ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ КЕДЕН БЕКЕТТЕРІНІҢ ӨТКІЗУ ҚАБІЛЕТІ АРТЫП, ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҚСАРУДА

16

Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің құрылымында 8 кеден бекеті және 2 бақылап-өткізу пункті бар. Атап айтқанда, «Түркістан-КРО-Әуежай» және «Тұран-АЭА» ішкі кеден бекеттері, «Қазығұрт», «Қапланбек», «Б.Қонысбаев», «Атамекен» шекаралық автомобильді кеден бекеттері, «Сарыағаш стансасы» кеден бекеті, сондай-ақ жаяу жолаушыларға, жеңіл автокөліктер және жолаушы автобустарға арналған «Жібек Жолы» кеден бекеті және Мақтарал ауданындағы «Сырдария», «Целинный» бақылап-өткізу пунктері қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда бірнеше кеден бекеттерін қайта құру, инфрақұрылымын дамыту және техникалық жарақтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Стратегиялық маңызы бар нысандарда атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында баяндалды. Жиында кеден бекеттерінің қазіргі жағдайы және бекет маңындағы нысандардың сәулеттік келбеті мен ретсіз орналасқан коммерциялық нысандарды реттеу мәселелері талқыланып, өзекті мәселелерді шешу жолдары қаралды.

Облыс әкімі кеден бекеттері өңірдің келбетін айқындайтын маңызды нысандар екенін атап өтті. Жауапты тұлғаларға инфрақұрылымды жаңғырту, автокөлік қозғалысын жүйелеу, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тапсырмалар берді.

– Жаңғырту жұмыстары жоспарға және стандарттарға сай атқарылсын. Анықталған кемшіліктерді жедел ретке келтіруді тапсырамын. Кеден бекеттерінің аумағындағы заңсыз нысандарды реттеу бойынша заң аясында нақты шара қабылдауды тапсырамын. Жұмысты жүйелеңіздер, сонда нәтиже болады. Тапсырмаларды немқұрайлы орындаған басшылардың жауапкершілігі қаралады, – деді Нұралхан Көшеров.

Жиында Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тұрысов кеден бекеттеріндегі атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы баяндады. 2023 жылдың ақпан айында «Атамекен» кеден бекетінің қайта құру және жаңғырту жұмыстары басталған. Жобаға сәйкес, нысанның аумағында жол жолақтарының саны екіден алтыға дейін кеңейтілді. Қайта құру жұмыстарынан кейін нысанның өткізу қабілеттілігі ұлғайып, тәулігіне 1 мың автокөлік және 12 мың жеке азаматты өткізу мүмкіндігі пайда болады.

Сонымен қатар 2022 жылдың желтоқсанынан бастап «Қапланбек» кеден бекеті қайта құру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты уақытша жабылған. Нәтижесінде, нысанның аумағы екі есеге дейін ұлғайып, өткізу қабілеттілігі тәулігіне 1 мың автокөлік және 10 мың жеке азаматқа дейін жетті. 2025-2026 жылдары «Жібек Жолы» кеден бекетінің қайта құру жұмыстары жүргізілуіне байланысты жұмысы уақытша тоқтатылып, жеке жолаушылар ағынын, жеңіл автокөліктерді және жолаушылар автобустарын өткізу үшін 2025 жылдың қаңтарынан бастап «Қапланбек» кеден бекеті қайта іске қосылған. «Жібек Жолы» кеден бекетінің толық қайта құру және техникалық жарақтандыру жұмыстарын биыл аяқтау көзделген.

2023 жылдың ақпан айынан бастап «Қазығұрт» кеден бекетінің қайта құру және жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаға сәйкес, кеден бекетінің аумағында жол жолақтарының саны екі жолақтан алты жолаққа кеңейтілген. Аталған нысанның аумағы екі есеге дейін ұлғайтылып, тәулігіне 1 мың автокөлік және 10 мың жеке азаматты өткізуге мүмкіндік туды. Жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан нысандарда кедендік бақылаудың заманауи техникалық құралдары орнатылған.

Кеден бекеттерінің аумағында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. «Қазығұрт» кеден бекетіне баратын жол бойында шамамен 1 гектар аумақта жеке көлік тұрағының құрылысы аяқталып, кезегін күтіп тұрған жүк автокөліктеріне арналған автотұрақ ашылды. Қызметті жетілдіру мақсатында «DAX Cargo» бағдарламалық жасақтамасы дайындалып, пилоттық режимде іске қосылмақ.

Жиын барысында Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тарту Байтұрсынов заңсыз құрылыстарға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. Сонымен қатар Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов Түркістан облысы мен Өзбекстан шекарасында орналасқан кеден бекеттері аумағын реттеу және сәулеттік келбетін жақсарту бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, Сарыағаш қаласы мен Жібек жолы елді мекенінің бас жоспарлары және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленуде. «Қазығұрт» бекеті аумағын ретке келтіру бойынша ұсыныс жобасының эскизі әзірленіп, бірқатар заңсыз нысандар бойынша тиісті шаралар қабылдануда. «Капланбек» өткізу пунктінің аумағын кезең-кезеңімен абаттандыру және жолды кеңейту жоспарланған. Сонымен қатар «Б.Қонысбаев» шекаралық көлік өткізу пунктіндегі көлік қозғалысын реттеу мақсатында жеке инвестор тарапынан сервистік нысандар салынбақ. Мақтаарал ауданындағы «Атамекен» бекеттерінде көлік кептелісін азайту үшін инвесторлар есебінен автотұрақтар және сауда-логистикалық орталықтар салу көзделуде.

Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы облыс басшысының қатаң бақылауында болады.