикасын сақтау мәселелері өзекті бағыттардың бірі ретінде белгіленді;

— жасанды интеллект технологияларын қолдану баланың білім алу, оқу және дамуына кері әсерін тигізбейтіндей деңгейде жүзеге асырылуы қажет екені ерекше айтылды;

— ЖИ енгізу барысында этикалық және құқықтық нормаларды сақтау, қадағалау тетіктерін күшейту, балалардың дербес деректерін қорғау маңызды екені нақтыланды;

— қоғамда кездесіп жатқан заңдық және әлеуметтік кедергілерге қарамастан, ЖИ құралдары болашақта күнделікті қолданылатын қажетті құралдардың біріне айналатыны жөнінде ортақ пікір түйілді.

Декларация форум қатысушыларының бірлескен ұстанымын білдіріп, мектептер, педагогтар, ата-аналар және қоғамдық ұйымдар жұмысына бағыт-бағдар беретін маңызды құжат ретінде қабылданды.