МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САПАСЫН АРТТЫРУ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

4

Түркістан облысының әкімі аппараты өтініштердің қаралуын бақылау бөлімі басшысы Амирбек Айдана Амирбекқызының бекітілген кестеге сәйкес кезекті құқықтық семинары Жетісай ауданында өтті.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Есенкелді Әшірханұлы төрағалық еткен жиынға қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлімдердің, ведомстволық мекемелердің басшылары мен жауапты мамандары қатысты.

Еркін форматта өткен семинар барысында Айдана Амирбекқызы ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын сақтау және «E-Otinish» ақпарат жүйесімен жұмыс жүргізу, азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдар мен құжат айналымының қаралу барысы, жіберілуі ықтимал кемшіліктер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Ұсыныс-пікірлерді бірігіп талқылады.

Баяндамашының мәліметінше мемлекеттік қызметшілер тарапынан жиі орын алатын кемшіліктердің бірі – өтініштердің орындалуы барысында өтініш иелерінің алдын ала жауаппен келісуі туралы және тыңдау жүргізуді ұйымдастыру деректері жүйеде қамтылмай, өтініш иелеріне тиісті түсіндірме жұмыстарының жүргізілмеуі салдарынан қайта арыздануына алып келеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет саласына деген сенімді әлсіретуі ықтимал екенін айтылып кемшіліктердің алдын алу, жазылған өтініштер мен арыз-шағымдарға дер кезінде жауап беру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды. Мемлекеттік қызметшілердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық ұстанымын қалыптастыру, адам бойына қажетті құндылық қатынастар мен қабілеттерін дамыту да мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, оң имиджін қалыптастыруға оң ықпал ететіні айтылды.