МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ӨТІНІШТЕРДІҢ ҚАРАЛУ ТӘРТІБІН САҚТАУ – БАСТЫ МІНДЕТ

24

Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыс әкімінің аппаратының өтініштердің қаралуын бақылау бөлімінің басшысы, Айдана Әмірбекқызы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, “Е-Өтініш” ақпараттық жүйесін тиімді қолдануды нығайту және азаматтардың өтініштерін қарау тәртібін сақтау мәселелеріне арналған семинарға модераторлық етті.

Жиынға аудан әкімінің аппараты, ұйымдастыру-инспекторлық және аумақтық даму бөлімшесінің басшысы Азамат Мәлік, қала мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарының орынбасарлары, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары саласының мамандары, сондай-ақ хатшылар қатысты.

ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын орындау мақсатында ұйымдастырылған семинарда “Е-Өтініш” ақпараттық жүйесінің жұмысы, өтініштерді уақтылы, сапалы және заң талаптарына сәйкес қарау тәртібі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Айдана Әмірбекқызы мемлекеттік қызметшілердің жүйені қолдану барысында жиі жіберетін қателіктерін атап өтіп, оларды болдырмау бойынша нақты ұсыныстар берді.

Семинарда қатысушыларға өтініштерді қабылдау, тіркеу, қарау және олардың нәтижелері туралы хабарлау тәртібі заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет сапасын арттырудың негізгі жолдарының бірі – өтініштерді қарау тәртібін қатаң сақтау екені ерекше атап өтілді. Тыңдаушылар практикалық кеңестер алып, күнделікті жұмыс барысында қолдануға болатын нақты әдістермен танысты.

Жиын қорытындысында қатысушылар мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, өтініштерді уақтылы әрі сапалы қарауды қамтамасыз ету – әрбір мемлекеттік қызметші үшін маңызды міндет екенін атап өтті.