ЖІГЕР МЕН НАМЫСТЫҢ ДОДАСЫ: «AMANAT BARYSY» ТӨЛЕБИДЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ ӨТУДЕ

56

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Төлеби ауданында ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған маңызды шара – облыстық «AMANAT BARYSY» қазақ күресі турнирі алғаш рет ұйымдастырылды. Дода «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен Леңгір қаласындағы «Тағай» спорт кешенінде өтті.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының басшысы Алтынсары Үмбеталиев, аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Ғалымжан Худияров, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, сондай-ақ мәслихат депутаттары мен спорт жанкүйерлері қатысты.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, турнирдің маңызын атап өтті.

«Бүгін алғаш рет ұйымдастырылып отырған облыстық “AMANAT BARYSY” қазақ күресі турнирі – ұлттық спортымызды дәріптейтін, жастарымыздың жігерін жанитын және отансүйгіштік сезімін арттыратын маңызды дода. Осы іс-шараны Төлеби ауданында өткізуге қолдау көрсеткен «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы на, аудандық мәслихат депутаттарына, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», – деді аудан әкімі.

Турнирге өңірдің ең мықты 25 балуаны қатысып, қазақ күресінің абыройын асқақтатуға өз үлесін қосты. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, спортшылар арасында тартысты бәсеке өрбіді.

«AMANAT BARYSY» турнирі жас спортшыларға рух беріп қана қоймай, ұлттық спорттың дамуына да серпін беретін маңызды дода ретінде бағаланды.