ӨЗГЕРІСТЕР НАҚТЫЛАНҒАН ҚҰРЫЛТАЙ БОЛДЫ

Бұл жолы бесінші рет өтіп отырған Қызылордадағы Ұлттық Құрылтай – өзекті мәселелердің күнтәртібіне шығуымен ерекшеленгені рас. Масс-медиадан оқып, көріп білгеніміздей екі күндік форумда 70-ке жуық Құрылтай мүшесі сөз алып, 200-ден астам ұсыныс ортаға салынған. Бәрі де елдік, өз аймағында болып жатқан қоғамдық мәселелерді талқылағаны анық. Нәтижесінде бүгінгі Құрылтайда халық күткен өзгерістер нақтыланып, Мемлекет басшысы тарапынан баға берілді.
Әлеуметтік-мәдени дамудан бастап, ғылым мен білім саласындағы ауқымды мәселелер айтылды. Бұған дейінгі Ұлттық құрылтайларда айтылған ұсыныстар да назардан тыс қалмаған. Сол ұсыныстардың негізінде елімізде 26 заң қабылданыпты. Осының өзі Құрылтайдың ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғанын айғақтап отыр емес пе?!
Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қолға алынды. Лудоманияға, нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүруде. Ономастика саласындағы жұмыстар ретке келтірілді. Еңбек адамдарының мәртебесі арта түсуде.
«Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал, жан басына шаққандағы үлесі Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды»,- деді Мемлекет басшысы.








