САРЫАҒАШТА 300 ОРЫНДЫҚ «КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІНІҢ» ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Сарыағаш қаласына қарасты Б. Оспанов көшесінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аталған құрылыс нысанына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда мектеп ғимаратында ішкі тазалау жұмыстары жүргізіліп, сыртқы абаттандыру шаралары қолға алынған. Сонымен қатар, оқу кабинеттеріне қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздарды орналастыру жұмыстары да атқарылуда.
Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk–Kazyna Construction» АҚ, ал мердігер ұйым – «А-Спецстрой» ЖШС.
Айта кетсек, жаңа мектептің пайдалануға берілуі аудан тұрғындары үшін сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға, оқушы орын тапшылығын азайтуға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.








