САУРАН АУДАНЫ ӘКІМІ ҚЫТАЙДЫҢ ЖЕТЕКШІ КОМПАНИЯ БАСШЫЛАРЫН ҚАБЫЛДАП, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ТАНЫСТЫРДЫ

2

Сауран ауданында Қытай Халық Республикасының өнеркәсіптік жабдықтар мен тамақ өнімдерін өңдеу саласында жұмыс істейтін жетекші 9 компаниясының басшылары ресми қабылдауда болды. Кездесуге аудан әкімі Мақсат Таңғатаров төрағалық етті. Делегация құрамында металл құю жабдықтары, бөтелке қалыптау машиналары, қуыру желілері, макарон өндірісі, сүт өңдеу, мұздатылған тағамдар, орау машиналары салаларында қызмет ететін компаниялардың жетекшілері болды. Сонымен бірге «Zhongzhi Mayson Technology Co., Ltd.» компаниясы Орталық Азиядағы өнеркәсіптік әріптестік мүмкіндіктері жөніндегі толық таныстырылым ұсынды.

Аудан әкімі қонақтарға өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін таныстырып, Сауранның ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдары, тоқыма өндірісі және жер қойнауын пайдалану бағыттарында бірлескен жобалар құруға дайын екенін жеткізді. Табиғи шикізаттың молдығы, инфрақұрылымның қолжетімділігі, өндірістік алаңдардың болуы және инвесторларға әкімшілік қолдау өңірдің басты артықшылықтары ретінде атап өтілді.

Кездесу барысында Шаньдун «Zhongzhi Mayson» технологиялар компаниясы құрған халықаралық платформаның жұмысы таныстырылды. Платформа құрамында 1600-ден астам қытайлық өнеркәсіптік кәсіпорын бар екені, сондай-ақ Қытайдың мемлекеттік және ірі жеке компанияларымен бірлесіп 4 млрд АҚШ долларын құрайтын өнеркәсіптік қор құрылғаны айтылды. Бұл қор Орталық Азиядағы жобаларды қаржыландыру, бөліп төлеу және несиелеу арқылы қолдауға бағытталған.

Инвесторлар өнеркәсіптік жабдықтарды 15 жылға дейін бөліп төлеу, Қазақстан аумағында зауыт салу, технология трансферін іске асыру, ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі бойынша толық өндірістік тізбекті енгізу сияқты ұсыныстарын ортаға салды. Қызанақ, ет, жарма, нан, фри, шырын, балық, құс өнімдері, консерві желілері және санитарлық-экологиялық жабдықтар бойынша жобалар таныстырылды.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.