БОЗ КІЛЕМДЕ БАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ

192

Ұлттық спорт — ұлт келбеті. Ауданда ұлттық спорттың беталысы қарқынды. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың тапсырмасына сәйкес алғаш рет қазақ күресінен «Сауран қырандары» турнирі түндігін түрді. Ұлттық спортты дамыту бағытында ұйымдастырылған турнирге 100-ге жуық түрлі салмақтағы бозкілемде жауырыны жерге тимеген балуандар қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов арнайы қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.

— Ұлттық спорт түрлерін жан-жақты дамытуда жоспарлы тұжырымдама жасалып, жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытудағы іс-шаралар жоспары ауқымды. Сонымен қатар барлық ауылда спорт алаңшалары мен спорт мектептері салынады. Еліміздің атын әлемге танытып жүрген спортшыларымыздың жағдайын жасау біздің міндет. Бүгін міне алғаш рет ұйымдастырылып отырған турнирде де спортшыларымыздың белсенділігінің жоғары екенін көріп отырмын. Балуандарға сәттілік тілеймін,- деді Мақсат Асылбекұлы.

Ауданда ұлттық спорттың жанашырлары көп. Турнирде облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов жүлдегерлерге спорттық киімдер мен қаржылай сыйлықтарын табыстады.

Бұл турнирде Шағалық балуандардың жұлдыздары жанды. 70 келі салмақта Мырзатаев Бақытжан І-орын, Мырзатай Тұрлыбек ІІ-орын, Бұланбай Бағлан ІІІ-орынмен қарсыластарын тізе бүктірді.

Шағалық Молдаш Төребек пен Қалмырза Ердәулет түйе балуан атанды. Майданталдық Тұрсынбай Элдар да түйе балуандардың қатарынан көрінді. Қазақ күресін дамытуға бағытталған «Сауран қырандары» турнирі дәстүрлі түрде өтеді деп жоспарлануда.

 

«Сауран-ақпарат».