Ордабасы — үш жүздің басын қосқан тау

1487

Ордабасы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы таулы өңір. Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланды. Бұл жиын-қазақ елі тарихындағы аса ауыр сын кезінде, халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, жүрекке жігер, бойға қуат беріп, алдағы ұлы шайқастарға бір­тұтас ел болып аттанудың тағдырын шеш­кен аса маңызды оқиға болып саналады. Осы кезден бастап-ақ, ол киелі, әулиелі жер саналып келеді. «Күлтөбенің басында күнде жиын»-деген сөз сол заманнан қалған.

Сол жолы біртұтас қазақ әскері құрылып, Бас қолбасшы сайланды. Батырлығы, әдіс-айласы, соғыс тәсіліне жетіктігімен танылған кіші жүз ханы Әбілқайыр — үш жүздің біріккен қазақ жасағына Бас қолбасшы болды. Ордабасыдағы сол баталасу — бәтуәлі болды. Қазақ жеңіске жетті. Жоңғардан ел азат етілді. Одан кейін де ұлт басына талай нәубет төнді. Қазақ талай мәрте қару ұстап, атқа қонды. Ұзақ жүріп, тайталаспен, жанталаспен жүріп, Тәуелсіздікке де ие болды. Ордабасы тауы-қазақ елі үшін береке-бірліктің бастауы іспетті.  Бұл тауға зиярат етушілер Жаратушы Құдіреттен: «Еліме, жұртыма, әулетіме, отбасыма береке-бірлік бер, заманымыз тыныш болсын, өміріміз бейбіт болсын», – деген тілек тілеп барады.

Ордабасы тауының шыңында монумент көрініп тұр, бұл сол батырлық жылдар жайында еске түсіретін 28 м биіктіктегі стела. Үш қырлы стела ақ мәрмәрден жасалған тақталармен қапталған. Оның әр қыры Қазақстанның әр шетіне бағытталған сияқты: Сырдария жағына – батыста, Қаратау тауларына – солтүстікте, Қазығұрт тауларына — оңтүстік-шығыста. Стеланың әр қырында үш ұлы бидің айтқан сөздері жазылған тақтайшалар бар. Бұл жер қазақ халқының тарихи, мәдени және рухани көрікті жері ретінде белгіленуі тиіс.

bilim-all.kz.