САРЫАҒАШ АУДАНЫНДАҒЫ «ҚАЗЫҒҰРТ» КЕДЕН БЕКЕТІ ЖАҢҒЫРТУДАН КЕЙІН ҚАЙТА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Бүгін елімізде жаңғыртудан өткен Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» заманауи технологиялық өткізу пунктті пайдалануға берілді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асырудағы жүйелі қадам.
Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылдық округінде орналасқан «Қазығұрт» өткізу бекетінің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев және Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қатысты.
ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев көпшілікті нысанның ашылуымен құттықтап, бұл бекеттің еліміз бен көршілес елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Шекаралық аймақта заманауи және тиімді инфрақұрылымды дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, сауда байланыстарын нығайтуға және өңірде сенімді логистиканы қамтамасыз етуге ықпал ететінін жеткізді.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров нысанның маңыздылығына тоқталып, жұмысына сәттілік тіледі. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев министрмен бірге нысанды аралап, реконструкциядан өткен кеден бекетінің жаңартылған инфрақұрылымымен танысты.
Нысанды реконструкциялау жұмысы 2023 жылы басталған. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ габаритті жүйелер, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары енгізілді. Қауіпсіздік пен жайлы қозғалысты арттыру мақсатында қозғалыс ағындары жаяу жүргіншілерге, жеңіл және жүк көліктері үшін бөлінген. Жүк көліктері үшін техникалық бақылаудан тоқтаусыз өтуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған дәліздер қарастырылған. Кеден бекеті қазіргі заманға сай техникалық құралдармен және цифрлық сервистермен жабдықталып, өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұған дейін кеден бекеті тәулігіне екі бағытта 250 жүк көлігін өткізуге мүмкіндігі болса, бүгінде тәулігіне 1 000 жүк көлігін өткізе алады. Ал бекет аумағы 2,5 гектардан 4,8 гектарға дейін кеңейтіліп, өткізу пунктіндегі жүк көліктеріне арналған көлік жолақтары екі жолақтан алты жолаққа дейін артты.
Жалпы «Қазығұрт» өткізу пунктінде 2025 жылдың алғашқы 11 айының нәтижесі бойынша, кеден бекеті арқылы өткен тауар айналымы мен көлік қозғалысы айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, импорт көлемі 155,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5%-дан астам өсім көрсеткен. Ал экспорт 252,4 млн АҚШ долларына жетіп, 57%-ға артқан. Кеден бекеті арқылы өткен жүк көліктерінің саны былтырға қарағанда 4,6 мың бірлікке ұлғайып, жаңғырту нәтижесінде жүк қозғалысы жылдамдап, бақылау сапасы күшейді.
Іс-сапар соңында министр Қазақстан – Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» өткізу пунктіне барып, реконструкция жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, нысанды мерзімінде тапсыру қажет екенін атап өтті.








