«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ-2023» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысында қоғамдағы отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған «Мерейлі отбасы — 2023» ұлттық конкурсы мәреге жетті. Облыста 8-ші рет ұйымдастырылып отырған ұлттық конкурсына 143 отбасы өтініш білдірді. Облыстағы барлық аудан, қалаларда ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 31 отбасы жеңімпаз атанды.
Осыған орай Сауран аудандық мәдениет үйінде аудандық «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Іс-шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тажыбеков пен зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, жастар, ауыл тұрғындары қатысты.
Облыстық байқауға Сауран ауданы атынан екі отбасы қатысып, осы 31 жеңімпаздың қатарына енді. Ауданның намысын қорғап, «Мерейлі отбасы — 2023» ұлттық конкурсының жеңімпазы атанып, жүзден жүйрік шыққан отбасыларға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Байғазыұлы Тажыбеков аудан әкімінің атынан Алғыс хат тапсырды.
— Құрылғанына екі жылдан асқан Сауран ауданында көпбалалы отбасылар басқаларға үлгі болып келеді. Еліміз бойынша ерекше сипатқа ие «Мерейлі отбасы -2023» ұлттық конкурсы сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі бағытта өткізілген байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз. Сауран ауданының намысын қорғаған Шорнақ ауылдық округінің тұрғындары Манашевтар отбасы мен Майдантал ауылдық округінің тұрғындары Бексейітовтер отбасы байқаудың алғашқы кезеңіндегі 31 жеңімпаздың қатарына еніп отыр. «Мерейлі отбасы — 2023» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіне белсенді қатысып, аталған тағылымды шараның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етіп және отбасы құндылықтарын дәріптеуге қосқан үлестері үшін Манашевтар мен Бексейітовтер отбасына Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың Алғыс хатын тапсыруға рұқсат етіңіздер. Бұл дәстүр келер жылдары жаңа қырынан жарқырай көрініп, ауданның үлгілі отбасылары бұдан да биік белестерден көріне береді деп сенеміз, — деді Нұрғазы Байғазыұлы.
Атап өтер болсақ, Бекжігіт Мұратұлы Манашев 1961 жылы Шымкент облысы, Жетісай ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Түркістан қаласы, Шорнақ ауылында Қызыләскер мектебіне барып, оны бітірген соң колхозда жұмыс жасап, жүргізушілікке оқыған. Кентау қаласындағы тау-кен техникумына түсіп, 1986 жылдан бастап колхоз тарағанға дейін Ленинизм колхозында өндіріс шебері болып жұмыс істеген. 1992 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысады. Жұбайы Райхан Полатова екеуі шаңырақ көтеріп, отбасын құрған. Бекжігіт пен Райханның екеуі төрт ұл-қыздан тоғыз немере тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Бекжігіт Манашев жеке кәсіпкерлігін дөңгелентіп, аудан экономикасын көтеріп қана қоймай, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылары мен жалғызілікті жандарға үздіксіз көмек қолын созып келеді. Аудандағы қоғамдық жұмыстарға да белсенді атсалысады. Жеті жылдан бері «Ж.Тәшенов» атындағы жалпы орта мектебінің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Алтын сақа» балабақшасының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы. 2020 жылы аудан халқы тәжтажал індетінен қасірет шеккен кезде әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына 16 тонна көкөніс таратты. Екі жылдан бері Қосмезгіл ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы болып, елдің тұрақтылығы мен дамуы жолында сүбелі қызмет атқаруда.
Райхан Полатова да көп жылдар бойы колхозда жұмыс істеп, Қазақстан тәуелсіздік алған тұста әйелдер арасында тұңғыш рет отбасылық кәсіпкерлікпен айналысты. Төрт жылдан бері «Асыл қазына» әжелер тобын құрып, облыс пен аудан көлеміндегі мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп келеді. Райхан Полатова «Асыл қазына» әжелер тобының қаты-суымен төрт деректі фильм түсірілуіне және жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүрге баулу, елі ішінде көркемөнердің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
«Мерейлі отбасы — 2023» ұлттық конурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы Бексейітовтер отбасының иесі Ержан Бексейітов 1975 жылы Сауран ауданы, Майдантал ауылдық округіндегі Ынталы елді мекенінде дүниеге келген. 1992 жылы Майдантал орта мектебін бітіріп, осы жылы Жамбыл есеп-статистикалық колледжіне оқуға түсіп, 1994 жылы бітіреді. Еңбек жолын өзінің туған жері Ынталы елді мекенінде жұмысшы болып бастайды. Тараз қаласындағы «Минералды тыңайтқыш зауытында» жұмыс атқарған. 2000 жылдан бері Майдантал ауылдық округі, Ынталы елді мекенінде Әйтеке би атындағы жалпы орта мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. 2021 жылы Ержан Құлахметұлы Бексейітов Сауран ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды. Қазіргі таңда аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Ержан Құлахметұлы Ынталы елді мекеніндегі баспанаға мұқтаж екі отбасына төрт бөлмелі екі пәтер салып берді. Игілік елді мекеніне дейін тоғыз шақырымды құрайтын жолдың үш шақырымына тас төсеу жұмыстарын жүргізді. Ынталы елді мекені шетінде орналасқан мазарат жолына тас төсеп, қайырымдылық жұмыстарына белсене араласып келеді. Ынталы елді мекеніндегі аз қамтылған отбасыларға ауыл жастарын ұйымдастырып, әлеуметтік көмек ретінде азық-түлікпен, жылу беру маусымында қысқы отын секілді қажетті заттарын алуға көмектесіп отырады. Ауыл ішінен таудан келетін ағын судан жеңіл көліктер өтетін көпірлер салып, Майдантал ауыл округінің дамуына белсене араласып, жастарды ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеуде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді.
Ержан Бексейітов жары Гүлмира екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Іс-шарада аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Ахметов және ардагер ұстаз Ө.Әшенов, Майдантал ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Б.Ақатов, Сауран аудандық мәслихатының депутаты А.Раматуллаев ізгі тілектерін білдірді.
— Кез-келген адам баласының бойында еліне, жеріне деген шексіз сүйіспеншілікті сіңіретін орта – бұл отбасы. Халқымыздың әлеуметтік жағдайын дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттырумен қатар, мемлекеттің іргетасы – берік отбасы, үлгілі шаңырақтан бастау алады. Жастарымыз жігерлі, ақсақалдарымыз абыройлы болсын, — дейді Сауран аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов.
Іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Ләззат САРЫБАЕВА.