САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ІССАПАРМЕН КЕЛДІ

5

Бүгін ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбділдәбеков жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына келді. Вице-министрді аудан әкімі Азат Оралбаев ауданның өндірістік әлеуетін көрсететін бірқатар нысандармен таныстырды.

Алдымен вице-министр Бөржар ауыл округінде орналасқан заманауи-иновациялық «ALTYN LAND» қыш зауытында болды. Құрылыс индустриясына қажетті өнім шығарумен айналысатын бұл кәсіпорын өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Зауыт бүгінде 100 адамды жұмыспен қамтып, жергілікті тұрғындардың тұрақты табыс табуына жағдай жасап отыр. Сонымен қатар, өндіріс орны жылына 90 миллион дана кірпіш өндіреді. Бұл көрсеткіш аудан мен облыс көлеміндегі құрылыс материалдарына деген сұранысты өтеуге мүмкіндік береді.

Сапардың келесі нысаны — Бадам индустриялық аймағында орналасқан «Central Asia Aluminum» профильдер өндіру зауыты болды. Зауыт 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтиды. Кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, жылына 20 мың тоннаға дейін алюминий профильдерін өндіреді .

Вице-министр өндіріс үдерістерімен танысып, өнім сапасы мен өндірістік мүмкіндіктерді жоғары бағалап, осындай заманауи кәсіпорындар еліміздің индустриялық әлеуетін күшейтіп, экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.