ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ӨТКІЗІЛУДЕ

Түркістан қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлерінің зираттарын тазарту іс-шаралары өтуде. Аталған шара Түркістан облыстық мәслихаты мен облыстық Ардагерлер кеңесі, облыстық “Аманат” партиясы мен Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда. «Таза Қазақстан» – бұл экологиялық жоба ғана емес, жас ұрпаққа патриотизмді үйрететін ұлттық деңгейдегі бастама. Өз елін сүю – Туға қарап тұру ғана емес, табиғатын қорғау, жерін таза ұстау, болашағына жанашыр болу. Ал «Таза Қазақстан» – дәл осы қасиеттерді тәрбиелейтін маңызды құрал. Жақында зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы экспедиция Түркістанға жетіп, «Қаракөз» зиратында Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов пен Ауған соғысының ардагері Абдулхаким Ергешовтің рухына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды. Зират маңын ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Ерлік пен елдікті ұлықтаған акцияға облыстық мәслихат депутаттары, Түркістан қаласы әкімдігінің басшылығы, облыстық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, сондай-ақ шаһардың белсенді жастары, қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, имамдар, студенттер және волонтерлік ұйымдар, БАҚ өкілдері, шаһардағы табиғат жанашырлары қатысты. Ізгі шарада Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы бұл шара тек сенбілік қана емес, өскелең ұрпақтың өткенге құрмет білдіруінің айқын көрінісі екенін атап өтті.
– Майдагерлерге тағзым ету мақсатында шараға қатысып жатырмыз. Таяуда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан қаласында «Өнегелі ұрпақ» атты экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Шараға 500-ден астам студент пен жас депутат қатысып, Қызылорда тас жолының бойындағы Қарашық өзенінің айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, табиғи ортаның сақталуына өз үлестерін қосты. Игі бастама жастарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, тазалық пен тәртіпке тәрбиелеуге, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы қағидатын дәріптеуге бағытталған. Осы орайда, қала тұрғындары мен белсенді жастарды табиғатты қорғауға, айналамызды таза ұстауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шақырамыз, – деді қала әкімінің орынбасары.
Жалпы, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасына сәйкес, қаланың көркі мен тазалығын сақтау мақсатында қала көшелерінің бойында тазалық және абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тазалық шарасы аясында аялдамалар мен бағаналар сырланып, сынған жарықшамдар жаңаларымен ауыстырылуда. Сонымен қатар, көше бойындағы ағаштар мен жасыл желектерге күтім жасалып, ретке келтірілді. Бұл жұмыстар қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырған болатын.
— Менің бастамаммен былтырдан бері «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Жалпыұлттық жобаға 6 миллионнан астам адам қатысты. 1,6 миллион тоннадан аса қоқыс жиналды. 3,3 миллион көшет отырғызылды. «Таза Қазақстан», бұл — біздің бүгінгі және ертеңгі күніміздің кепілі. Сондықтан жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Таза я тазалық, бұл — киелі сөздер. Ары таза адам ешқашан елін сатпайды. Біз «Қазақстан — ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек. Ассамблея бұл идеяны жан-жақты дәріптеп келеді. Бұл — өте тиімді әрі пайдалы жұмыс. Тазалық әр үйден басталуы керек. Сонда ғана «Таза Қазақстан» боламыз, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өсетінін еске салды.
— Сондықтан бүгін мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін, барлық этномәдени бірлестікті «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына белсене қатысуға шақырамын. Бұл — жай науқан емес, бұл — өскелең ұрпаққа озық білім мен тәлім-тәрбие беру деген сөз. Баршамызға қатысы бар идеологиялық маңызды іске әр қаланың, ауылдың, көшенің және ауланың тұрғындарын жұмылдыру керек. «Таза Қазақстан», бұл — шынайы отаншылдықтың көрінісі. Бәріміз Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанда өмір сүргіміз келеді, — деді Президент.
Осы орайда, Түркістан қаласы «Ассамблея жастарының» төрайымы Захро Ирисматова шаһардағы этнос жастары елдік пен бірлікті нығайтатын қоғамдық шараларға, «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті.
– Біздің назарымыздағы басты жобалар – «Таза Қазақстан», әлеуметтік кеселдермен күрес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен мемлекеттік тілді меңгеру. Мәселен, биыл жыл басынан бері «Ассамблея жастарының» қатысуымен 30-дан аса түрлі іс-шаралар өткіздік. Оның ішінде әлеуметтік, қайырымдылық, қоршаған ортаны қорғау, мәдени және жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған кездесулер мен бастамалар бар. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өңірімізде жастардың қатысуымен әр салада еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жүрген жастар туралы «Біздің буын» тележобасы, «Ой дода», «Кім білгір», “Ақыл-ой” интеллектуалды ойындары, “Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы” пікірталас алаңы ұйымдастырылмақ. Бұдан басқа да өнерлі, талантты этнос жастарын қолдауға бағытталған қызықты жобаларды іске асыру жоспарланған, – деді ол.
Белсенді жас Президенттің ел азаматтарын «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақыруы жастарға да зор жауапкершілік жүктейтінін айтады.
– Президент сессия барысында: «Біз әр азаматтың, әсіресе, жастардың бойына тазалық, ұқыптылық, жауаптылық сияқты қасиеттерді сіңіруіміз керек. Біз «Қазақстан — ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы қажет. «Таза Қазақстан», бұл — шынайы отаншылдықтың көрінісі», — деді. Бұл ретте, біз, түркістандық «Ассамблея жастары» Президент ұсынған бастамаларды толық қолдаймыз және осы миссияны нәтижелі орындауға күш саламыз дегім келеді. Жастар – қоғамның ең белсенді, жасампаз әрі инновациялық бөлігі. Кез келген елдің болашағы, әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениеті мен құндылықтары жастарға тікелей байланысты. Біздің көзқарастарымыз, мақсаттарымыз және армандарымыз уақыт өткен сайын жаңарып, қоғамның барлық салаларында жаңа идеялар мен трендтер қалыптастырады. Өңіріміздің жастары еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосуға, артқан сенімдеріңізді ақтауға әрқашан дайынбыз, – дейді З.Ирисматова.