МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

15
Жалпы, Шымкент қаласының аумағында қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 23 желтоқсаннан 2026 жылғы 3 қаңтар аралығында Шымкент қаласы Полиция департаменті және оған қарасты аудандық полиция басқармалары күшейтілген қызмет тәртібіне көшеді.
Мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полицияның жеке құрамы жұмылдырылып, арнайы бөліп-қою жоспарлары іске асырылады. Қылмыстың алдын алу мақсатында демалыс және мерекелік күндері криминогендік ахуалы күрделі аумақтарда рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Адамдар көп жиналатын орындар мен ойын-сауық мекемелерінде профилактикалық бақылау күшейтіледі.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін патрульдік полиция екі ауысымда қызмет атқарып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, оның ішінде мас күйде көлік жүргізу және қарсы бағытқа шығу фактілерін анықтауға ерекше назар аударады. Сондай-ақ түнгі уақытта ата-анасыз жүрген жасөспірімдерді анықтау бойынша бірлескен профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
Мереке қарсаңында жалға берілетін пәтерлерге бақылау күшейтіліп, кірістер басқармасымен бірлесіп тиісті тексерулер жүргізіледі. Ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлғалардың да жүріс-тұрысы мен сотпен қойылған шектеулерді сақтауына бақылау күшейтіледі. «102» нөміріне келіп түскен қоңырауларға жедел әрекет ету үшін жедел-тергеу топтарының жұмысы күшейтіледі.
Осы ретте, қала тұрғындары мен қонақтарына ескерту: әлеуметтік желілерде және тұрғындар арасында жергілікті атқарушы органдардың атынан жалған құжаттар таратып, пәтер алып беруге көмектесемін деп алдайтын алаяқтық әрекеттер жиілеп отыр. Мұндай күмәнді жағдайларға тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажет.
Баспана кезегі мен тұрғын үйге қатысты барлық ресми ақпараттар Шымкент қаласы әкімдігінің және Тұрғын үй басқармасының ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында ғана жарияланады. Жалған ақпараттарға сенбей, жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеулеріңізді сұраймыз. Алаяқтық әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз.