САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2025» МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

1

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай, «Aлтын күз-2025» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қайрат Салыбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, сала мамандары, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Күзгі жиын-терім науқанының қорытынды көрсеткіші айқындалатын мерекеде аудан әкімі Арман Абдуллаев құттықтау сөз алып, жыл бойы адал еңбегімен өз саласында жетістікке жеткен, мол өнім алып ауылдастарға үлгі болған үздік шаруа қожалықтарын, үздік ауылдық округ әкімдерін және үздік сала мамандарын марапаттады.

– Құрметті ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, құрметті қонақтар, ауыл ардагерлері! Сіздерді бүгінгі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің «Алтын күз-2025» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сарыағаш – ауыл шаруашылығы дамып келе жатқан аграрлы аудан. Ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан экономикамыздың қозғаушы күші мен табыс көзі де ауыл шаруашылығы саласы. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты болса, сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ауданның агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы кез-келген жетістігі шаруалардың, диқандардың адал еңбектерінің және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларының арқасы деуге болады, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың депутаты Рысбек Асылбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарға алғыс хат табыс жетті. Түркістан облыстық мәслихат депутаты Қайрат Салыбеков сала қызметкерлеріне «Ауыл» партиясының арнайы мерекелік төсбелгісін табыстады. Салтанатты іс-шара соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Ерте көктемнен қара күзге дейін дала төсінде тер төгіп, еңбек еткен жергілікті диқан қауымының өнімдері және аталған салада жүрген кәсіп иелерінің азық-түлік жәрмеңкесі мерекелік шара алдында ұйымдастырылды.