Шағын және орта бизнесті дамытуда «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы ұсынылды

756

Шымкент қаласының Инвестициялық штабтың кезекті отырысында қаладағы шағын және орта бизнестің даму мәселелері талқыға түсті. Атап айтқанда, бұл бағытта «Өңірлік брендтерді дамыту» жобасы, «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы бойынша ұсыныстар айтылды.

Аталған жобалар бойынша қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков баяндады.

Кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, бүгінде «Бастау Бизнес» курсын бітіргендерге қолдау жеткілікті. Оларға негізінен үш бағытта – өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету, агроөнеркәсіп кешені бойынша түрлі жеңілдіктер ұсынылуда.

Шаһарда шағын және орта бизнестің тиімділігін арттырудың кешенді шешімдері қолға алынуда. Соның бірі – кіші индустриалды аймақтар құру. «Бастау Бизнесте» оқыған кәсіпкерлерге кіші индустриалды аймақтан орындар ұсынылуда. Басты артықшылықтары – дайын сауда орындары, жеңілдік шарттарымен жалға алу және инфрақұрылымның қолжетімділігі.