САУРАНДЫҚТАР САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

141

Кеше таңғы сағат 11-лер шамасында Түркістан облысы Сауран ауданында 5-6 баллдық жер сілкінісі орын алып, салдарынан аудан орталығында орналасқан үш қабатты Сауран ауданы әкімі аппаратының ғимараты құлап, ішінен өрт шыққан. Үйінді астында адам қалу фактілері туындады.

Осындай оқиға ойдан құрастырылып, Түркістан облысы, Сауран ауданында «Жер-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті.

Орын алған жағдайға байланысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Түркістан облысы Төтенше жадайлар департаментіне ақпарат беріліп, орын алған оқиға бойынша халықты хабардар ету мақсатында ауданда орналасқан құлақтандыру құрылғылары қосылды. Төтенше жағдайды жою және адамдарды құтқарып эвакуациялау мақсатында, оқиға болған аумақта штаб құрылып, Сауран ауданының аумақтық бөліністері мен жергілікті атқарушы органдары шақыртылды.

Сауран ауданы аумағындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою үшін 12 құрылым 31 дана арнайы техника, 117 адамнан тұратын жауапты сала қызметкерлері тартылды.

Жиынға қатысқан Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Қарабайұлы төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет ету тек қана сала мамандарының ғана емес, жергілікті тұрғындардың да міндеті. Кез-келген уақытта оқыс оқиғаға әзір болу – қауіпсіздігіміздің кепілі. Дегенмен мұндай жағдай болмасын деген аудан басшысы оқу-жаттығу жиынында арнайы техникалардың бірқатары тозығы жеткенін ол үшін алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Осылайша ұйымдастырылған «Жер-2023» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны барысында практикалық түрде азаматтық қорғау қызметтерінің күш құрылымдарының жер сілкінісі салдарын жою, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу іс-шарасы өз деңгейінде өтті.

«Сауран-ақпарат».