ШАРДАРАДА ТАҒЫ БІР МҰҚТАЖ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Шардара ауданында адам тағдырына бейжай қарамайтын, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі бастамалар жүйелі жалғасын табуда. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев бастамасымен тағы бір мұқтаж отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді.
Бұл — тек бір отбасының үйлі болуы ғана емес, ел ішіндегі жанашырлық пен бірліктің, мейірім мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған әлеуметтік мемлекет қағидаттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» және «Қайырымдылық туралы» заңдарының талаптарына сәйкес, Шардара ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау — аудан басшылығының басты назарындағы маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі.
Осы ретте тұрғын үйге аса мұқтаж Далбакова Гүлназ Жолдашбайқызының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жан-жақты зерделеніп, оның нақты көмекке мұқтаж отбасы екені анықталды. Нәтижесінде қайырымдылық пен әлеуметтік қолдау аясында жаңа баспана сыйлау жөнінде игі шешім қабылданды.
Аталған қайырымдылық іс-шарасы Шардара өңіріндегі спорт саласының қарашаңырағына айналған «АРМ спорт» клубының 25 жылдық мерейтойы мен Ұлы Отан соғысының ардагері Роман Қарсыбайұлының құрметіне арналған қол күресінен XXVIII облыстық турнир аясында ұйымдастырылды. Елдік пен ерлікті ұлықтаған тағылымды іс-шара тек спорт мерекесімен шектелмей, шынайы ізгіліктің үлгісіне айналды.
Айта кету керек, бұл тұрғын үй мемлекет бюджетінен емес, демеушілік әрі қайырымдылық қаражаттары есебінен сатып алынды. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары «Tungush Group» ЖШС-нің қолдауымен алынған баспананың кілтін аудан әкімі салтанатты түрде табыстап, жаңа қоныс иелерінің қуанышына ортақтасты.
Салтанатты сәтте баспаналы болған отбасы аудан басшылығына және қайырымдылық көмек көрсеткен «Tungush Group» ЖШС ұжымына шынайы алғыстарын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді. Жаңа шаңырақ иелерінің қуанышы көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Шардара ауданында алдағы уақытта да мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері арасындағы өзара ынтымақтастық нығайып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған осындай игі істер жалғасын таба бермек.








