БӘЙДІБЕКТІК ЖАСТАР – ОБЛЫСТЫҚ ПРЕМИЯ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

11

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жыл көшбасшылары» жобасы аясында өткен «Үздік жастар премиясы – 2025» байқауының салтанатты марапаттау кеші жоғары деңгейде өтті.

Аталған байқау өңірде мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға үлес қосып жүрген, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түрлі салада өз білімі мен белсенділігі арқылы ерекше жетістікке жеткен жастарды анықтау және қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараның ашылуында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Серікұлы сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы рөлі мен ел дамуына қосып жатқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ, белсенді әрі еңбекқор жастарға алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Аталған байқауда Бәйдібек ауданының жастары да жоғары нәтиже көрсетіп, бірқатар номинация бойынша үздік деп танылды.

— Атап айтқанда, «Үздік жас мұғалім» номинациясын “Бөген жалпы білім беретін мектеп” КММ физика пәнінің мұғәлімі Әдбікәрім Андасұлы,

— ал «Үздік жас дәрігер» номинациясын Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының Емхана бөлімінің Дәрігері Лаура Нұрғалиқызы иеленді.

Жалпы байқау барысында білім, медицина, спорт, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет, экология, шығармашылық, волонтерлік, ақпарат салалары бойынша үздік деп танылған жастар марапатталып, әр аталым иегеріне қаржылай сыйлықтар табысталды.

Облыстық деңгейде ұйымдастырылған беделді байқауда бәйдібектік жастардың жеңімпаз атануы – аудан жастарының әлеуеті мен белсенділігінің айқын дәлелі.

Жүлдегер атанған барша жастарды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы еңбектеріне толағай табыс тілейміз!