АППАРАТ ЖИЫНЫНДА МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы мен қызметкерлері, дербес бөлімдер мен мемлекеттік мекеме басшылары, ауыл округтерінің әкімдері қатысты. Күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудан бюджетінің кіріс және шығыс бөлігінің орындалуы, жыл қорытындысы бойынша төмен орындау қаупі бар индикаторлық көрсеткіштердің болжамы талқыланды. Бұл бағытта экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева мен мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ғани нұрымбетов атқарылып жатқан жұмыстар баяндап, оларға көрсеткіштердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Келесі кезекте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы Берік Алтынбеков аудан аумағында ағын су саласында атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы баяндап, туындаған түйткілдер мен оларды шешу жолдарын атап өтті. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, салааралық үйлесімділікті арттыруды тапсырды.
Сондай-ақ жиында ауданда бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін жобалар қаралды. Аудан әкімі аталған жұмыстардың сапасы мен мерзімінде аяқталуына баса назар аударды.
Күн тәртібінен түспейтін қоғамдық-саяси ахуал, азаматтарды күзгі әскерге шақыру, жылу маусымының өтуі және «Таза Қазақстан» акциясының орындалуы бойынша қосымша мәселелер де қозғалды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Азат Оралбаев барлық бөлім басшыларына көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, белгіленген тапсырмаларды мерзімінде орындауды тапсырды.








