КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАУ: АЗАМАТТЫҚ ҰСЫНЫСТАР ЕСКЕРІЛЕДІ

Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтіп жатыр. Іс-шара конституциялық реформаға байланысты түскен ұсыныстарды талқылауға арналды. Комиссияның жұмысы ашықтық пен жариялылық принциптері негізінде жүзеге асырылып, барлық талқылаулар жұртшылыққа тікелей эфирде көрсетілуде.
Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс түскен, және олардың барлығы арнайы жинақталған кестеге енгізілген. Азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғам үшін маңызды екенін және реформаға деген жоғары қызығушылықты көрсетеді.
Менің ойымша, осындай ашық диалог пен жария талқылаулар қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, әр пікірдің ескерілетініне кепілдік береді.
Комиссия модераторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова атап өткендей, бұл процесс реформаның негізгі қағидатын айқын көрсетеді: конституциялық өзгерістер ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізілуі тиіс.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев: «Конституцияға өзгерістер мемлекет әрекеттерінің болжамдылығы мен дәйектілігін арттырады», — деді. Отырыс барысында Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді таныстырды.







